ЖҰМЫС ҚАРҚЫНЫН ШИРАТУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 31.07.2018
Оқылды: 1345
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Облыс  әкімінің  бірінші орынбасары  ЛАззат Тұрлашов Жаркент өңіріне келген іссапарында аудандағы  әлеуметтік құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысты. Панфилов ауданының  әкімі Темірлан  Бектасов облыс басшылары мен  облыстағы  құрылыс  және  әлеуметтік салаға  жауапты  тұлғаларға жұмыс барысын көрсетті.

 

   Көпшілік алдымен Жаркент  қаласындағы «Ересектер  саябағы» деп  аталатын демалыс  орнына барды. Мұнда  қазан  айында  республикалық  деңгейде атап  өтілетін Орбұлақ  шайқасындағы  жеңістің  375  жылдығына  арналған  ескерткіш  тақта кешені  жасалып жатыр. Жобаның құрылысы  республикалық  деңгейде  өтетін шараға дейін  аяқталуға  тиіс. Аудан  басшысы  жаңа  жобаны  қаржыландыру  мәселесін тілге тиек етіп, жұмыс белгіленген мерзімде бітетінін жеткізді. Осыдан кейін  Лаззат  Махатұлы  бастаған  топ  Үлкеншыған  ауылындағы  300  орынды  мектепке  бас сұқты. Өткен оқу жылында 1040  оқушы  оқыған мектеп ғимаратына қосымша 300  орынды  23  сынып  бөлмесі, асхана, спортзал, кітапхана, жиынжай салынып жатыр. Құрылысы  былтыр  тамыз  айында  басталып, биылғы  оқу  жылының  алдында  толық  аяқталмақ. Қазір  ғимараттар құрылысы  аяқталып, едені  төселіп, шатыры  жабылып,  терезелер  салынып, есіктері  қойылып,  ішкі  әрлеу  мен  сыртқы көріктендіру жұмыстары басталған. Мектеп  құрылысын Н. Рахметбеков жетекшілік  ететін «Болашақ МА»  ЖШС құрылысшылары  атқаруда. Қазір  мұнда  120  құрылысшы  пәрменді  жұмыс  жасап  жүр. Лаззат  Махатұлы жобаны мерзімінде бітіру үшін қосымша  жұмысшылар  тартуды және  әрлеу  ісінде  сапаға  көңіл  бөлуді  тапсырды.
 Биыл Жаркент  қаласындағы  Шоқан  Уәлиханов  атындағы  орта  мектеп  ғимаратына  күрделі  жөндеу  жұмыстары  жүргізілуде. Бұл  мектепті толық  жөндеуден  өткізуге  248  миллион 640  мың  теңгеге  келісімшарт  жасаған «Техноскат – 2002» ЖШС  бүгінгі  күнге  дейін  158  миллион  теңгеден  астам қаржыны  игерген. Биылғы  17  мамырда  құрылысты қолға алған ұжым 25  тамызда  толық аяқтайтынына сенім білдірді.
   Осыдан  кейін Нұркентке  келген облыс әкімінің бірінші орынбасары  болашақта  100  мың  адам  тұратын  жаңа  қаланың  дайындық  жұмыстарын  көрді. Одан  соң  «Қорғас  шекара  маңы халықаралық  ынтымақтастық орталығына»  келіп, орталықтың  қазақстандық  тарабындағы құрылыс  барысымен  танысты. Мұнда «Самұрық» орталық  алаңындағы қазақстандық  тауар  өндірушілердің өнімдерін  саудалайтын «Алтын айлақ»  атты  бір  ғана  сауда үйі келушілерге  қызмет көрсетіп  тұр. Дегенмен алдағы  уақытта біздің  ел  тарапынан бірнеше  маңызды  нысандар іске  қосылып, екі  елді  бөліп  жатқан  Қорғас  өзенінің  жағалауында сәулеті  сәнді  ғимараттар  бой  көтермек.
   Лаззат Махатұлы  жуық  арада  іске  қосылуға  тиіс «Хуан-Шыңғыс», «Қорғас-КАТ», «Viktoria City» сауда  орталықтарын және  «Шеберлер  қалашығындағы» жұмыс  барысын  аралап  көрді. «Хуан-Шыңғыс» сауда  орталығының  құрылыс  жұмыстары  аяқталып,  ғимараттың  ішкі  әрлеу жұмыстары  жүргізіліп жатқанына куә болды.
   Сапар  соңында  «Қорғас  шекара  маңы  халықаралық  ынтымақтастығы орталығы»  АҚ әкімшілік  ғимаратына  келіп,  қысқа  кеңес  өткізген  Лаззат  Махатұлы  орталықтағы  құрылыс жұмысына жауапты  және өзімен  ере  келген  қызметкерлерге инвесторлармен  хабарласып, жұмысты  ширатуға,  болмаған  жағдайда  келісімшарттарды  бұзуға тапсырма  берді.

Мырзағали  Нұрсейіт
  Панфилов  ауданы