ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Уақыты: 21.09.2024
Оқылды: 48
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Елімізде АЭС салына ма?» деген сауал бүгінгі күннің басты сұрағына айналып отыр. Қазан айының 6-да өтетін референдумда аталмыш сауалға жауап беріледі. Яғни, қазақстандықтар АЭС-тің тағдырын таразыға салады. Осыған байланысты Еркін ауылдық округіндегі № 26 мектепте елімізде атом электр стансыларын салу мәселесі туралы қоғамдық талқылау ұйымдастырылды.


Жиынға Талдықорған қалалық мәслихат төрағасы Темірболат Жанболатұлы, ауылдық округ әкімі, жергілікті тұрғындар мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты. Онда атом электр стансысының пайдасы мен қауіпсіздігі, тиімділігі талқыланды.

Халықпен кездесуде «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын сөз алып, Президент Жолдауына қатысты ой-пікірін ортаға салды. Ондағы 9 бағыттың тиімді тұстарына тоқталды. Соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы, «Қарызсыз қоғам» жобасы жөнінде жан-жақты ақпарат беріп өтті. АЭС бойынша да бар мағлұматымен бөлісті.

– Менің мақсатым АЭС жөнінде сіздерге түсіндіру. Оны қолдайсыздар ма, қолдамайсыздар ма, өз еріктеріңізде. Жалпы әлемде 400-ден аса атом электр стансылары жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ең қауіпсіз 200 стансы бар. Қазақ-станға сол қауіпсізі қажет. Ол жерде адами фактор болуы мүмкін емес. Барлығы автоматтандырылған, қауіпсіздігі өте жоғары болмақ. Онда улы заттар сыртқа шығарылмайды. Балқаш көліне ешқандай зиян келтірмейтінін айтқым келеді. Мысалы, ең дамыған мемлекеттерде Америка Құрама Штаттарында 94, Францияда 56, Қытайда 56, Жапонияда 12 осындай атом стансысы орнатылған. Біз бір орында тұрмауымыз керек, дамуымыз шарт. Бізге электр қуаты қажет. Себебі, энергия тапшылығы бар.   Шетелдерден сатып алып жатқан энергия қуаты елімізге арзанға түспейтінін түсінгеніміз дұрыс, – деді  Арыстанғали Арын.

Ел көлемінде көтеріліп жатқан мәселе бойынша  ауыл ақсақалдарын да тыңдап көрдік. Пікірлер саналуан. Дегенмен, жұрт насихатты ұғынды.

– Президентіміздің айтқан Жолдауындағы АЭС-ті салу бойынша тақырыпты ақсақалдар кеңесі өзіміз ішінара талқылаған болатынбыз. Біз бәрін қолдап отырмыз. Өйткені, ол қазіргі заманның талабы. Ол керек. Өте керек. Қазақстанға 5 Франция сыйып кетеді дейді ғой. Ал сол бір Францияның өзінде ғана 56 атом электр стансысы бар екен. Шетелдік еуропалық дамыған халық оның маңыздылығын баяғыда түсінген, – дейді Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов.

Медет ЖҰМАБАЙ