ЗАМАН ТАЛАБЫ

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1208
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Ұлтаралық татулық – мемлекеттік тұрақтылықтың негізі. Еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің татулығы, ынтымағы өзге халықтарға үлгі боларлықтай. Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егеменді ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Бұл орайда «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасының мәні мен мазмұны терең деп білеміз.

 

    Негізінен біздің мақсатымызға оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, ана тілін біліп, өзге тілдерді құрметтеуге, қадірлеуге үйрету, ізденуге дағдыландыру жатады. Мемлекеттік тілді білу – парыз, өзге тілдерді үйрену – қажеттілік. Сондықтан да қазіргі таңда мектептерде жаңартылған бағдарлама бойынша ағылшын тілі 1-сыныптан бастап оқытылуда. Негізінен ағылшын тілін ерте жастан оқытудың мақсаты – оқушылардың сол тілде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Ерте жастан ағылшын тілін оқыту оқушылардың коммуникативті даму біліктілігін арттырады және олардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Сол арқылы олар бірден көп тілдерде сөйлеуге мүмкіндік алады. 
    Шет тілін оқытуда мотивацияның басты рөлін түсіну үшін мұғалімдерге оның негізгі әдіс-тәсілдерін, құрылымын жақсы білуі қажет. Мотивация мәселелерін қарастыруда және қалыптастыру жолын іздестіруде оны түсінуге мүмкіндік бола бермейді. Уәждердің қалыптасуы – бұл, біріншіден, сабаққа деген ішкі ынта сезімінің артуы және барлығын түсіне отырып мотивациялық құндылықтарды өз бетінше әрі қарай дамытуы.
Қазіргі кезде ағылшын тілінен оқу құралдары өте көп. Мәселен,  1-сынып «Smile» оқулығымен оқуда.  Бұл оқулықтың ерекшелігі сөйлеу мен тыңдау дағдыларын дамытуға арналған дискілер, жазу тапсырмалары бар жұмыс және әр сабақтың жоспары мен әртүрлі әдіс-тәсілдер көрсетілген мұғалімге арналған кітап пен тақырыпқа сай көрнекіліктері берілген.
Шет тілін оқытудың тиімділігі тек қана білім алушыларға байланысты емес, оқыту стратегиясына байланысты. Осы стратегиялардың үйлесімімен ең жоғары тиімділікке қол жеткізуге болады. Тіл үйрену сабақтарында оқушылардың тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу дағдыларын дамыту жүзеге асып отыруы тиіс және жазудан гөрі олардың тыңдап түсінуіне, сөйлеуіне көбірек назар аударылады. Јйткені балалардың көбі есту, көру арқылы көп дүниені есте сақтайды. Бастауыш сыныпта ата-аналардың көмегі де өте маңызды. Егер олар бүгін сабақта үйренген сөздерін күнделікті үйде қайталап отырса, келесі сабақта балалар оны ұмытпай еркін қолданатын болады.
   Қорыта келгенде, «Үштұғырлы тіл» бағдарламасының негізгі мақсаты мемлекеттік тіл – қазақ тілін орыс және ағылшын тілдерінің деңгейіне дейін көтеріп, бәсекелестігін арттыру болып табылады. Біз бұл тұрғыда көптілді білім беру бағдарламасы аясында аталған тілдерді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейге көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейтуге, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Елдің ертеңі болатын өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарды өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.


Алия РЫСБАЕВА,
Ақын Қабан жырау атындағы мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі
Көксу ауданы