Соңғы жылдары көз тартатын әсем ғимараттар мен сәулетті сарайлардың, көпқабатты тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік кешендердің көптеп салына бастағанына куә болып жүрміз. Әрине, сәулеті жарасқан мұндай нысандардың кім-кімнің болса да таңдайын қаққызып, қызығушылығын тудыратыны анық. Жетісу өлкесінде де жаңа заман талабына сай бой көтеріп жатқан ғимараттар аз емес. Осының бәрі жаздың аптап ыстығы мен қыстың қаһарлы суығына қарамастан еңбектеніп жатқан құрыш қолды құрылысшылар еңбегінің нәтижесі екені анық. Сондықтан олар қашанда сый-құрметке лайық.
Тамылжыған тамыз айының орта шенінде тойланатын сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі биыл да жарасымды жалғасын тауып, өз дәрежесінде аталып өтті. Құрылысшылар күні қарсаңында облыс әкімдігінде ұйымдастырылған мерекелік басқосуда сала үздіктеріне барынша сый-құрмет көрсетіліп, еңбектері лайықты бағаланды. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ:
– Сіздерді алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жиынды атқарылған жұмыстың маңызы мен мәнділігін сезінуге себеп болатын басқосу деп білемін. Бұл күнді облысымыз құрылыс саласындағы жоғары жетістіктермен қарсы алуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай: Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың бәрі ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталды. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік.
Келесі кезекте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Бектасов құрылыс саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, осы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жеткен жетістіктерге көңіл аударды. Сондай-ақ, жыл өткен сайын қалалар келбетінің танымастай өзгеріп, көз тартарлық әсем ғимараттар мен сәулеті жарасқан кешендермен толыға түскенін әңгімеледі.
Сала бойынша Жетісу өңірінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға жиналғандардың назарын аударды. Құрылыс саласының жыл өткен сайын қарыштап дамып, игілігі мол істің әлі де тоқтаусыз жалғасатынын жеткізді. Үкімет тарапынан бөлініп жатқан қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалып, көптеген әлеуметтік нысандар мен зәулім ғимараттардың, тұрғын үйлердің бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатқандығына ден қойды
Елдегі құрылыс ісін дамытып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге ықпал етіп жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – 2020», «Өңірлерді дамыту – 2020», «Қолжетімді баспана – 2020» сияқты бағдарламаларының маңыздылығын тілге тиек етіп, ел дамуына үлес қосып жатқан әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Көңіл өсіретін жақсы пікірге Қазақстан Республикасы және Орталық Азия Құрылысшылар одағының вице-президенті Аманжол Шормақов, тағы басқа да азаматтар қосылып, әріптестеріне алғыстарын білдірді.
Бұдан соң құрылыс нысандарында өз қолтаңбаларын қалдырып, жемісті еңбек етіп жүрген бір топ құрылысшының есімдері аталып, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгісін омырауларына қадап, «Алғыс хатпен» марапатталды. Мәселен, «Асан М Компани» ЖШС басшысы Жақсылық Макулов, Көксу аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қажым Әдетбеков, Панфилов аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Жүнісов, «Жөндеу құрылыс» ЖШС ұстасы Тілеу Көшекбаев, «Құрылысшы ТБС» ЖШС прорабы Ертай Байдаулетовтерге «Құрметті құрылысшы» деген атақ берілді.
Ал «Урбостиль» ЖШС жобаларының бас инженері Татьяна Ковалева, «Градо» жобалау фирмасы» ЖШС жобаларының бас сәулетшілері Сағындық Ауғанбай мен Ришад Ыбрайымов, «Казгипроград» жобалау институты» ЖШС жобаларының бас сәулетшісі Людмила Курганова және Алматы облысы бойынша «Мемсараптама» РМК филиалының сарапшысы Татьяна Карабутқа «Құрметті сәулетші» атағы бұйырды.
Қазақстан Республикасы Орталық Азия және Құрылысшылар одағы вице-президентінің Құрмет грамотасымен «Альтаир» өндірістік кооперативінің басшысы Сейтхан Қырқынбаев, Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әсет Шаяхметов, Еңбекшіқазақ аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Смағұлов, «ДорТехМонтаж» ЖШС басшысы Виталий Гринченко, Жамбыл аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Әкеғұлов, «New Construction» ЖШС басшысы Ринат Рысқұлов, Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Анарқұлов марапатталды.
Ал Алматы облысы бойынша «Мемсараптама» РМК филиалының сарапшысы Ольга Сосина, Владимир Уваров, тағы басқаларына Қазақстанның Құрылысшылар қауымдастығының Құрмет грамотасы тапсырылды. Сол сияқты бірқатар азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табысталды.
Айгүл Байбосынова