Ақсудан шыққан ақ шекер

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1186
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күз де аяқталуға таяды. Бұл еңбек науқанының саябырсып, жаз бойы төгілген тердің жемісін көретін шақ. Тәтті түбір өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, барынша тиімді пайдалануға тырысты. Қант қызылшасын қабылдап, одан дайын өнім шығаратын кәсіпорындар да сақадай-сай жұмыс істеп тұр. Соның бірі – «Ақсу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Он жылдық үзілістен кейін қайта жаңғыртудан өткізіліп, сәтті іске қосылған бұл кәсіпорынның бүгінгі беталысы жаман емес. Әрі ол жергілікті тұрғындардың көптен күткен қуанышына айналып отыр. 

Оған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ осы зауытқа арнайы барып, ондағы қызу тірліктің куәсі болып, қызылшадан алынған алғашқы қанттың дәмін татып көргені дәлел.
Кәсіпорын табалдырығын аттамас бұрын Ақсу аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амантай Айтбаев елге тигізер пайдасы мол игілікті істердің жүзеге асырылуына септігін тигізіп, жақсы істің жаршысы болып жүрген ел ағаларына көпшілік атынан ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Бұдан соң Амандық Ғаббасұлы бастаған лауазымды топ Ақсу қант зауытына бас сұқты. Онда алдымен аталмыш өндіріс орнының атқарушы директоры Сәкен Мұратов қайта жаңғыртудан өткізілген кәсіпорынның жоба-жоспарларымен таныстырып, өркендеу жолдарын әңгімеледі. Белгілі болғандай, бүгінде қызылша өңдеу мен қант шығару жұмыстарының жүйесі іске қосылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тоқтамай, қосалқы өндірістері кезең-кезеңмен жаңғыртылатын болады. Осылайша зауыттың өндіріс қуаты артып, бірте-бірте жанданбақ. 
Келесі кезекте облыс басшысы өндірістегі іркіліссіз жүріп жатқан тіршілікті көрді. Мұнда зауыттағылардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалғаны бірден аңғарылды. Тіпті, олардың бір мезгіл тынығып, демалуы үшін кәсіпорын ішіне кішігірім субұрқақ та орнатылыпты. Онда тірі балықтар жүзіп жүр. Байқағанымыздай, зауыттағы жұмыс негізінен озық қондырғылар мен білікті мамандардың күшімен автоматты түрде жүзеге асырылуда. Жаңа жүйеде жұмыс атқарып тұрған кәсіпорынға қомақты қаражат құйылып, құрылғылардың басым бөлігі жаңаланып, жаңғыртылған. Бір сөзбен айтқанда, зауыттың бүгінгі тірлігіне көңіл марқайды. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізілген шикізат арнайы құрылғылардың көмегімен жуылып, шайылып, туралып, дайын өнімге айналып жатыр. Сөйтіп, қапталып, қатталып, тиісті орындарға жөнелтілуде. Облыс басшысы сол жерде жұмысшылармен тілдесіп, қал-жағдайларын білді. Олар да жұмыс тауып беруге мүмкіндік туғызып отырған ел атқамінерлеріне өз тараптарынан шексіз алғыстарын жеткізді. 
Амандық Ғаббасұлы бұдан соң ақ қантты алақанына салып, дәмін татып көрді. Журналистерге  сұхбат беріп, қант қызылшасы өндірісін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, жеткен жетістіктерді, осы бағытта Үкімет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды және алдағы уақытта да орындалуы тиіс шаруалардың мол екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындау мақсатында әлі де күш жұмсалатынын, төл дақылдың қадірін қашырмай, алқап көлемінің одан әрі ұлғаятынын сөз ете келе, мемлекет қолдауы мен жергілікті атқарушы орган және инвесторлардың бірлесуімен атқарылған тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде он жылдан бері тоқтап тұрған қант зауытының іске қосылып, көпшілік қуанышының еселенгенін, алдағы үш жылда зауыт толық жаңғыртылып, ескірген құрал-жабдықтар жаңа, озық үлгідегі, жоғары технологиялы жабдықтармен ауыстырылатынын, құрал-жабдықтардың біраз бөлігінің қазірдің өзінде сатып алынып, зауыт қоймасында сақтаулы тұрғанын әңгімеледі. 
Бұдан әрі сөзін сабақтаған Амандық Ғаббасұлы: «Өңірде екі қант зауыты жұмыс істейді. Олар Көксу және Ақсу ауданында. Екеуі бірігіп жыл сайын бес жүз мың тоннадан аса қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты шағын зауыттар салу да ойластырылуда. Бүгінде біз облыстың жылына шамамен 35 мың тонна қантқа деген сұранысын қамтамасыз ете  аламыз. Республиканың сұранысы туралы айтатын болсақ, бұл бағытта біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мультипликативтік тиімділігін беретін осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», – деді.
Зауыттың байырғы әрі тәжірибелі маманы, бас инженер  Владимир Юшков та өз ойымен бөлісті. Ол зауыттың қайта іске қосылуы көптен күткен қуаныш әрі осындай жағдай жасап, талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашып отырған ел басшыларына деген алғысының шексіз екенін, ендігі кезекте сапалы өнім шығарып, осы бағытта  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтып, ризашылығын білдірді.


БИЫЛҒЫ МАУСЫМДА

80-100 мың тоннаға дейін қант қызылшасы өңделіп, 6 мың тон­на қант алу көз­деліп отыр. Кәсіпорында қа­зір 2 мың тон­на шикізат өң­деліп, алғашқы қант алын­ды.

ӨНДІРІС ОРНЫНДА

қазір 500 адам жұмыс іс­тейді. Кәсіпорынның іске қо­сылуы нәтижесінде ау­дан­да жұ­мыс­­сыздық деңгейі 5,7 пайыз­­- дан 4,7 пайызға тө­мен­деді.

КӘСІПОРЫН ТӘУЛІГІНЕ

2,5-3 мың тонна ши­кі­зат немесе жылына     32 мың тонна қант шы­­ғаруға қау­қарлы.


Айгүл Байбосынова
Ақсу ауданы.