Бес жұлдызды қонақүй ашылды

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1869
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөлде жылына 30 мың туристі қабылдайтын бес жұлдызды жаңа қонақүй кешені ашылды. Ақши ауылында бой көтерген көпсалалы «Көктем Гранд Ресорт» қонақүйі бір күнде 450 адамды қабылдай алады.  Жалпы 2,3 млрд. теңгеге жуық инвестиция салынған ауқымды жобаны «Falcon Petroleum» ЖШС жүзеге асырды. 

Кешеннің ашылу салтанатына қатысқан көпшілікті құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов Елбасының тапсырмасына орай қолға алынған ауқымды жұмыстарды баяндады. 
– Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Алакөлге жұмыс сапарымен келген кезінде көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бере отырып, бұл жұмыстарды әрі қарай да қарқынды жалғастыру қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан да бүгінгі ашылып отырған бес жұлдызды заманауи қонақжай кешенін Елбасы тапсырмасын орындау бағытындағы тағы бір қадам деп санауға болады. Осы тұста дәл осындай ауқымды жобаны жүзеге асырған жерлесіміз, кәсіпкер Мұрат Әділхановқа ерекше алғысымды білдіремін, – деді өңір басшысы.
Алакөлде өткен жылы 700 мың адам демалса,  биылғы 29 тамыздағы есеп бойынша демалушылардың саны 1 миллион- нан асып кеткен. Алдағы уақытта да демалушылардың қатарын көбейте түсу үшін көптеген игілікті жұмыстар жүргізілуде. Айталық,  бүгінге дейін 3 млрд. теңге қаржы жұмсалып, Ақши ауылынан Алакөл жағалауындағы демалыс орындарына дейінгі жалпы ұзындығы 23,8 шақырым жол жөнделген. Сондай-ақ, Үшарал – Достық, Талдықорған – Достық бағытындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмысы басталды. Демалушыларды Алакөл жағалауына жеткізу мақсатында Жетіген – Достық – Жетіген бағытында теміржол және Алматы – Үшарал – Алматы, Астана – Үшарал – Астана, Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағыты бойынша әуе қатынастары іркіліссіз қызмет көрсетуде. Оны облыс әкімдігі субсидиялайды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 516,4 млн. теңге қаражат бөлінген. Келесі жылдан бастап Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қалпына келтіру жұмысы мен көл жағалауын шайылудан қорғауға қатысты жобалар қолға алынады. 
Бүгінде Алакөлдің маңында 213 пансионат келушілерге қызмет көрсетеді. Бұл облыстағы барлық туристік қызмет көрсететін нысандардың 30%-ын құрайды. Соның ішінде «AQUAMARINE resort», «Асар», «Ала теңіз», «Аласу», «Қара тас», Алтын Эби», «Черный камель» қатарлы ірі демалыс орындарын атауға болады. Сол қатарға тағы бір көпсалалы демалыс орны қосылды. Бұл көл жағалауындағы туризмнің өркендеуін ілгерілетпек. Оның мүмкіндігін облыс басшылары да жоғары бағалап отыр.
Көпсалада қызмет көрсететін қонақжай кешенінің жалпы аумағы 16 гектар, оның      10 гектары саябаққа арналған. Бес қабаттан тұратын қонақүй кешеніндегі 107 бөлмеге бір күнде 450 адам жайғаса алады. Оның 97-і стандартты, 4-і люкс және 1-і президенттік люкс санатындағы бөлме. Қонақүй кешенінде 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда демалушыларға жазғы кафе, монша, караоке клубы, дүкен, балалардың ойын алаңқайы, волейбол және үстел теннисінің алаңы, кітапхана, автотұрақ пен өзге де нысандар қызмет етеді.
«Көктем Гранд Ресорт» қонақүйінің директоры Мұрат Әділханов облыс, аудан басшыларының ауқымды жобаны жүзеге асыруда көрсеткен қолдауына ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да кешенді кеңейтіп, қызмет сапасын үнемі жетілдіріп отыратынын айтты. 

Қажет АНДАС
Алакөл ауданы