ДАМУ КӨРСЕТКІШІМЕН КӨШ БАСТАДЫҚ

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 155
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Баршаға бірдей мүмкіндік. Халықтың әл-ауқатын арттыру. Мемлекетіміздің басым саясаты бұл. Ата заңымызда көрсетілгендей, еліміздің басты байлығы – адам һәм оның денсаулығы. Ал оның жайлы және қолайлы өмір сүруі үшін биліктің қай сатысы да жұмысты жүйелеуі керек. Әрине, Жетісу өңірінде тұрғындардың сапалы өмір сүруіне жағдай жасалуда және әлі де жасала түспек. Бұл ретте облыс бюджетінің 58 пайызы осы мақсатқа бағдарланған. Халықты сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды халық қажеттілігіне орай салу, жол, таза ауызсу, көгілдір отын жеткізу бағытында ауыз толтырып айтар толайым тірлік бар. Оның айғағы – Жетісу өңірі республика көлемінде қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша бірінші орында. Көрсеткіш – 112,4 пайыз. Дәл осындай ақжолтай хабарды облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында халық қалаулылары алдында 8 айдың қорытындысын баяндаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев сүйіншіледі.


Мәслихаттың кезекті сессиясының шымылдығын Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталинов түрді. Құзырлы басқарма Жетісу облысының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы баян етті. Мұнан кейін облыс әкімі ел мен билік арасындағы алтын көпірге айналған депутаттарға облыста жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баян етті. Аймақ басшысының айтуынша, тап қазіргідей үдерісті жұмыс бұрын-соңды болмаған. Жыл басынан бері депутаттар тарапынан 40-тан астам сауал жолданған. Оның 20-сы бюджетке өзгерістер енгізуге себепкер болған. Облыс әкімі әрбір халық қалаулысының өңір дамуына тер төгіп, билік пен халық арасын жақындата түсуге еңбек етіп жүргенін айтып, ілтипатын да білдірді.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңір дамуында дала еңбеккерлерінің еңбегі де орасан екенін тілге тиек етті. Мәселен, былтыр жетісулық диқандар 300 мың гектардан сәл асатын алқаптан 1 млн. тоннаға жуық дәнді дақыл жинады. Ал негізгі шаруашылығын масақты – дәнді дақыл егуге бағыттаған өңірлер 1 млн. гектардан асатын алқаптардан Жетісу өңірінің еңбеккерлеріндей астық жиыпты. 3 есе кіші алқаппен осынша мол өнім алу – үлкен логика мен математикалық есептеуді қажет етпейді. Бастысы еселі еңбек ескерілуде. Сонымен қатар Жетісу өңірі ауыл шаруашылық өнімдерді өңдеу бойынша да алға шыққан. Диқан жиған дақылды дайын өнімге айналдыруда Ақсу қант зауытының да өз рөлі бар. Өндіріс орнының қуатын еселеу үшін биыл жергілікті бюджеттен 3,3 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға зауыттың негізгі жабдығы жөнделуде. Айтпақшы, талайдан тұралаған «Агрокомплекс Жетісу Мажико» кәсіпорны да іске қосылды. Енді тек жетісулықтар емес, өзге өңірдің тұрғындары өңірде өскен күнбағыстың майын тұтынады. 

– Өңірімізде қай салада да ілгерілеу бар. Оны қысқа мерзімді экономикалық индикатордан анық көріп отырмыз. Дейтұрғанмен, Мемлекет басшысының тапсырмасы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сонымен қатар ел Президенті қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істеуді тапсырды. Мәселен, бірер жылда өңірдегі республикалық маңызды жолдардың жыры тамамдалады. Биыл «Жаркент-Қорғас» автожолы пайдалануға беріледі. Қорғастан Сарыөзекке дейінгі қалған жол учаскелері келер жылы аяқталады. Кербұлақ ауданында орналасқан «Alacem» зауыты келер жылы техникалық жол салмақ. Енді зауыттың ауыр техникалары салынған жолды бүлдірмейді. Балқаш көліне баратын жол да аяқталар күн жақын. Бұл жолды келер жылы туристік маусымға дейін аяқтап, көл жағалауында тынығу алаңдарын саламыз, – деді аймақ басшысы.

Бейбіт Өксікбайұлы тұрғындардың баспана қажеттілігі де алдағы бес жылда шешілетінін алға тартты. Биыл кезекте тұрғандардың саны 14 пайызға қысқарады. Бұл үшін 8 айда 150,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Халықтың осал топтары үшін жалға берілетін 866 пәтер сатып алу үшін бюджеттен 13,4 млрд. қаржы қаралған. «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілері есебінен 560 пәтерлі 9 көпқабатты үй салынуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін 4117 пәтер беріледі.
–  Өңірде медицина қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз етудеміз. Жайлы мектеп, спорт және мәдени нысандарды да салып жатырмыз. Облыста ауыз сумен қамту деңгейі 91,3 пайыз болса, 2025 жылға қарай өңір тұрғындарының халқы 99,9 пайыз таза суға қол жеткізеді. Көгілдір отынға қолжетімділікті арттырудамыз. Мәселен, қазіргі уақытта 337,9 мың тұрғын газға қол жеткізді. Биыл тағы 24 елді мекен табиғи газға қосылады. Келер жылы 63 елді мекен көгілдір отынды тұтынбақ. Сонымен қатар, «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы  66 елді мекенге желі тарту жобасын қолға аламыз. Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде 2029 жылға қарай халықтың 91,9 пайызы көгілдір отынды тұтынады, – деді облыс әкімі. 

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін халық қалаулылары жоғары бағалады. Облыс әкіміне елді толғандырған мәселелерді де сауалдады. Уақыты келмесе де тозған мектеп, тұрғындарды сарсаңға салған өндіріс орындары, Балқаш маң- ындағы келер жылы салынатын тынығу орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мәселелері көтерілді. Облыс әкімі мәслихат депутаттарымен мәселелердің тінін бірлесіп тарқатуға шақырды.

Дастанбек САДЫҚ