ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН

Уақыты: 21.09.2024
Оқылды: 43
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде атом электр стансысы құрылысы белсенді түрде талқыланып жатыр. Сарапшылар бұл жобаны қолдап, жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз ететін соңғы буын III және III+ заманауи реакторларына назар аударуда.


Соңғы жылдары атом электр стансыларының пайдалану қауіпсіздігін арттыру бойынша көп жұмыстар атқарылды. Оны жақсарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл қарапайым халық үшін  түсініксіз болуы мүмкін, бірақ біз радиофобияны өткен уақытта қалдыруымыз керек.

Кейбір адамдар Семей ядролық сынақ полигонындағы оқиғаны айтып, АЭС салуға қарсылық білдіруде. Бірақ, екеуі екі бөлек дүние. Семей полигонында арнайы атом бомбасын жарды. Атом электр стансысында қолданатын уран ол атом бомбасы емес. АЭС-те қолданылатын уран 2-4 пайыз ғана байытылады. Атом бомбасын жасау үшін 95 пайыз байыту керек. Атом электр стансысын салу ядролық қаруды сынау емес. Біз «бейбіт атом» энергиясын қолданамыз.
Мен 2000 жылдардың басында атом электр стансысын салу қажеттігін ұсынатын мақала жариялаған едім. Бұл ойым экология, қоршаған орта және адам денсаулығы тұрғысынан да, ядролық қаруды таратпауға қатысты да қауіпсіздікті жақсарту қажеттілігінен туындады. Қазақстанда атом өнеркәсібі жоғары деңгейде дамуы қажет. Біздің еліміз уран өндіреді, шетелге экспорттайды. Бірақ, өзімізде АЭС жоқ. Сонымен қатар, атом электр стансысының құрылысы Қазақстанның жоғары технологиялар саласында жаңа перспективалар ашып, еліміздің атом энергетикасы бар дамыған елдердің қатарына кіруіне мүмкіндік береді.

Бізде шикізат қана емес, білікті кадрлар да бар. Оларды Ұлттық ядролық орталық пен жоғары оқу орындары дайындайды. Атом электр стансысын салу – қажеттілік. Менің ойымша, кем дегенде екі блок салу керек. Қазақстан алға жылжу үшін осы сала интеграциялануы керек. Атом электр стансысы химия, биология, медицина және басқа да көптеген салаларда ғылыми-техникалық дамудың локомотиві болады.

Дастан ЕЛЕУКЕНОВ,
 Атом индустриясын
дамыту қауымдастығы
директорлар кеңесінің
мүшесі