БІТІМГЕРШІЛІК БЕСІГІ

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 1191
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алғаш жаралған күннен адамзаттың бойында қалыптасқан асыл қасиеттің бірі – аразды татуластыру, алысты жақындату, сынықты бүтіндеу. Осынау қастерлі ұғым халқымыздың тұла бойына сыналап сіңгені соншалық, бір-бірін өкпеге қиған екі ер-азаматты қонаққа шақырып, дастарқан басында жарастыру бұлжымас қағидаға айналып кетті. Мұндай қадам шалғайдағы ауылдан бастап, миллионнан астам тұрғыны бар ірі қалаларға дейінгі аралықты қамтиды. Қазақ халқының осындай игілікті ісін халықаралық деңгейге шығару, әлемдік аренаға қолдану Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына бұйырған бақ екен. Оған Астанадағы Сириядағы бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында өткен бітімгершілік келіссөздері дәлел.

Биыл жыл басынан басталған келіссөздер көпшіліктің көкейіне үміт отын салып, Араб түбегіндегі ел-жұрттың тынышын алған соғыс өртінің толастауын мақсат тұтты. Сондықтан да болар, алғашқы отырысқа қатысқан сириялық оппозиция өкілдері Астана саммитінің нәтижесіне сенімсіздік білдіріп, бітімге шақырған алғаусыз көңілді лайлағаны рас. Алайда Ресей мен Түркия, Иран мен АҚШ мемлекеттері әскер кіргізіп, лаңкестер құрған ИГИЛ ұйымының күлін көкке ұшырғанда Сириядағы оппозиция қосыла қадам жасауға кірісті. Шындығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған келіссөздер соғыс өртінің тұтанбауын қалаған-ды. Өйткені өзекті мәселені кеңес ету, түйінді ақылдаса шешу, тығырықтан шығуға ақыл қосу, барлық тараптарға лайықты шешімді бірлесе қабылдау – жалпы адамзаттық қадам. Кез келген мемлекет арада туындаған мәселені көршілес елдермен келіссөз арқылы шешеді. Яғни кеңесті жерде келісім бар. Осыны жақсы білетін Қазақстан Президенті соғыс өртінің толастауы үшін араздасқан елдердің басшыларын бір үстелдің басына жинай білді. Бірақ аймақтағы тыныштықтың орнауын қаламағандар Астана саммитінің алғашқы отырысында келіспей кеткені көз алдымызда. Соның кесірінен бейбітшілікті ту еткен қарапайым халық зардап шекті, сан мыңдаған босқын Еуропа елдеріне қарай ығысып, үркіншілікке тап болды. Мыңдаған жан жазықсыз жапа шекті, мыңдаған адам қыршынынан қиылды. Талай сәби әке-шешесіз тұлдыр жетімге айналды, қаншама ата-ана жауқазындай желкілдеген жеткіншегінен айырылды. Түзу көшелі кенттер мен тас қабырғалы қалалар үйіндіге айналды. Шырайлы шаһарлардан тіршілік қашып, бір кездері қыз-қыз қайнаған ғимараттар азынаған желдің дәлізіне айналды. Аспаннан өздігінен ұшатын құрылғылар берген мәліметке орай жасалған артиллериялық соққының екпіні айналасын тып-типыл қылып, лаңкестікті ту еткендердің пиғылы аяққа жаншылды. Мұздай қару асынған қалың әскердің толассыз шабуылы қара ту көтеріп, жастарды адастырған ДАИШ ұйымын мақсатынан айырды, бағытынан тайдырды. Соған орай адасқанын, қателескенін айтып: «Жаздым, жаңылдым», – деп Башар Асадтың билігіне бас ұрушылар бір шетке шықты ығысып. Ақыры Ислам мемлекетін құруды көздеп, шынайы Исламға қара күйе жаққандар жеңілді. Ең сорақысы солардың көбі маңайдағы елдер арқылы әлемге таралып кетті. Оны жасырып, жапқанмен зардабын қалқалай алмаймыз. Өткен аптада Мысыр мешітінде болған жарылыс соңын жалғасындай көрініп кетеді.
Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен жеті кездесуге қатысқан мамандарға ризашылық білдіріп, кеңестің өтуіне қолдау білдірген тараптарға рахмет айтты. Сириядағы соғыс өртінің толастауы үшін күш біріктірген мемлекеттер Ресей, Түркия және Ираннан келген Александр Лаврентьев, Онал Седат, Джабери Ансари, аймақтағы соғыс тәсілдеріне бақылау жасаған АҚШ, Иордания сияқты мемлекеттер мен Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды халықаралық бірлестіктен қатысқан Дэвид Саттерфилд, Уасфи Тель, Стругар Милош сынды қайраткерлерге Қазақстан Республикасының Президенті жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Сіздердің жұмыстарыңыз әлем жұртшылығының назарында. Қаза тапқандар мен босқындардың өте көптігі барша адамзат үшін үлкен шығын. Ресей және Түркия Президенттерінің сұрауы бойынша Қазақстан келіссөздер жүргізу үшін Астанадан арнайы орын бөліп отыр. Осы жиынның нәтижелі болатынына үміттіміз, – деген Мемлекет басшысы келіссөздерге қатысушылардың еңбегін жоғары бағалады. – Сіздер бірнеше аймақта соғыс өртінің кеңінен таралуының алдын алдыңыздар. Соның арқасында алдағы уақытта бірлесе қимылдаудың тетіктері қарастырылып, жергілікті халыққа берілетін гуманитарлық көмек жақсарды. Енді соғысты мүлде тоқтатуды қарастыру керек. Кез келген келіссөз, диалог болашаққа жасалған қадам болмақ. Бәріміз де бұл мәселенің бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз. Егер барлық мемлекеттердің күшін біріктіріп, ортақ тоқтам жасамаған жағдайда лаңкестікті жеңу мүмкін емес. Сол үшін келісімдердің жалғасуына күш саламыз.
Кездесуде сөз алған Астана келіссөзіне қатысушы-мемлекеттер делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьев тараптардың бір келісімге келуіне ықпал жасаған Елордаға ырзалығын жеткізсе, Түркия делегациясының басшысы Онал Седат Астана келіссөздерінің маңыздылығына тоқталды. Ал Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джабери Ансари лаңкестікпен күресті жалғастырудың маңыздылығына назар аудартса, бақылаушы елдердің өкілдері Сирия қақтығысын бейбіт жолмен реттеу үдерісіндегі Қазақстанның, Елбасының рөлін жоғары бағалады. БҰҰ-ның бас эксперт-кеңесшісі Стругар Милош БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде белсенділік танытқан елімізге рахмет айтып, Сирия мәселесіне байланысты саяси шешім қабылдаудың маңыздылығын жеткізді.

Міне, халықаралық деңгейдегі мәселелердің талқылауына тікелей қатысатын мамандардың пікірі осындай. Одан бөлек, Ресей, Түркия, Иран елдерінің Президенттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтағы тыныштықтың, тұрақтылықтың, бейбітшіліктің қалыптасуына қосқан үлесін ұдайы тілге тиек етіп отырады. Еліміздің екі тізгін, бір шылбырын зор жауапкершілікпен алып жүрген Президентіміздің бастаған даңғыл жолы тура, ниеті түзу, пейілі ақ екенін бүкіл әлем сезінді. «Сөз шындықтан бұзылмайды», – дейді қызыл тілді өзге нығметтен жоғары қойған халқымыз. Сондықтан, бітімгершілік бесігіндегі тәуелсіз Қазақстан бағыты біреу – әділдік, адалдық, туралық, шыншылдық.

Мәди АЛЖАНБАЙ