Жағалау жастармен жанданды

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1738
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халықаралық жастар күніне орай облыс орталығындағы Қаратал өзенінің жағалауы бұрын-соңды болмаған ерекше думанға бөленді. Өзен жағасында облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен тұңғыш рет «Jetisu Style» атты жастар фестивалі  өтті. 

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шарада өңірдегі аудандар мен қалалардан келген 200-ге жуық жас талант өнерлерін ортаға салып, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Фестиваль аясында 25-ке жуық алаң ұйымдастырылды. Бір-біріне ұқсамайтын, сипаты әрқилы алаңдарды Амандық Ғаббасұлы асықпай аралап, жастармен пікір алмасты. Думанды кеште 100 домбырашы күмбірлетіп күй ойнады. Этноауылдағы қазақүй, асық ату жарысы мерекені одан әрі айшықтай түсті. Ал фотокөрме, ағаш кескіндемесі, «Jetisu: Handmade» шеберлерінің көрме саудасында өз ісінің нағыз майталмандары туындыларын ортаға салды. Бір ерекшелігі – әркім ұнаған затын сол жерде сатып алуға немесе тапсырыспен жасатуға мүмкіндік алды. 
Батырлар мен ақындар дүбірге бөлеген қасиетті Жетісу жерін өлең өлкесі демеске себеп жоқ.  Поэзия кешінде оқылған өлең мен жас ақындардың өзара сынға түскені жиналған қонақтардың таңдайын қақтырды. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Өлең – сөздің патшасы» атты поэзия кешінде бірінші орын Бейбарыссұлтан Өмірбайұлына,  екінші орын Алуа Асқарға, үшінші орын Жансая Тілеуханға бұйырды. Жеңімпаз атанған ақындарды өңір басшысы марапаттап: «Осындай дарынды жастар Мұқағали атамыздың жолын қуып, қазақтың атын шығарсын», – деп жылы лебізін білдірді. 
Ойын-сауық, спорт алаңы, балаларға арналған асфальтқа сурет салу байқауы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндейді. Тілектер тақтасына фестиваль қонақтары армандарын жазып қалдырды. Караокеде әуелетіп ән айтып, Қарбыз Party-де дәмнен ауыз тиді. Көше гимнасттары таңғажайып шеберліктерін көрсетсе, робототехника алаңында жастар ғылыми жетістіктерін көпшілікке паш етті. Ал әуесқойлар баскетбол, скейтборд, киберспорт сынды спорт түрлерінен сынға түсті. Ұл-қыздар картинг, бампербол, Beatbox және Dance Battle алаңында көңіл көтерді. Фестиваль арнайы сахна төрінде түйінделді. 
– Жетісу жерінде жастарға арналған тұңғыш фестиваль өтуде. Құтты болсын! Жағалауда осындай кездесулер болсын, жастар осында жиналсын, бір-бірімен таныссын, өнерлерін көрсетсін деп салғанбыз. Сол тілегіміз орындалуда. Қандай керемет! Барлық өңірден қаншама дарынды жас келіп, жұмыстарын көрсетіп, бізді қуантып жатыр. Жастар – еліміздің тірегі. Сол сенімді ақтауларыңыз керек. Әрқашан дұрыс жолмен жүріп, жақсылықтарға жете берулеріңізді тілеймін. Біздің болашағымызды қолға алып, Қазақстанды, Алматы облысын бұдан да биік деңгейге, дәрежеге жеткізесіздер деп сенемін. Ақ жол! Ұйымдастырушылар мен демеушілерге шын жүректен рахмет айтқым келеді, – деген облыс әкімі Амандық Баталов фестивальді бір уақытты белгілеп, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу керектігін алға тартты. Өңір басшысы Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Jetisu Style» атты жастар фестиваліне қатысқаны үшін барлық аудан, қала жастарын марапаттап, сый-сияпат ұсынды. 
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздары Raim & Artur дуэті әннен шашу шашты. Фестиваль отшашумен аяқталып, қатысушылар ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Мәулен Әнербай