ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ ІСТЕР

Уақыты: 28.11.2017
Оқылды: 1335
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Іле ауданы мен Қапшағай қаласы әкімдерінің есебі тыңдалды. Онда аталған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша он ай ішінде атқарған жұмыстары сараланып, алдағы жылы жүзеге асырылатын іс-шаралары пысықталды.  

 Алдымен Іле ауданының әкімі Қыдыркелді Медеуовтың есебі тыңдалды. Қыдыркелді Өміржанұлының айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы барлық салада тұрақты сақталған. Он айда 201 млрд. теңгеге өнеркәсіптік өнімдері өндіріліп, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін ірі өндіріс орындарының есебінен біршама өспек. Он жеті өнеркәсіптік нысандар пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұрған оннан аса кәсіпорын кеңейтілген. Нәтижесінде бес жүзден аса жаңа жұмыс орындары құрылып, талай адамның еңбекпен қамтылуына жол ашылған. Ауылшаруашылығында да өркендеу бар. Мәселен, бұл саладағы жалпы өнім көлемі 67 млрд. теңгеге жетсе, 2018 жылы 73 млрд. теңгеден аспақ. Төрт түлік мал басы өсіп, күзгі жиын-терін науқаны ойдағыдай аяқталған. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін отыздан аса кәсіпорындарда жыл аяғына дейін 42,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілмек. 
Жыл басынан бері тоқсан тоғыз жеке қосалқы қожалықтарын тарта отырып, төрт ауылшаруашылығы кооперативі құрылған. Алдағы жылы «Береке» индустриалды аймағында ет комбинаты және картоп өңдеу зауытының құрылысы басталады. Ауылшаруашылығын өрістету үшін «Бақ-Дәулет» ауылдық несиелік серіктестік арқылы 12 ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 106,3 млн. теңге несиеге қол жеткізіпті. Пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес және ол үнемі бақылауда. Ветеринарлық іс-шараларды жүзеге асыру бағытында бюджеттен қомақты қаражат қарастырылып, бүгінде оның басым бөлігі игерілген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46,6 млрд. теңгені құраған. 
Құрылыс жұмыстарының көлемі де артып, 60,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облигациялық қарыз есебінен 60 пәтерлі несиелік баспананың құрылыс жұмыстары аяқталып, Өтеген батыр ауылында 50 пәтерлі несиелік үйдің құрылысы басталған. Бүгінгі күнде келесі жылға өтпелі екі 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй жобалануда. Тұрғындар сапалы ауызсумен жүз пайызға қамтылған. Білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру, спорт, мәдениет саласы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да ретімен жалғасуда. Бір сөзбен айтқанда, елге тигізер пайдасы мол игі қадамдар келесі жылы да жалғасып, өңір дамуына оң әсерін тигізбек. 
Келесі кезекте Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековтың есебі тыңдалды. Талғат Қанатұлы алдымен қала тұрғындары санының жыл сайын өсіп, демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм, тағы басқа салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Әкімнің сөзінше, мемлекеттік бюджетке 13694,0 млн. теңге көлемінде қаражат түскен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы өсе түспек. Негізгі капиталға 19,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғарылаған. 
Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі он айда 44,7 млрд. теңгені құраған. Өңдеуші өндіріс өнімдерінің көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, 10,1 пайызға артқан. Инвестициялық жобаларды іске асыру және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының есебінен екі жүзден аса жұмыс орындары құрылған. Ауылшаруашылығында 10,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 102,0 пайызды құраған. Бүгінде қала экономикасын өркендету бағытында шағын кәсіпкерлікті дамытып, туризм саласын жандандыруға ерекше көңіл бөлінген. Қала адамдары санының өсуіне байланысты тұрғын үй салу жұмысы кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Осы ретте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2,8 млрд. теңгеге төрт жоба жүзеге асырылған. 
Сондай-ақ, шаһарды жылу,  су және газбен жабдықтау, автокөлік жолдарын жөндеу бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар ретімен жалғасуда. Алдағы уақытта білім саласы бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде «Балапан» бағдарламасын іске асыру үшін 65 орынды екі жекеменшік балабақша ашу көзделген. Сондай-ақ,        Ы. Алтынсарин атындағы нөмірі бірінші орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Аталған бағдарламаны іске асыруда келесі жылы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 97,9 пайызға қамтылмақ. 
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы бойынша биыл 2542 аса жаңа жұмыс орындарын ашу көзделсе, бірінші қарашаға дейін соның 2144-і құрылған. Өткен жылға қарағанда, жұмыссыздар саны біршама азайып, келесі жылы да жұмыссыздық деңгейі төмендемек. Алдағы уақытта өнеркәсіп, ауылшаруашылығы өнімдерінің, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың, меншікті кірістер көлемін арттыру және мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқытумен толық қамту, жұмыссыздар санын азайтып, жаңа жұмыс орындарын құру істері жандана түспек. 
Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы ой қорытып, өңір экономикасын көтеру бағытындағы жұмысты одан әрі өрістету үшін нақты тапсырмалар жүктеді.

Айгүл Байбосынова