КЕРЕМЕТ КҮНДЕР ТҰРҒАНДАЙ КҮТІП АЛДЫМДА

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 2339
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Керемет күндер тұрғандай күтіп алдымда,
Жатқандай тынып, шалқыған анау айдында.
Көшеде, шексіз созылған жолдар бойында,
Күткендей үнсіз жанында жасыл талдың да,
Керемет күндер тұрғандай күтіп алдымда!

Ақындар мен батырлар елі атанған Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта керемет күннің куәсі болдық. Ақынын ардақтаған, жырларын оқып, салмақтаған қауым өмірін өлеңге айналдырған перзентінің шығармашылық кешіне ағылып келді. Сол күні ақын туған өңірде оқылған шайырдың жауһар жырлары мен сөзіне жазылған әуезді әндер көңіл тербетіп, жанымызды серпілтті.  

Бұл аудандық Мәдениет үйінде өткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент грантының иегері, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымның 60 жылдық мерейтойының салтанаты еді. «Жансарай» атты әдеби-сазды кешке ақын-жазушылар, елге танымал мәдениет пен өнер майталмандары, ел тізгінін ұстаған атқамінерлер, алыс-жақыннан әріптес, ағайын-туыс, жырдан бұлақ ағызған ақындар мен батырлар елінің жұртшылығы жиналды. Жетісу өңіріне белгілі қаламгерді мерейтойымен арнайы құттықтаған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ ыстық ықыласын баспасөз қызметінің басшысы Ғалымұрат Жүкел жеткізді. 
Көрермен алдымен мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін фильмді тамашалады. Жарты сағаттық фильмде алпыстың асқарына шыққан Нүсіпбай Додабайұлының адамдық келбеті мен азаматтық болмысын тағы бір мәрте таныдық. Асқаралы шыңнан артына бұрылып бір қарағанда айқыш-ұйқыш жолдар емес, өзінің мінезіне тән, Абай дананың: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», – деген өлең жолдарының кейіпкерін көргендей болдық. Қаламгерлер мен замандас достарының риясыз ақтарыла айтқан естеліктерінен еңсесі биік азамат болуды сонау жылдардан-ақ бастағанын байқадық. Жарты сағаттық көріністен жарты ғұмырынан астам уақытын қаламгерлік өмірге арнағаны айтылды. Қаламы қарымды, жазғаны жалынды журналиске айналғаны көрсетілді.
Одан кейін кешті жүргізу тізгінін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын, журналист, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев қолға алып, шараның бетпердесін ашып беруді аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа ұсынды. Ақынын ардақтап, батырын қастерлеуді айнымас дәстүрге айналдырған ауданның басшысы өзінің кең көлемді, мазмұнға бай баяндамасын ұлт руханиятында алар орны үлкен сөз семсері Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбылдан тартылған ақындық сара жолдан бастады. Нүсіпбай Әбдірахымның ес біліп, ат жалын тартып мінген шағынан осы уақытқа дейінгі өмір жолы мен қызметін, бағындырған биігін айырықша тарқатып айтты. Асқақ Алатаудың баурайын мекендеген арда жұрттың өз перзентіне деген сүйінішінің айқын белгісі ретінде «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағын тапсырып, сый-құрмет көрсетті. 
Нүсіпбай Додабайұлының «Жансарай» атты жаңа  жыр жинағы сол күні алғашқы оқырмандар қолына тиді. Сахнада кітаптың тұсаукесер рәсімін аудан әкімі Жандарбек Далабаев, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін және Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының кеңесшісі, «Анарыс» баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы жасады. Кәдірбек Құныпияұлы Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтауы мен сый-сияпатын тапсырды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Әміре Әрін бұл той тек Нүсекеңнің ғана емес, қазақ әдебиеті мен журналистикасының тойы екенін атап өтіп, әріптесінің бойындағы ұстамдылық, көпшіл, қонақжай, кәсіби шеберлік, жастарға тәлімгерлік сияқты жақсы қасиеттерді үлгі етті.
Мерейтой иесіне Астанадан жолданған үкіметтік жеделхаттар оқылды.  Бұл орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтың, Сенат депутаты Аңсар Мұсахановтың ізгі тілектері мерейтой иесінің мәртебесін асқақтатты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башпаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен Достық үйінің шынай тілегін әкелген Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық Сүйінбай атындағы филармония директоры Данияр Құрамысов жүрекжарды тілектерін ақтарды. 
Ағалары асқақ көрінген,
Ақыны тұтас бір қауым.
Ауылым, сенің төріңнен
Оқылса болды жырларым, – деп ақынның армандаған кезде жазған өлеңі дәл сол күні орындалды. Туған жер төрінен өлеңі оқылып, мерейі өсті, ағыл-тегіл ақ тілектер айтылды. 
«Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің басын біріктіріп отырған «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы игі тілегін арнап, мерейтой иесіне Қоғамдық марапаттау және атақтар жөніндегі республикалық кеңестің «Қазақстан Журналистикасының Қайраткері» атағын тапсырды. «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайділдина, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікенұлы інілік ілтипатын білдірсе, айтыскер ақын, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов жыр-арнауын оқып берді. имандылық жолындағы інісі, Талдықорған қаласындағы «Жетісу» мешітінің бас имамы Қанат Маратұлы Абай өлеңдерін ұштастыра отырып, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінен өнегелі әңгіме айтты. Сонымен бірге Қарасай, Еңбекшіқазақ, Балқаш аудандары әкімдерінің құттықтаулары жеткізілді. Кезінде аудандық газетті басқарған жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Нүсіпбай Додабайұлын Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықпен марапаттап, өңіріне төсбелгі ілді. «Қуанышты бөліссе көбейетіні» осы тойда тағы да дәлелденді. Ақын әрі әріптес құрдасының алпыс жылдығына Жетісудың төрінен арқаланып келген Әміре Әрінге де Нағашыбек Қапалбекұлы орайы келіп тұрғанын айта келіп, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықпен марапаттап та үлгерді. Ал мерейтойдың екінші бөлімінде әріптестері Болат Абаған мен Шыңғыс Өмірғалиұлы «Өлке тынысы» ЖШС атынан отандық өнім, Қазақстанда жасалған қолсағатты тарту еткенін де айта кеткеніміз жөн.
Қиындығы мен қызығы қатар өрілген өмірді қолындағы қаламымен өрнектеп, кестелі жырымен оқырман жүрегіне жол таба білген ақынға әдебиетте қатар жүрген, қаламгерлік әлеміндегі сапарластары, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы, ақын Әбубәкір Қайран, журналист Нүсіпбаймен Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек», Күрті аудандық «Шұғыла» газеттерінде бірге қызмет атқарған, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Алматы облысы мен Талдықорған қаласының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Күмісжан Байжан, қаламгер-композитор Жолдасхан Құрамысов, баспагер жазушы Манарбек Ізбасар, Балқаш аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Марат Қашқынбаев, «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев, «Таңбалы» мекемесінің басшысы Абай Сәдуақасұлы лебіздерін білдірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Нүсіпбай Додабайұлымен бірге оқыған курстастары, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Гүлнәр Салықбаева, Сәуле Жиреншина, Шолпан Битенова, Қарлығаш Бисариева, Жанар Абызова, Құтмағамбет Қонысбай, Жанастан Кучукова, Нұржамал Байсақалова, Роза Дүйсебаева, Айман Абдрасова, Нұрмира Әлішеровалар сөз алып, Нүсіпбай ақынның «Махаббат қызық мол жылдар» дәуірінде жазған «Сары қыз» өлеңіне пародия жазып, әзіл шумақтарымен көңіл көкжиегін кеңейтіп тастады. Сондай-ақ облыс орталығынан арнайы келген ақын-жазушы ізбасар іні-қарындастары Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Ерғазы Манапұлы, Есболат Айдабосын, Ақбөпе Жиенқұлова, Торғын Тұрлыбаева, Алмас Нүсіп сахна төрінде аға ақынға ықыластарын арнады.
«Жетісу» газетінің бір топ жас тілшілері, журналист Нүсіпбайдың інілері сахнада ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кештің өне бойы Нүсіпбай Әбдірахымның сөзіне жазылған Талғат Сембаев, Данияр Құрамысов сияқты сазгерлердің әндерімен әрленді. Атап айтқанда «Қимас мекен Жетісу», «Сайран өлкем Жетісу», «Алтын ұя бесігім», «Арман-ай» әндерін облыстық Сүйінбай атындағы филармония, аудандық «Сүйінбай сазы», отбасылық Сембаевтар ансамбльдерінің өнерпаздары, танымал күміскөмей әншілер шырқады.
Кеш соңында Нүсіпбай Додабайұлы сөз алып, абыройын асырған азаматтарға,  жерлестеріне, барша қонақтарға жүрекжарды алғысын білдірді.
Күлмегін, досым, үмітті жүр деп малданып,
Жүремін ылғи теңіздей толқып, толғанып.
Керемет күндер қонады менің басыма,
Болады әлі қызықты думан тойларым,
Тек күнім көкте күлімдептұрса болғаны, – деп жырлаған ақынға алдағы уақытта жаңа шығармашылық табыстар, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
 
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы.