Қара шаңырағым

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1422
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әр қазақтың жүрегінде қара шаңырақ деген киелі ұғым бар. Мейлі, ол өзі түлеп ұшқан үй болсын, мейлі, ол алғаш сауат ашқан білім ордасы болсын, әйтеуір осынау ұлы ұғымды көңіл түкпіріне құндақтап сақтап қояды.

Қазақтың данышпандығы қандай десеңізші, әр перзенттің көкірегіне қара шаңыраққа бас иіп, соңғы демі қалғанша құрмет көрсетіп жүруді ұялатып қойған! Ішінде жүрсе өзін жайлы сезініп, бақыт бесігінде тербелгендей күй кешеді. Ал алыстап кетсе сағынып, іштей тілектестік танытады. Келер жылы ғасыр тойын атап өткелі отырған «Жетісу» газеті жайлы жазарда менің санамда үнемі қара шаңырақ ұғымы менмұндалайды.
Иә, «Жетісу» – менің қара шаңырағым. Шығармашылығымның ең биік белесі осы абыз басылыммен сабақтасып жатыр. Ең алдымен, газеттің ұжымын сағынып тұрамын. Өйткені, мұнда бір-біріне жанашыр, бір-біріне шын тілекші, әрқашан азаматтығын жоғары қоятын ізгі жандар жұмыс істейді. Әдетте, көңіл пернесін дәл баса алмасаң, шығармашылық адамдары – қалам ұстаған журналистер қауымы қиқарланып, одан қалса, қызғанышпен бір-бірін аяқтан шалып жатады емес пе?! Жоқ, бұл газетте пендешіліктен парасат басым, қызғаныштан адами құндылық жоғары. Адал қызмет пен асыл қасиеттің ара-жігін ажырата алмай, қызыл кеңірдек болып жататын қызметкерлер мұнда атымен жоқ. Газетте басшылық жасаған жарқын жылдарым осы сөзіме дәлел.
Аптасына үш мәрте қолыңызға тиетін әдемі газеттің артында қаншама адам тұрғанын былайғы оқырман қайдан білсін? Басылым бетіндегі әрбір тақырыпқа, әрбір суретке, әрбір әріпке маманның маңдай тері тамған, көзі майы төгілген. Газет редакциясы мен үшін журналистиканың үлкен мектебі, азаматтықтың алтын табалдырығы әрі бірлік пен береке қонған ыстық ұя.

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.