ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКАНЫ ДАМЫТУ - УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Уақыты: 13.08.2018
Оқылды: 1682
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Аспан, ғарыш әлемінің кімді болсын таңғажайып, жұмбақ сырға жетелейтіні анық. Қазақтың мақтанышы, Халық Қаһармандары Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды айды бағындырған айтулы ғарышкерлердің туған жері – Жетісу өлкесінде де ұшқыш, ғарышкер болуды армандамайтын бала кемде-кем шығар. Ал олардың талабын ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелер шыңдайды.

 

   Осы бағыттағы үйірмелердің жұмысын жетілдіріп, соңғы жылдары мектептерге енгізілген робототехника пәнінің маңызын арттыру аса маңызды. Осыған орай Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының  ұйымдастыруымен «Төртінші ғылыми-техникалық революция жағдайында ғылым мен техникалық шығармашылықты дамыту» тақырыбында  секциялық отырыс өтті. Оған қосымша білім беру ұйымдарының оқытушылары, орта мектептердің робототехника мамандары қатысты. 
   Оқушылардың ғылыми-техникалық бағыттағы шығармашылық мүмкіндіктерін кеңінен қолдануда педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыру мақсатындағы секциялық отырыста оқытушылар қауымы өз тәжірибелерімен бөлісіп, осы саладағы жаңашылдықтарды ортаға салды.
   Шара барысында Талғар ауданы «Жас техниктер стансысының» директоры Жанар Қожахметова сөз алып, радиомен басқарылатын модельдер мен автомобильдер, ұшақ, кеме және басқа жабдықтарға арналған басқару жүйелері туралы жан-жақты баян етті.  Аталмыш мекеменің оқытушысы Мстислав Ващенко авиамодель үйірмесі, оның баланың логикалық ойы мен санасының дамуына әсері туралы сөз қозғады.
   Көксу ауданы Мұқаншы орта мектебінің көркемсурет және сызу пәні мұғалімі Қарлығаш Жүнісова робот техникасын инновациялық жобаларды қолдана отырып іске асыру жайында, Талдықорған қаласындағы «Жас техниктер стансысы» робототехника пәні оқытушысы Всеслав Трофимов робототехникадан сабақ берудің жаңа жүйесі туралы, Еңбекшіқазақ ауданындағы  О. Мұхаммади атындағы орта мектептің информатика пәні мұғалімі Марат Ибрагимов ІТ технологияларды күнделікті өмірге енгізу турасында тәжірибелерімен бөлісті.
   Шараға аудан, қалалардан қатысқан мұғалімдер де өз ойларын ортаға салып,  ғылыми-техникалық бағыттағы жаңа жүйеге негізделген оқулықтарды қайдан алуға болатындығы, балаларды ғарыш әлеміне қызықтыра білудің жаңа технологиялары, оқыту жүйесі, кешегі және бүгінгі білім берудегі айырмашылық, артықшылықтар туралы сөз етті. 
   Жас жеткіншектерге ғылым мен техниканың сырын меңгертіп, баулуда жаңашылдыққа бағыт алу мақсатындағы секциялық отырыстар педагогтардың қатысуымен Қапшағай, Текелі қалаларында жалғасын таппақ.

Алма ЕСЕНБАЕВА.