ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНДЕ 100 НЫСАН АШЫЛАДЫ

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 1113
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАРДЫҢ қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз конференциясы өтті. Онда 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай облыста өтетін игі шаралар сөз етілді.

 

Журналистермен болған басқосудың әлқиссасында Жақсылық Мұқашұлы желтоқсан айындағы қос мерекенің ел үшін қастерлі екендігін атап өтті. Сонымен қатар, қос мереке айшығы ретінде 700 іс-шара ұйымдастырылатындығын, 100 әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылатындығын баян етті.

Одан кейін Президент күні мерекесі қарсаңында өтетін шараларға тоқталды. Бұл күні облыста 350 игі бастама орын алмақ. Оның ішінде 5 мектеп, 30 учаскелік полиция бекеті, дәрігерлік амбулатория және жекеменшік, мемлекеттік әріптестікпен іске қосылатын балабақшалар ашылып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Соның ішінде, Елбасының кіндік қана тамған  Шамалған ауылында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылатындығын ерекше атап өтуге болады. Бұл Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы, ержетуі, еңбекке, билікке араласуы, Қазақстанның тәуелсіздігін алуы және оны Ұлт Көшбасшысының әлемдік деңгейге көтеруінен сыр шертетін бірегей кешен болып табылады.

Міне, осындай жайдарман жаңалықтармен бөліскен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар басқосу барысында журналистердің сауалына жауап бере отырып, ақпарат айдыны өкілдерін Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.