БҮРКІТШІЛЕР ЖАРЫСЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 26.11.2017
Оқылды: 2002
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өңірімізде өткен "Жалайыр Шора" бүркітшілер мектебінің 30 жылдығына арналған "Саят" ұлттық спорт түрлері бойынша "Сонар-2017" бүркітшілер сайысы өз мәресіне жетті. Ұлттық болмысымызды ұлықтаған дода Ескелді ауданы, Сырымбет ауылы "Тау-Жетісу" демалыс аймағында айшықталды. 

 

Жарыс Қазақстан Республикасы рәміздерінің 25 жылдығы және "Жалайыр Шора" атындағы құсбегілер мектебінің 30 жылдығына арналды. Дода бүркітшілер және қаршығашылар арасында өрбіді. Бүркітшілер арасында өткен жарыста  астаналық Серікбол Күнтуған І-орынды қанжығаласа, Атырау облысынан келген Арман Қошқаров ІІ-орынды, ал Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы ІІІ-орынды иеленді. Алматы облысының абыройын қорғаған Абзал Әбен VІ-орынды қанағат тұтты. Қаршығашылар арасында өткен жарыста жерлестеріміз Бексұлтан Сейтжан І-орынды, ал Ренат Мырзабаев ІІ-орынды иеленді. Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан ІІІ-орынға табан тіреді. Жеңіске жеткендердің барлығын марапаттап, ақшалай сый-сиапат жасады.

Айта кетерлігі, 100-ден астам құсбегі қатысқан бұл додода Қытай және Монғолия елдерінен келген бүркітшілер де бақтарын сынады. Барлық қатысушылар құсбегілердің басын қосып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген  "Қыран" федерациясының президенті Нұрлан Өнербай,  "Жалайыр Шора" атындағы құсбегілер мектебінің басшысы Бағдат Мүпеқызы мен жарысың өтуіне ұйытқы болған Алматы облысы әкімдігіне алғыс айтты. Шарада тек құсбегілік өнері ғана емес  жамбы ату, асау үйрету, қыз қуу сынды бірқатар ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өтті.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.