Құрылыс барысымен танысты

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1316
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сенбі күні облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, жүргізілген жұмыстардың сапасын тексерді. Алдымен Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының сыртқы қасбетіне жасалып жатқан күрделі жөндеуді, орталық алаңдағы субұрқақтардың орналасуын көріп, бағасын берген өңір жетекшісі оңтүстік-батыс ықшамаудандарында салынып жатқан ғимараттардың құрылысымен де танысып шықты.

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жүргізіліп жатқан жұмыстардың көлемі 90%-ға аяқталғанын мердігер ұйымның өкілі Әділ Тұрсынжанов баяндап, сыртқы өңдеу жұмыстары біткенін жеткізді. Жұмыстың басты бағыты нысанның ішкі бөліктерін жөндеуге жұмылдырылады. Енді бір айдан соң мәдениет ошағы өз есігін көрермендерге айқара ашады. Осыған орай, құрылысты межелеген мерзімде аяқтауды тапсырған өңір жетекшісі субұрқақтарды дәл уақытында бітіруді міндеттеп, сәулет кешенінің аумағына қарайтын тұстарды көгалдандыру керектігін де ескертті.
Алыстан көз тартатын жаңа драма театрының құрылыс жұмыстары 80%-ға аяқталыпты. Жалғыз Талдықорғанның  ғана емес, күллі облыстың мақтанышына айналар ғимараттағы жұмыстың қарқынды екенін сырттай көрген адам оңай байқайды. Мәдениет ордасының негізгі кірер бөлігін тексеріп шыққан Амандық Ғаббасұлы кейбір кемшіліктерді түзеуді тапсырды. Одан соң көрермен залымен, театр сахнасымен танысқан облыс әкімі лайықты акустиканың болуы міндетті екендігін ескертті. Бұдан соң драма театрдың көркін ашатын жиһаздың әсемдігін, түсін, көлемін таңдауға қатысып, ұсынылған еуропалық алты үлгінің екеуін жөн көрді. Көрермен залының орындығы ғимараттың өзіндік сәулетіне сәйкестендіріліп алыныпты. Оның өткен қыста таңдауына қатысқан облыс әкімі ұсақ оюлар мен өрнектердің жиһаз матасының түсіне сәйкес келуін арнайы қадағалапты.
Драма театры аумағына төселіп жатқан тас төсеуіштің сапалы әрі дұрыс салынуын тапсырған Амандық Баталов мәдениет ордасының айналасын көгалдандыру жұмыстары сапалы жүруі керектігін ескертті.

Мәди АЛЖАНБАЙ