ЖҰМЫС САПАСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Уақыты: 22.09.2024
Оқылды: 41
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облыстық департаменті «ТАЭТК» АҚ нысандарындағы бекітілген инвестициялық бағдарламаларды  орындау бойынша баспасөз турын ұйымдастырды. Шара аясында БАҚ өкілдері Текелі қаласының Рудничный кентіндегі жұмыс барысымен танысып қайтты.


Жалпы, «ТАЭТК» АҚ электр энергиясын беруді және бөлуді жүзеге асырады. Жасыратыны жоқ, өңіріміздегі электр бағаналарының дені тозып, қары қалың, қысы суық шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қыс күндері электр жарығын жеткізу қиындық тудырып келеді. Дегенмен, «ТАЭТК» АҚ-ның тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жыл сайын шалғайдағы бағаналар жаңаланып, электр сымдары ауыстырылып, қосалқы стансылар заманауи техникамен жабдықталып ауқымды жұмыстар атқарылуда. 

Биыл аталған мекеме инвестициялық бағдарлама аясында 1336900 мың теңге қаржы игеруді жоспарлаған. Бағдарлама шеңберінде 7 шарт жасалған. Олардың бір бөлігі ел игілігіне берілсе, қалғаны жыл соңына дейін толығымен орындалмақ. Соның бірі – Текелі қаласының Рудничный кентіндегі электр бағаналарын ауыстырып, сымдарды жаңалау жоспары.

– Рудничный кентіндегі 11,8 шақырым  электр желісі 1986 жылы қолданысқа берілген.  Қазіргі таңдағы электр желілерінің тозуы 121 пайызды құрайды. Сондықтан электр энергиясының өткізу қабілетін ұлғайту, тұтынушыларды сенімді және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 414 дана (СВ110/105/95-2) темірбетон бағанасын орнату көзделген. Қазір оның 218-і орнатылды,  – дейді «ТАЭТК» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Айдос Туғанбаев.

Рудничный ауылы тау баурайына орналасқан шағын ауыл. Алайда, бұл жердің қысы қытымырлау келеді. Қар қалың түсіп, жел қатты соғады. Сондықтан 50-60 жыл бұрын орнатылған ағаш бағаналар мен ескірген электр сымдары қыс қаһарына шыдас бермей жарық жиі сөніп, тұрғындардан электр жарығына қатысты шағым көп түсетін. Осы жағдайларды ескерген «ТАЭТК» АҚ ауылдағы ағаш бағаналарды түгелімен жаңалап, ескірген сымдарды сырты қапталған, желге, жаңбырға, қарға төзімді сымдарға ауыс-    тырып жатқанын көрдік. 

– «ТАЭТК» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы бойынша істелген жұмыстарды үнемі қадағалап отырамыз. Бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, жұмыс сапалы жақсарып жатыр дей аламын, – дейді ҚР табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облыстық департаменті табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Қайрат Байтілеуов.

Жалпы биыл инвестициялық бағдарлама аясында аймақ бойынша 9 нысан жаңартылады. Соның ішінде, Талдықорған қаласындағы 4,57 шақырымдық КЛ-10 кВ. кабельдерін ауыстыру, Кербұлақ ауданының Жайнақ батыр ауылындағы  10 шақырым электр сымын жаңалау (Бұл жоба толығымен орындалды), Текелі қаласындағы электр желілерін ауыстыру, Қабанбай ауылындағы телеметрияны, Үштөбе, Жаркент  қалаларындағы қосалқы стансыда 110 кВ-тық айырып-қосқыштарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Қажет АНДАС