Инновациялық жоба жүзеге асты

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1278
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Іле ауданында германиялық компанияның «VILO SENTRAL ASIA»  кешенінің ашылу салтанаты өтті. 

Оған аталмыш компанияның вице президенті Йенс Даллендоерфер,  облыс  әкімі Амандық Баталов, ҚР Инвестициялар және даму вицеминистрі Ерлан Хаиров қатысты. Қуанышты сәтте  Амандық Ғаббасұлы облыста мұндай  ірі жобалардың жүзеге асып жатқанын жақсы ырымға балады. 
– Бүгінде біз үлкен мүмкіндіктері бар ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған мемлекетке айналудамыз. Экономиканың инновациялық дамуы елдің, соның ішінде облыстың дамуы үшін үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы  бұл бағытқа ерекше мән беріп отыр. Индустриалды-инновациялық даму бағытымен республика көлемінде 16 өндіріс орны  салынып жатыр. Оның  алтауы  біздің облыста. Құрылысы аяқталған «Лукоил», «Маревенфуд», «Вило»  сияқты ірі өндіріс кешендері осының дәлелі», – деді ол. 
Йенс Даллендоерфер өз сөзінде:
– Біздің өндірістік қуатымыз жаһандық даму стратегиясын қамтиды. Қазақстан өңірдегі іскерлік белсенділікті арттыруда маңызды рөл атқаратын тораптық орталық. Стратегиялық тиімді орналасу жағынан  Азия мен Еуропа арасындағы әлеуеті зор мәдени және экономикалық даму көпірі. Сондықтан да Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол», «Владивостоктан Лиссабонға дейінгі экономикалық кеңістік» сияқты жобаларына өз үлесін қосуына қауқары жететініне сенімдімін, – деді. 
Өндіріс кешеніне тартылған инвестиция көлемі 4 миллион еуроны құрайды. Өндіріс орнының 2000 шаршы метр аумағында консольдік, блоктық, ұңғымалық сорғыларды тестілеу, инженерлер мен жобалаушылардың коммуналдық тұрмыстық шаруашылыққа  қатысты сервистік жүйелерін қарастырудың жоғары технологиялық  оқу орталығы орналасқан. Негізгі бағыты жылыту, желдету, салқындату, сумен жабдықтау, сарқынды суларды шығару сияқты сорғы жүйелерінің автоматтандырылған түрлерін шығарады. 
VILO компаниясы  жабдығын дүниежүзінің 60 еліне шығаратын әлемдік өндіруші саналады. Бүгінгі күні өндірісте 7 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жоспар  бойынша жаңа ашылған өндіріс өнімі Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Моңғолия, Армения, Әзірбайжан, Грузия елдеріне таралады. Өндірістік қуаты жылына 200-300 сорғы стансысын жасайды, 50 жұмыс  орны ашылған. Атап өту керек, аталмыш компания Қазақстанда тұңғыш рет халықаралық сертификаттау жүйесінің «Жасыл» құрылыс санатындағы өндіріс орындары ішінде «Алтын сапа» сертификатын иеленген.
 
Мақпал МЫСА,
 
Іле ауданы