Диқандар үшін аса жауапты әрі шешуші кезең – егін ору науқаны басталғалы біраз уақыт болды. Осы орайда Қарасай ауданының шаруалары да бітік шыққан егінді ысырапсыз жинап алудың қамында жүр.
Ежелден ел ризығын еселеп жүрген қарасайлық диқандар биыл да Отан қамбасын толтыруға өз үлестерін қоспақ. Мұнда барлығы 4780 гектарға бидай, 5137 гектарға арпа, 3920 гектарға картоп, 932 гектарға жеміс-жидек егіп, жауын-шашынның мол болғандығынан әр гектар алқаптан 20 центнер бидай, 21 центнер арпа, 222 центнер картоп алып отыр. Жиын-теріннің соңына қарай бұл көрсеткіш әлдеқайда артуы ықтимал.
Осындай озаттардың қатарында Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми-зерттеу институтының диқандары да бар. Әрине, тәжірибелік мақсатта шағын алқаптарға бидай мен арпаның жаңа сорттарын егетін институттың егістігі үлкен емес. Мысалы, биыл мұнда барлығы 454 гектар жер игерілсе, олардың 165 гектарына «Стекловидная – 24» сорты, 30 гектарына «Қазақстандық», 25 гектарына «Наз» және 30 гектарына «Алмалы» сорты егілген.
– Біз негізінен астықтың сапалы әрі мол өнім беретін тұқымдарын шығарып, оларды шаруашылықтарға сатумен айналысамыз, – дейді институт агрономы Абдолла Бакиев. – Биыл жаңбырдың мол болуына байланысты егініміз бітік шықты. Алайда, үзіліссіз жауған жауын мен бұршақ, қатты жел астықты құлатып, комбайн шалғысына ілікпей әуреге салуда. Оның үстіне ылғалдың мол болуынан егіс алқабын шырмауық басып кеткен. Бұл да диқандарға қосымша кедергі тудырып отыр. Соған қарамастан әрбір шуақты күнді пайдаланып, егін орағын жүргізіп келеміз. Бүгіндері біздегі үш шетелдік комбайн тоқтаусыз жұмыс істеуде. Жалпы, егін орағын тамыз айының 20-на дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Абдолла Мәлікұлының айтқаны рас екеніне алқапқа барып, қызу тірлікпен танысқанымызда көзіміз жетті. Барабанға оралған шырмауық комбайнды жиі тоқтатып, оны қолмен тазалап отыруға мәжбүрлейді. Бұл өз кезегінде біраз уақыт алатыны түсінікті. Бірақ, соған қарамастан тәжірибелі механизаторлар егін орағының қарқынын бәсеңдететін емес. Бүгіндері әр гектардан 30-32 центнерден өнім жинап отырған олар егіні бітік шыққан өзге алқаптардан бұдан да жоғары астық аламыз деп жоспарлауда. Бір сөзбен айтқанда, егіншілік және өсімдік ғылыми-зерттеу институтының диқандары аттарына селкем түсірмейтіндеріне сенімді.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы.