Дала академигі

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1676
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жерінің жаһанға аты мәшһүр болып танылуына, елді мекеннің гүлденуіне, көркейіп, өркендеуіне қажыр-қайратын салып, өмірін арнаған дара тұлғаның бірі – Нұрмолда Алдабергенов. Биыл Нұрмолда атамыздың өмірден өткеніне 50 жыл болса, туғанына 110 жыл. Осыған орай Көксу ауданында Нұрмолда Алдабергеновті  еске алуға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. 

ЗАҢҒАР ТҰЛҒА
Іс-шара Нұрмолда Алдабергенов негізін қалап, өмірінің соңғы демі таусылғанша қызмет істеп, кейін өзі мәңгілік бесік еткен Мұқыры ауылы маңындағы зиратына барып, Құран бағыштап, гүл шоғын қоюмен басталды. Ел ағалары азды-кем естеліктерімен бөлісіп, жылы тілек-лебіздерін айтты. Жиналғандар арасында қос Халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов пен театр және кино актері Нұржұман Ықтымбаев сияқты халық ықыласына бөленген өнер адамдары да болды. 
– Заманында елім деген азаматты, бүгінде ерім деп ұрпақтары, халқы ардақ тұтып жатыр. Нұрмолда асыл азамат еді. Оның жасап кеткен істері мен еңбегі бүгінде көпке үлгі. Жақсылық жасаудың шебері еді. Қазақы бояуын жоғалтпаған жан болатын, – деп еске алды Нұрғали Нүсіпжанов. Осы тұста Зейнолла Әкімжановтың «Заңғар» атты өлеңіндегі:
Дарадай дана тұлғамен,
Асқақтап, асып туған ең.
Алаштың заңғар ұлына,
Басын бір иген күллі әлем.
Тұлпардай баптап тұмарлап,
Балаған дара шынарға-ақ.
Атағы кетіп шығандап,
Таңдап бір қонған шығар бақ!
Бас иіп Алаш жатқанда,
Орнында жатыр бір аунап, – деген шумақтары ойға оралады. 

ЕЛ ОЙПАҢЫ БІЛІНБЕС
Аудан орталығы Балпық би ауылында орналасқан аудандық Мәдениет үйінде арнайы кеш ұйымдастырылды. Кештің басы Нұрмолда Алдабергеновтің ақын-импровизатор Қалқа Жапасарбаевпен жолығып, ауыл жайлы, ел турасындағы әңгімелерінен дайындалған Мұқыры ауылдық халық театры әртістерінің қойылымынан басталды. Ағалы-інілі Нұрмолда мен Қалқаның өмірі сыйластықтың асқақ үлгісін көрсетті. Екеуінің сөзін бөліп, алыс Алматыдан ат терлетіп келген тілшілерді ыстық ілтипатпен қарсы алып, іргесін қалап жатқан жаңа ауылдың әр көшесіне тоқталып, таныстырған сәті де айрықша шықты. Қызметімен құттықтап, азды-кем сұхбаттасып алуға келген тілші Досовқа – Мынау көшенің аты – Мұсабек Сеңгірбаев. Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше ерлік көрсеткен 28 панфиловшы батырдың бірі, өзіміздің жерлесіміз, – деп ұйымдастырушы Нұрмолданың шаттана таныстыруын әсерлі жеткізді. Қойылымнан кейін қадірлі қонақтар кезек-кезек сөз алып, Нұрмолда ақсақал туралы жылы пікірлерін білдіріп, ерекше қырларын ашып, шебер ұйымдастырушылығына тоқталды. 
Көксу ауданының әкімі Алмас Қабдылұлы Нұрмолда Алдабергеновтің өміріне шолу жасай келіп: – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – ұлт тарихындағы жаңа бір белес, ерекше жаңалық. Бұл жоба талай іс-шараларға екінші дем беріп, түрлі әдеби, мәдени кештердің ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Осындай іс-шараны ұйымдастыруға ауданымыздағы барлық ауыл атсалысты. Әлі де ата рухын ардақтап, түрлі шараларды ұйымдастыратын боламыз, – деп сөзін түйіндеді. Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан табар кемеңгерді», – дегеніндей, Көксу ауданының тұрғындары өз ұлдарын айрықша ұлықтады. Осындайда Қабылиса бабамыздың «Жер ойпаңы білінбес, ебін тауып үй тіксе. Ел ойпаңы білінбес, еліне сай ұл туса», – деген қанатты сөзі ойымызға келеді. Жиналғандарға Алдабергеновтің әр ісін тізбектеп айтып, оны жеткізе білген облысымыздың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбайұлының мінбедегі баяндамасы ерекше әсер сыйлады. «Үш бәйтерек» қорының төрағасы Наурыз Қылышбайұлы «Нұрмолда» медалін Ескелді ауданының әкімі Бағлан Танекенов пен Көксу ауданының әкімі Алмас Әділдің төсіне қадады.  
Мәдениет үйінің ішінде Нұрмолда Алдабергеновке қатысты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Ол жерден Наурыз Қылышбаевтың «Нұрмолдасы» (2007), Сұлтан Ілиясұлының «Өмір белестері» (2010) мен «Арпалысы» (2003), Ұзақбай Доспанбетовтың «Шың мен шыңырауы» (2009), Құттыбек Баяндиннің «Нар тұлғасы» (1996) қойылған. Одан бөлек Еңбек Ерінің әскери, мүшелік билеттері және тағы басқа әртүрлі құжаттары сөреден орын алған.    
Ескелді және Көксу аудандарының ақсақалдары қолдау көрсетіп, мемлекеттік қызметкерлер ұйымдастырған шара ұрпақ барда ердің ел алдында ұмытылмайтындығын дәлелдеді. 

Серік ҚАНТАЙ