ШҰҒЫЛА ШАШҚАН ШАЛКӨДЕ

Уақыты: 31.07.2018
Оқылды: 2102
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Райымбек ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ауылшаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру және ауылшаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, ауданда кәсіпкерлікті дамыту» атты тақырыпта семинар-кеңес болып өтті. Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Панфилов аудандары негізінде ұйымдастырылған бұл келелі басқосу Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйінде болды.

 

   Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров жүргізіп отырған кеңес жұмысына облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішов, Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов және Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов қатысты.
  Семинарда облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексенбай Бекішев, ҚР қой шаруашылығы палаталары кеңесінің төрағасы, ауылшаруашылығы ғылымының докторы Тынышбай Досымбеков, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Теміржан Айтбаев, ҚР ауылшаруашылығын электрлендіру және механизация ғылыми-зерттеу институтының лаборатория меңгерушісі Рашид Омаров, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Байдан Әбішов, Қазақ өсімдік және егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Шынболат Рысәлиев, Қазақстанда биязы жүнді қой өсірудің маманы Қабылғазы Сейітжантегі  бастаған сала мамандары сөз алып, ауылшаруашылығын заман талабына сай өркендетудің міндеттері мен мұраттарына тоқталды.
  Райымбек ауданы төрт түлік малдың саны жағынан облыс бойынша алдыңғы қатарда тұрған аудан. Аудандағы Талғат Нүсіпқожаев басқаратын «Өркен» шаруа қожалығы картоптың берері мен берекесі мол элиталық  тұқымын көптеп өсіруде. Биылдың өзінде 50 гектар жерге облыс әкімі А. Баталовтың қолдауымен Голландиядан әкелінген элиталық картоп тұқымы өсірілді. Аталған шаруа қожалығы негізінде картоп тұқымының шаруашылығын өрістету керек.
   Өңірде мыңдаған гектар жерге жоғары сортты арпа мен күздік бидай өсіріп отырған – «Айғайтас» ЖШС. Хайрулла Иісбаев басқаратын бұл құрылым мыңға тарта жылқы, бес жүзге тарта ірі қара бағып отыр. Олар егіншілік жұмыстарын жаңа технология бойынша жүргізеді. Кеген ауданында мыңға тарта асыл тұқымды архар-меринос қойын өсіріп отырған Қанат Молдасанов басқаратын «Құмтекей», Жұмабек Бірімтаев басқаратын «Ынтымақ» шаруа қожалықтарының жүргізіп отырған жұмыстары көпке үлгі. «Каз Мясо» мекемесінің қолдауымен «Жаңа Ақтасты» ЖШС-інде мыңға тарта асыл тұқымды абердин ангус ірі қарасы өсірілуде. «МПС» ЖШС 3000  бас ірі қара малын бордақылап, экспорттық әлеуеті жоғары сапалы ет өндіруде. Кезең келбетіне сай ұйымдастырылып отырған мұндай жұмыстардың іргесін кеңітіп, ауылшаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыра берген жөн. Семинар-кеңесте залдан қойылған түрлі сұрақтарға толық жауап берілді. Елбасымыз Н. Назарбаевтың халқымызға арнаған кезекті Жолдауында айтылғандай, ауылшаруашылығы саласын уақыт талабына сай өрістету – үлкен мұрат. Семинарда ауылшаруашылығы саласының озаттарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді.
  Семинардағы негізгі іс-шаралардың жалғасы Шалкөде жайлауында өрнек тапты. Шын мәнінде бұл малшылардың тойы ауылшаруашылығы саласының жүгін көтеріп, тасын өрге домалатып жүрген еңбеккерлердің қуанышындай әсер қалдырды. Келген қонақтар хан жайлаудың төріне ұйымдастырылған асыл тұқымды ірі қаралардың көрмесін тамашалады. Жусан мен көкемаралдың, түрлі өсімдіктің иісі аңқыған жайлауда қаз-қатар тігілген киіз үйлер қазағымның қонақжай кең пейілін, даладай көңілін көрсеткендей. Осынау үлкен шараның алдында ғана Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаровтың ықпалымен заманауи далалық сахна бар жасау, жабдығымен ауданға алып келген еді. Ел игілігіндей сахна төрінен іргелес аудандардың өнерпаздары, фольклорлық-этнографиялық, ақ әжелер ансамбльдері орындаған әсем әндер мен тәтті күйлер жүрек қылын шертіп, бұлтсыз зеңгір көкке қалықтап жатты.
   Осы күні ұлтымыздың спорт ойындары да ұйымдастырылды. Жиналғандар аударыспақ, қыз қуу, көкпар секілді ұлттық ойындарын көріп, бір серпіліп қалды. Шалкөде жайлауында арнайы жасалған атшабарда өткен облыстық ат бәйгесі федерациясының «Жетісу жүйрігі» атты тұлпарлар сайысы қалың көпшіліктің асыға күткен тамашаларының бірегейі болды. 42 шақырымға созылған аламан бәйгенің бас жүлдесі «Нива» көлігін Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылынан қатысқан Қайрат Магаковтың «Қоян қасқасы» иеленді. Топ бәйгеде Алматы қаласынан келген Ерлан Байбатыровтың «Оқжетпесі» дара келді. Жорға жарысында Талғар қаласынан қатысқан Мерхат Бұлғыновтың «Көк жайлауы» иесіне жеңіл көлік тарту етті. Құнан, тай жарыстарында үздік бес шабандозға лайықты тарту-таралғы жасалды. Осылайша, төрт аудан негізінде ұйымдастырылған ауылшаруашылығы семинарының Шалкөде жайлауындағы салт-дәстүрімізге арналған іс-шаралары, концерттік, спорттық бағдарламалары көп көңілінен шықты. Шұғыласын шашқан Шалкөде жайлауының тамашалары ел есінде қалды.

Қанат БІРЖАНСАЛ.