ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУДЫҢ ҚАТЕРІ

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1497
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Баспасөзді ақтарып отырып мынадай дерекке кездейсоқ ұшырасып қалдым. Адам баласы соңғы екі мың жыл ішінде үш рет жаһан­дық жылыған, үш рет жаһандық суы­ған кезеңді бастан өткеріпті. Температураның соңғы төмендеу кезеңі ХІХ ғасырдың бірінші жартысында байқалып,  екінші жартысында ауа райы қалпына келіп, ХХ ғасырда қайтадан жаһандық жылыну кезеңі басталған екен. Америкалық климатолог Уоллес Брокер ауа райындағы осындай өзгерістерді саралай келіп, 1975 жылы 8 та­мызда “Scіence” атты журналға осы тақырыпты көтеріп, “жаһандық жылыну” терминін ғылыми айналымға енгізуді ұсыныпты. Уоллес Брокердің дәлеліне сүйенсек, бүгінгі жаһандық жылыну көп ұзамай ауа температурасының төмендеу кезеңіне ауысуы мүмкін. Оның алғашқы белгілері де белең ала бастапты.

   Бірақ жаһандық жылынудың адамзат өміріне келтіретін қатерін әлі де мойындағымыз келмейді. Тіпті, өткен ғасырдың 60-шы жылдары күннің күрт жылынып бара жат­қан­ы туралы дабыл қаққан кеңестік климатолог А. Будьконың болжам­дарын дәл кезінде елеп-ескермегеніміз дұрыс болмады. Соның кесірін бүгін тарта бастадық. Оған осы кейінгі бірнеше жылдағы ауа райындағы орасан өзгеріс пен экологиядағы қорқынышты көріністер орын алғанда, төтенше жағдайлар туындағанда көз жеткіздік.
   Ға­лымдардың зерттеуі көрсет­кендей, 1980 жылдан бастап ғаламшардағы орташа температура 0,8°С көтерілді. Егер зерделеп қарар болсақ, жаһандық жылынудағы 20 өзгерістің 19-ы 1980 жылдан кейінгі уақытқа тұспа-тұс келеді. Қазiр жер шары бұрынғыға қарағанда 1,1 градусқа жылыған. Егер жер қыртысы 3-4 градусқа қызса, адамдар ойламаған апаттың орын алатындығы анық. Осындай күннiң шамадан тыс қызуы салдарынан полюстiк мұздар тез ерiп бара жатыр. Мәселен, Арктиканың мұздықтары еруiн жарты ғасыр бұрын бастаған. Гренландия мұздары ерiп кетсе, мұхит деңгейi 7 метрге көтерiледi. Мұндай жағдай орын алғанда Мальдив сияқты теңiз деңгейiнен бiр метрге ғана жоғары орналасқан елдердің су астында қалары сөзсiз. Ал Антарктида мен Арктика мұздығы ерiсе мұхит суы 60-70 метрге жоғарылайды. Бұл кезде атом бомбасының зардаптары түкке тұрғысыз болып қалады. Егер осы апат болып жатса, жер бетiнiң өсiмдiктер мен жануарлар әлемi түгелдей өзгерiп, су тапшылығынан 3 млрд. адамның өмiрi қыл үстiнде қалады.
   Биылғы аптап ыстықтың салдары да әлем елдерін мазалай бастады. Шетел баспасөзіндегі ақпараттарға сүйенсек, Оңтүстік, Орталық Африкада қатты құрғақшылық орнап,  теңіз деңгейі көтерліп кеткен. Арктикаға жылы ауа тарап жатыр, ол өз кезегінде  Канада мен АҚШ климатына әсер етеді. Соңғы жылдары Арктикада ауа температурасы көтеріліп, мұздықтар еріп жатқандығы белгілі. Осыған байланысты Еуропа елдерінің бірқатарында аномальді ыстық тіркелді.  Мәселен, Грекияда шілденің басында ауа температурасы 46 градусқа дейін жеткен. Италияда маусымның басында  қатты құрғақшылық пен ыстық ауа райы   сақталған. Ал Жапонияда мамыр айынан бастап осы уақытқа дейін тұрғындар аптап ыстықтан зардап шегіп жатыр. Біріккен Араб Әмірліктерінің Мезайраа қаласында ең жоғары температура тіркелген. Онда температура  60  градусқа жетіп қалған.
   Жаһандық жылынудың адамзаттың өмірі мен өндірісіне, болашағы мен тұрмысына тигізетін әсері де аз болмайтыны белгілі. АҚШ ғалымдары дәлелдегендей, Жер шары температурасының көтерілуінен адамдардың көпшілігі ұйқысыздықтан зардап шегетін болады. Сонымен қатар, атмосфераны салқындату, ауаны ылғалдандыру  мақсатында көп мөлшерде энергия қажет болады. Сонымен бірге ыстық температурада жұмысшылар мен қызметкерлер дұрыс, сапалы қызмет істей алмай, еңбек өнімділігі төмендейді. Егер жаһандық жылыну жылдам жүзеге асатын болса, ғалымдардың болжауынша 50 жылда мұздықтар еріп бітеді. Жағажайдағы елдер суға батып, Жер шарын мұз басады. Ауаның орташа температурасы 10-15 градусқа төмендейді.
   Климатологтар мен ғалымдардың айтуынша,  мемлекеттердің көпшілігі, тіпті Еуропа елдерінің барлығы дерлік климаттың өзгеруіне дайын емес. Сондықтан адамдарға табиғат  катаклизмдеріне қазірден бастап дайындалу керек. Қазіргі уақытта тек Нидерландыда ғана арнайы шлюздар, өзендегі, арнадағы не порттағы кемені суының деңгейі одан жоғары не төмен келесі басқа арнаға ауыстыруға арналған гидротехникалық  құрылғылар бар. Осыған ұқсас қондырғы Петербор жағалауында да орнатылған екен. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің бірқатары балама энергия көздерін 30-40% қолдануға көшті. Осы бағытта Америка, Еуропа елдері  жақсы жұмыс жасап жатыр. Мәселен, біздің елімізде балама энергия көзін пайдалану тек 1% ғана. Бұл өте қиын жағдай.
   Өткен жылы қыста әлемнің ең жас қаласы, экологиялық өлшемдер мен қоршаған ортаны қорғаудың барлық талаптары ескерілген Астана қаласын соқыр тұман басып, іс-түтек шарпығанда барып есімізді жидық. Сонда ғана климатқа кісілік көзбен қарау керектігін ұғындық. Осыған орай елімізде Қазақстанның экологтар қауымдастығы құрылып, көп жылдар назарға ілінбей, биік мінберлерден шет қалған осы сала ғалымдары мен мамандары қатарға тартылды. Міне, бір жылдан бері елімізде экологиялық ахуалды сақтау, қоршаған ортаны қорғау, климаттағы өзгерістерді зерделеп, сараптау бағытында қыруар шаруа қолға алынып, ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл мәселені әлі де қолға алсақ, кеш қалмаймыз. Десе де, мәселенің түйінін тарқату үшін көп болып жұмылумен қатар ел болып қолдау таныту керек. Зерттеу, зерделеу жұмысына да қаржыны аямай, қолдау арнасын кеңейткен жөн, әрине...
 Бiздiң елiмiздегi ауа температурасы да бiрте-бiрте көтерiлiп келедi. Айта кетерлігі, 2016 жылы Африкада Марикендж қаласында климаттың өзгеруіне байланысты өткен жаһандық жылынудың зардаптары талқыланған. Осы конференцияда Қазақстанның да өз тарапынан климаттың өзгеруіне әсерін тигізіп жатқаны сөз болған.  Ең алдымен, Арал теңізі құрғап кеткеннен аспанға тұздың ұшуы климатқа әсер етсе, екіншіден, еліміздегі  мұнайдың әсерінен шығатын  парниктік газдар, көліктердің пайдаланатын жанармайы, көмір жағатын үйлер, жылу электр орталықтары әлемдік жылынуға әжептәуір үлес қосып жатыр. Осыған орай, әлем елдері бірлесіп қол қойған Париж келісімінде еліміз 2020 жылға дейін парниктік газдардың белгілі бір өлшемін азайту жайлы жауапкершілік алды. Алайда бүгінгі таңда біз осы келісімге сәйкес іс-қимылдар жасап жатқан жоқпыз.  Керісінше, парниктік газдардың мөлшері көбейіп жатыр.
   Жаһандық жылынудың қатері жетісулықтарға да жеңіл тиіп тұрған жоқ. Бірнеше жыл қатарынан көктем созылып шығып, жаз аптап ыстықпен жер танабын қуыратынды шығарды. Соңғы он жыл шамасында Iле Алатауының солтүстiк беткейiндегi мұздықтардың жартысына жуығы ерiп кеткен. Эколог-климатологтардың айтуынша, ХХI ғасырда асқақтаған Алатауымызда адам көзiн сүйсiндiрер мұздық қалмайды. Бұл деректер “2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы” атты мемлекеттiк бағдарламада көрсетiліпті. Мың жылдан берi қатталған мұздықтар ерiсе, тау шыңдарының ойыстарында алып көлдер пайда болып, тасқындар көбеюі мүмкін. Мәселен, 1963 жылы Iле Алатауындағы мұздықтардың еруi салдарынан Есiк көлiнен алапат сел басталып, етектегi елдiң есiн алған. Бұл оқиғадан кейiн тау басында мұздықтардан пайда болған “Ақкөл” көлi қалды. Ендi мұздықтар ери қалған жағдайда Ақкөлдi арнасынан асырады, өз кезегiнде ол Есiк көлiне тағы бiр сарқуы мүмкiн. Оның зардабын мөлшерлеу қиын. Статистикаға сенсек, жаһандық жылыну процесiнен Iле Алатауынан бастау алатын өзендердiң суы соңғы жылдары 16%-ға кемiптi. Мұндай келеңсіздік жер жаннаты атанған Жетісудың әр тұсынан кездеседі. Егер осыны ертерек қолға алып, оның шешу жолдарын таппасақ, жеті өзені сарқырап ағып, құзар шыңдары көкке бой созған және көкпеңбек көлдері көздің қарашығындай мөлдіреген жерұйық мекенді құла түзге айналдыруымыз әбден мүмкін.
    Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты», – деп атап өтті.  Соның кесірінен, Жер-ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен шөлге айналды. Осының бәрі жерге аса немқұрайды қараудың ащы мысалы. Енді осы қатерге жаһандық жылыну қосылды. Сондықтан жаннат мекенімізді қорғаудың дұрыс жолын қарастыруға тырысқанымыз жөн.

Қажет АНДАС.