Астық алқабы қарбалас

Уақыты: 01.09.2016
Оқылды: 1656
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Диқандар үшін аса жау­ап­ты әрі шешуші кезең – егін ору науқаны басталғалы бір­аз уақыт болды. Осы орайда Қарасай ауданының шар­уа­лары да бітік шыққан егінді ысырапсыз жинап алудың қамында жүр.

Ежелден ел ризығын еселеп жүр­ген қарасайлық диқандар биыл да Отан қамбасын толтыруға өз үлес­те­рін қоспақ. Мұнда барлығы 4780 гек­тарға бидай, 5137 гектарға арпа, 3920 гектарға картоп, 932 гектарға же­­міс-жидек егіп, жауын-шашын­ның мол болғандығынан әр гектар ал­­­қаптан 20 центнер бидай, 21 цент­нер арпа, 222 центнер картоп алып отыр. Жиын-теріннің соңына қарай бұл көрсеткіш әлдеқайда артуы ық­тимал.

Осындай озаттардың қатарында Қазақ егіншілік және өсімдік ғы­лыми-зерттеу институтының диқан­дары да бар. Әрине, тәжірибелік мақсатта шағын алқаптарға бидай мен арпаның жаңа сорттарын егетін институттың егістігі үлкен емес. Мы­салы, биыл мұнда барлығы 454 гек­тар жер игерілсе, олардың 165 гектарына «Стекловидная – 24» сор­ты, 30 гектарына «Қазақ­стан­дық», 25 гектарына «Наз» және 30 гектарына «Алмалы» сорты егілген.

– Біз негізінен астықтың сапалы әрі мол өнім беретін тұқымдарын шы­ғарып, оларды шаруашылықтарға са­тумен айналысамыз, – дейді инс­ти­тут агрономы Абдолла Бакиев. – Биыл жаңбырдың мол болуына бай­ланысты егініміз бітік шықты. Алай­да, үзіліссіз жауған жауын мен бұр­шақ, қатты жел астықты құлатып, ком­байн шалғысына ілікпей әуреге салуда. Оның үстіне ылғалдың мол болуынан егіс алқабын шырмауық басып кеткен. Бұл да диқандарға қо­сымша кедергі тудырып отыр. Соған қарамастан әрбір шуақты күнді пай­да­ланып, егін орағын жүр­гізіп келеміз. Бү­гіндері біздегі үш ше­тел­дік ком­­байн тоқ­таусыз жұмыс іс­теу­де. Жал­пы, егін орағын тамыз айы­ның 20-на дейін толық аяқтауды жос­­пар­лап отыр­мыз.

Абдолла Мәлікұлының айтқаны рас екеніне алқапқа барып, қызу тір­лікпен танысқанымызда көзіміз жетті. Барабанға оралған шырмауық комбайнды жиі тоқтатып, оны қол­мен тазалап отыруға мәжбүрлейді. Бұл өз кезегінде біраз уақыт ала­тыны түсінікті. Бірақ, соған қара­мастан тәжірибелі механизаторлар егін орағының қарқынын бәсең­дететін емес. Бүгіндері әр гектардан 30-32 центнерден өнім жинап отыр­ған олар егіні бітік шыққан өзге алқаптардан бұдан да жоғары астық аламыз деп жоспарлауда. Бір сөзбен айтқанда, егіншілік және өсімдік ғылыми-зерттеу институтының ди­қандары аттарына селкем түсір­мей­тіндеріне сенімді.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы.