Алматы облысы мен Татарстан: Байланыс көкжиегі кеңейеді

Уақыты: 11.08.2018
Оқылды: 1599
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
Еларалық және өңіраралық байланыстарды нығайту – дамуға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын оң қадам. Бұл орайда Алматы облысы өзге өңірлердің озық тәжірибесін танып, машығын меңгеруден қалыс қалған емес. Әсіресе, бүгінгідей күллі әлем жаңа технологияға ден қойып, цифрландырудың игілігін көруді мақсат тұтқан тұста бұл аса қажет үрдіс. Соның ішінде Татарстан Республикасымен арада бұрыннан орнаған ынтымақтастық байланыстар Татарстан Президенті Рустам Миннихановтың шақыртуымен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған жетісулық делегацияның Қазан қаласына жасаған сапары барысында бекемдене түсіп, нақты жоспарлар айқындалды. 
7 тамыз күні Қазан қаласына табан тіреген, құрамында өңірдің бизнес-қауымдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жобалық басқарудың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар ресми делегацияны Татарстан Президенті Рустам Минниханов, Татарстанның вице-премьері Василь Шайхразиев, ТР Премьер-министрінің орынбасары – Өнеркәсіп және сауда министрі Альберт Каримов қарсы алды. 
Өткен жылдың тамыз айында Р. Минниханов бастаған Татарстан делегациясы екіжақты мәдени байланыс орнату, бизнес саласында тәжірибе алмасып, әріптестікті нығайту мақсатында Алматы облысында болған еді. Соның нәтижесінде Алматы облысының Панфилов ауданы мен Татарстанның Менделеев ауданының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Сол сапар барысында Менделеев ауданынан келген өкілдер кәсіпкерлік белсенділікке ерекше екпін беріп отырған «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысқан. Ал осы жолы біздің делегацияның құрамындағы Алматы облысын цифрландыру бойынша жобалық кеңсенің мүшелері Қазандағы ІТ-парк пен Иннополистегі smart city қалашығына ат басын тіреді. Бұл жоғары технологиялар мен цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықтың алғашқы қадамы болды. 
Сапардың екінші күні Татарстанның вице-премьері Василь Шайхразиевтің бастауымен делегация елдің бірқатар кәсіпорындарын аралап, өнеркәсіптік, инвестициялық және туристік әлеуетімен танысты. Аралау сапары алдымен Татарстан Республикасы Инвестициялық даму агенттігінен басталды. Мұнда агенттік басшысы Талия Минуллина елдің инвестициялық және экономикалық мүмкіндіктері жайында кеңейтілген тұсаукесер шарасын жасап, инвестициялық тартымдылығы мен инновациялық белсенділік деңгейі жайында хабардар етті. 
ІТ-парктегі жоғары технологиямен танысқан жетісулықтар одан әрі «Эйдос-робототехника» мен «Эйдос-Медицина» орталығының қызметін тамашалады. Орталық мамандары роботтандырылған өндірістің артықшылықтары, жұмысқа арналған робот-манипуляторларды дайындау әдістері туралы баяндап, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында мамандарды тәжірибемен ұштастыра отырып оқыту үшін робот-пациенттерді қалай жасайтынын көрсетті. Сондай-ақ, қонақтардың назарына студенттерге де, көпжылдық тәжірибесі бар дәрігерлерге де қолайлы теңдессіз медициналық симуляторлар ұсынылды. Мамандардың айтуынша, симуляторлар үшін арнайы бағдарламалық жасақтама әзірленген. Оның құрамына түрлі жаттығулар кешені, автоматты түрде бақылау мен оқыту процесін бағалау енгізілген. Бұл өз кезегінде үйренген машықтарды орнықтырып қана қоймай, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. 
«Қазан» агроөнеркәсіптік паркі де қызығушылық туғызған нысанның бірі. Парктің бас директоры Олег Власов нысан ішіне экскурсия жасап көрсетті. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік парктің жалпы аумағы 50 мың шаршы метр. Парктің ең басты ерекшелігі – ол бір мерзімде бірнеше функцияны, атап айтқанда, қоймаға жинақтау, өңдеу, дайын өнімді сату сияқты істерді қатар атқара алады. Бұл ретте кәсіпкерлерге қолайлылық үшін барлық инфрақұрылымдар жасалған. Амандық Баталов бастаған делегация парктің өндірістік және қаптау цехтарында, жабық базарында болып, Татарстанда өндірілген өнімдердің көптеген түрлерімен танысты. 
Жетісулықтар 200 жылдан астам тарихы бар Қазан (Приволжьелік) федералды университетіне де барды. Университет ректоры Ильшат Гафуров білім ордасының ішін аралатып, осы шаңырақтан шыққан атақты түлектерді де мақтанышпен атап өтті. Олардың қатарында әлем әдебиетінің классигі, көрнекті орыс жазушысы Лев Толстой, тамаша математик Николай Лобачевский және басқа да танымал тұлғалар болған. И. Гафуровтың айтуынша, қара шаңырақ университет жоғары білім беру дәстүрлерін сақтай отырып, кең ауқымды ғылыми-зерттеушілік бағытқа ерекше ден қоюда. Бұл көне университеттің ізгі дәстүрлерін жаңа буын жастардың лайықты жалғастыруына мүмкіндік беріп отыр. 
Біздің тарап Ресей стадиондарының ішінде сыйымдылығы ең жоғарыларының бірі, 45 379 мың көрерменге лайықталған «Қазан Арена» футбол стадионының инфрақұрылымымен де танысты. 2013 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген әмбебап стадионда биылғы жылы футболдан Әлем чемпионаты өткенін де айта кету керек. Сол сияқты Қазандағы Бүкіләлемдік жазғы XXVII Универсиаданың ашылуы мен жабылу салтанатын да спортсүйер қауым осы стадионнан тамашалаған болатын. 
Түстен кейін облыс әкімі Амандық Баталов Қазан Кремлінің Губернаторлық сарайында Татарстан Президенті Рустам Миннихановтың қабылдауында болды.
Өз сөзінде ТР Президенті Татарстанның Ресейдің бір аймағы ретінде Қазақстан Республикасымен байланысын тұрақты нығайтып келе жатқанын атап өтті. Осы жылдың маусым айында Татарстанға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ресми сапармен барып қайтқан болатын. Сондай-ақ, өткен жылдың тамызында Жетісу өңіріне татарстандық делегацияның барғанын еске түсірді. 
Р. Минниханов Қазақстан аумағында бірнеше ірі жобалардың жүзеге асып жатқанын, соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның маңызы ерекше екеніне тоқталды:
– «Қорғас» жобасы үлкен қызығушылық туғызатын және зор әлеуеті бар жоба. Оны әлемдік деңгейдегі ірі көлік-логистикалық хаб ретінде көрдік. Біз өз тарапымыздан осы бағытта әріптестік байланыс орнатсақ, бизнес-байланыстарымыздың ауқымын кеңейтсек деген ұсынысымыз бар,  – деді ол. 
Сол сияқты Татарстан Президенті жоғары мектеп, зерттеу орталықтары, студенттер алмасу түрінде білім мен ғылым салаларындағы байланыстарды бекемдеу мүмкіндіктері туралы да айтты. 
Алматы облысы туралы айта келе Р. Минниханов өңірдің барлық бағыттағы даму мүмкіндіктері зор екеніне тоқталып, әсіресе табиғатының көркемдігіне ерекше екпін түсірді. Сөзінің соңында бұл сапар жетісулықтар үшін де ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан пайдалы болатынына сенім білдірді. 
Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталов шақыртуы үшін ризашылығын білдіріп, сапардың алғашқы күндерінен-ақ делегация өкілдері өз салалары бойынша пайдалы да маңызды дүниелерді көріп, көңілдеріне түйіп жатқанын айтты. 
– Ең алдымен ІТ-технология саласына, цифрландыруға байланысты пайдалы жобаларды көрдік. Бұл сапарымыздың нәтижелі болатынына сенімдіміз, – деді А. Баталов. 
Бұдан соң Алматы облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму бағытына тоқталған облыс басшысы өңірдің туристік әлеуетіне ерекше назар аударды. Ол Жетісу жеріндегі суы шипалы Алакөл көлінің инфрақұрылымын дамыту жайын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айрықша бақылап отырғанын тілге тиек етті. Онда әуежай іске қосылғанын, жаңа теміржол вокзалы салынғанын айтты. Мәселен, өткен жылы Алакөлде 750 мың турист демалса, биылғы жылы олардың саны миллионға жетеді деп күтілуде. Жалпы алдын ала болжамдар бойынша Алматы облысына 2 миллионнан астам турист келіп кетеді. Сөзін Татарстанмен өзара байланыс тұрғысында жалғаған облыс әкімі Амандық Баталов: 
– Татарстанның балалары Алматы облысындағы сауықтыру лагерьлеріне, соның ішінде Алакөлге келуіне болады. Студенттер алмасу жайлы айтқаныңыз да  жақсы ұсыныс. Өңірде І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен С. Демирель атындағы университет бар. Бізді, әсіресе, заманауи технологияларды дамыту салаларындағы тәжірибе алмасу қатты қызықтырып отыр, – деді ол. Облыс басшысы татардың ұлттық Сабантой мерекесін Алматы облысында өткізуді ұсынды. 
Кездесу соңында Амандық Баталов пен Рустам Минниханов журналистер сұрақтарына жауап берді. 
Алматы облысы Татарстанның даму тәжірибесіндегі ІТ-технология саласындағы, стартаптар мен бизнес-инкубаторларды дамытудағы, сол сияқты инвесторлар тартудағы озық үлгілерге ден қоймақ. 
– Біз, Алматы облысы, Қазақстандағы ең ірі ауылшаруашылығы тауарларын өндірушінің бірі ретінде мұндағы ауылшаруашылығы саласына қызығушылық танытып отырмыз. «Қазан» агропаркінің жобасы өте ұнады. Онда үстеме бағасыз өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізу мүмкіндіктері қолайлы қарастырылған екен. Сол сияқты, өндірістік алаңдарды дамытудағы тәжірибелеріңіз де біз үшін маңызды, – деді А. Баталов. 
Татарстан Президенті Татарстан мен Алматы облысының арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін тағы бір мәрте еске салып, оған қажетті барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты. 
Ресми сапар барысында облыс делегациясы Қазан қаласының көрнекті орындарын аралап, Қазан Кремлінде, Құл-Шәріп мешітінде болды. 
Осы күні «Жоғары технологиялар саласындағы «ІТ-парк» технопаркі» МАМ мен Алматы облысы әкімдігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, ғылым-білім саласында әріптестік байланыс орнату жайы келісілді. Меморандумның аясында ғылым мен білімді, технологиялық ынтымақтастықты дамыту, екіжақты сауда және инвестициялық байланыстарды дамыту қолға алынбақ. Қос тарап бірлесіп аталған салалар бойынша түрлі іс-шаралар өткізетін болады. 
Келесі күні облыс әкімі «Авиакосмостық технологиялар, заманауи материалдар мен құрал-жабдықтар» атты 9-шы Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысып, өндірістік-өнеркәсіптік типтегі «Алабұға» ерекше экономикалық аймағында және «КамАЗ» ЖАҚ-да болды. 
Бүгінде «Алабұға» аймағы өндірістік қалашыққа айналған. Мұндағы 4 гектар аумақта 56 өндірістік және логистикалық кәсіпорындар тіркелген. Олардың 24-і қазірдің өзінде толыққанды жұмыс істеп, маңайындағы елді мекендердің 6 жарым мыңға жуық адамын еңбекпен қамтып отыр. Салыстырмалы түрде айтқанда, 74 мың тұрғыны бар шағын Елабұға елді мекеніне ерекше экономикалық аймақ өзі жұмыс істеген 12 жыл ішінде 114 млрд. рубль инвестиция тартып үлгерген. Мұндай қомақты қаржы елдің әл-ауқатын көтерумен қатар құнды тарихи ескерткіштерін сақтау мен оларды күтіп-баптауға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай ескерткіштердің қатарында Марина Цветаеваның, Иван Шишкиннің және басқа да мәдениет, өнер қайраткерлерінің музей үйлері бар. 
Осы күні делегацияның әлеуметтік салаға жетекшілік ететін екінші бөлігі аймақтың бірқатар білім беру және денсаулық сақтау нысандарына барып, аталмыш салаларға цифрландыруды енгізу тәжірибелерімен танысты. Олар ТР Экономика министрі Болат Хазиахметовпен кездесіп, цифрландыру мәселесінде өзара байланыс орнату туралы сөйлесті. Және жобалық басқару мен өндірістік алаңдарды дамыту бағытындағы жұмыстарда тәжірибе алмасты. 
Жалпы, Алматы облысы делегациясының Татарстанға сапары апта соңына дейін жалғасатын болады. 
 
Сағыныш Намазшамова