АҚЖАРДАҒЫ АЛТЫН ТОЙ

Уақыты: 04.09.2018
Оқылды: 1888
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Әр қазақтың кіндігі ауылға байланған емес пе?! Ауылға бара қалсаң тынысың ашылып, көңілің жай табады. Қимас сезім, балғын балалық шақ, бозбаланың қызықты күні, жас жігіттің естен кетпес естелігі көз алдыңа келіп, сарғайған сағынышпен қауышасың.  Не деген құдірет екені белгісіз, көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын, тілмен жеткізе алмайтын бір тылсым күш ауылға тартады да тұрады. Ақжарқын ағайынның кең пейілі мен ыстық ықыласын айтсаңшы. Сонау анаң сүйенген ескі шарбақ, әкең қой айдаған қыраттар – барлығы да сені жатсынбайды. Қайта жылыұшырай қарсы алып, бауырына басқысы келеді. Сол кездегі ыстық сезім еске түссе, көзіңе ыстық жас іркіледі. Бұл – ескірмейтін естелік, әлемнің қай түкпіріне барсаң да санаңнан еш өшпейтін өмір өткелі. Жыл өткен сайын сағынышың артып, ауыл жаққа жиі жол тартқың келіп тұратыны  ауылға деген махаббаттың белгісі екені анық. 

 
    Осындай ыстық махаббаттың көрінісін біз Қаратал ауданы, Ақжар ауылында көрдік. Осыдан елу жыл бұрын құрылған Қоржынкөл қой кеңшары, Ақжар ауылы жарты ғасырлық тойын атап өтті. Елдің өркендеуіне, мемлекетіміздің гүлденуіне үлес қосқан Ақжар ауылынан шыққан азаматтар бір атаның баласындай жұмылып, үлкен істі қолға алды. Ағайынның берекесін жарастырған дүбірлі мерекені бірауыздан қолдап, қол ұшын созған, демеушілік жасап, қолдау білдірген жауынгер-интернационалист, бүгінде Астана қаласында «KEGOK» компаниясы президентінің бірінші орынбасары Бақытхан Жазықбаевқа елдің алғысы шексіз. Жұдырықтай жұмылып, тойдың өтуіне атсалысқан азаматтардың ішінде Мәди Бодаубеков, Еметай Жарқынбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
    Салтанатты шараның басы үлкен жиынмен басталды. Ортаға Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақыт Смайлов, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Ақжар ауылының ақсақалы, бұрынғы басшысы Құлтай Түменбаев, Еркінбек Слямов, Әділ Бектасұлы және Бақытхан Жазықбаев шығып құттықтау сөз сөйледі. Тұрғындар алдында сөз алған аудан әкімі Рауан Рақымбеков жиылған жұртты бүгінгі айтулы шарамен құттықтап, бұл мерекенің маңызы зор екенін жеткізді. 
– Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деген бағыт бар. Міне, соның нақты дәлелі бүгінгі өтіп жатқан шара және оны атап өтіп жатқан Ақжар ауылының барлық азаматтарына алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі. Мұнан кейін аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смайлов та ауданның бірқатар ілкімді істерін атап өтіп, дүбірлі мерекемен құттықтады. Ауыл ақсақалы Құлтай ата ауылдың құрылған күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихынан сыр шертіп, сол кездегі еңбек еткен бірқатар азаматтардың есімдерін атады. Қызу еңбек пен өркендеудің жолында өрісті дамыған Ақжар ауылы ауданның алдыңғы қатарында болғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы ғана емес, мәдениет, өнер жағынан да атағы шыққанын мақтанышпен жеткізді. Ақсақалдың ақ батасынан кейін ортаға ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін шығып, жерлестерін бір серпілтіп алды. 
– Ежелден аты алты Алашқа мәлім Сарыесік атырабы бүгінге дейін сол биігінен түскен жоқ. Сол заманда елім, халқым, жерім деп күн кешкен Мықтыбек баба, Бақай батыр, Тілеуғұл батыр, аға сұлтан болған Жәлменде мен ақын, сазгер, болыс Пышан атамызды дүниеге әкелген киелі өңір. Сол бабаларымыздың жолын жалғаған ақмаңдай азаматтар ауылым деп бүгін үлкен той өткізіп жатыр. Бұл дегеніміз елге, жерге деген құрмет. Азаматтардың биік белеске шығуы – киелі топырақ пен ауылдағы ағайынның ақ батасының арқасы. Олай болса, тойымыз тойға ұласып, бірлігіміз жарассын! – деген Ә. Әрін сөз соңынан «Бақай батыр» өлеңін оқыды. 
   Рухты жырдан кейін осы шараға мұрындық болған ауылдың тумасы Бақытхан Жазықбаев шығып жүрекжарды тілегін ақтарып: «Бүгінгі шара бір адамның қолынан келетін іс емес, оған барлығыңыз да атсалыстыңыздар. Ауылдың иесі де, киесі де сіздерсіздер. Елдің еңсесі биік болсын», – дей келе бүгінгі тойдың шашуы ретінде өзінің авторлық идеясымен ақын Қалқаман Сарин сөзін, әнін Арман Бексұлтан жазған әнші Өмірқұл Айниязовтың орындауындағы «Балқашым» атты әннің тұсауын кесті. Әуезді әннің ырғағында ортаға шығып би билеген ауыл тұрғындары ыстық ықыласын жаудырды. Тіпті, неше қайтара орындатып, көз жастарына ерік бергендерді де көзіміз шалып қалды. Қайран көңіл, ауылға деген сағыныш пен қимас естеліктердің жылы сезімі жүректі тербеп, жан дүниеңді босатқандай күй кешесің. Рас, солай да болды. Жиынға жиналғандардың барлығы да сол ыстық сезіммен қайта қауышқандай күй кешті. Оны айтпаса да түсінікті, сырт көзге анық байқалды. Мұнан кейін ортаға еліміздің өнер жұлдыздары Сафуан Шаймерденов, Мұқасан, Өмірқұл Айниязов, Гүлбану Лахаева, Асылбек Тойлыбаев, Өркен Рыскенұлы әннен шашу шашып, көпшіліктің көңілін көтерді. Концерт соңында тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде ас беріліп, қызықты думанға ұласты. 
   Той түстен кейін спорттық шарамен жалғасты. Гір тасын көтерген жастар өте көп. Білек күшін сынаған алып жігіттердің арасында Бақтыбай ауылынан келген Айдын Нұғымановқа жеткен ешкім жоқ. Ол 64 келі гір тасын 31 рет көтеріп, бірінші орынды жеңіп алды. Қошқар көтеруде де осы жігіттің бағы жанды. Көпбірлік ауылынан келген Ернар Бейсембаев 94 рет көтергенімен артынша Айдын Нұғыманов 73 келілік қошқарды 115 рет басынан асырып, қанжығасына өзі көтерген қошқарды байлады. Бұдан кейін қазақ күресінен жарыс өтті. Сайдың тасындай іріктелген жиырма балуан бозкілемнің шаңын қақты. Бірінен-бірі өткен әккі балуандар ақтық сынға дейін кім мықтыны анықтады. Арасында талай бәсекеде топ жарған сақа балуандар да бар. Ауылдың азаматтары қанша тірессе де мықтыларға жол беріп жарысты ерте аяқтап жатты. Сонымен, сыралғы қарсыластар суырылып алға шықты. Ақтық сында қазақ күресінен әлем чемпионы, Алакөл ауданының балуаны Тоқтар Қаркатеров пен Қаратал ауданының балуаны Ілияс Нүсіпқожанов шықты. Айласы басым Тоқтар жеңіске жетіп, 100 мың теңгеге қол жеткізді. Финалда жол берген Ілияс 75 мыңды қанағат тұтса, қолаға қол созған сарыөзектік Мұхит Қойшыман 50 мыңды қоржынға тоғытты. Ал волейбол ойынында Ақжар ауылының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші тұғырға Дөңши ауылының командасы жайғасса, үштікті Көпбірлік ауылының командасы құрады. Көкпар ойыны өте тартысты өтті. Білекті де жүректі жігіттердің додасында Ескелді ауданы, Жетісу ауылының көкпаршылары ешкімге дес бермеді. Ат спортының ойындары тіптен қызықты өтті. Ауыздықпен алысқан сәйгүліктердің бәсекесінде осалы болмады. Құйысқан тістесіп, үзеңгі қағыстырған ат додасын тай жарыс бастады. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған тай жарыста бірінші орынды Алмалы ауылынан келген Әміржан Назардың тайы жеңіп алды. Екінші болып мәре сызығын Ақжар ауылынан Ақылбек Досбаевтың тайы кессе, үшінші орынға Көпбірліктен келген Сәлім Әлимановтың тұлпары тұрақтады.  Құнан бәйгеде Балпық би кентінен келген Аманқұл Мұқашевтің тұлпары жеке дара келді. Екінші болып Алдаберген ауылынан Амантаевтың құнаны көмбеге жетсе, үшінші орынның бәйгесін жергілікті Ақжар ауылынан Қанат Байболысовтың құнаны жеңіп алды. Бәйге төресі аламан жарыста шашасына шаң жұқпаған отыздан аса тұлпарлар қара жерді қайыстырды. Бұл дүбірде де Балпық би кентінің атбегі Аманқұл Мұқашевтің бағы жанды. Құйысқан тістесіп келген Ақжар ауылының Мейірхан Рахметовтің тұлпары екінші орынға жайғасса, Елтай ауылдық округінен келген Қазанбаевтың бәйгесі үздік үштікті құрады. Бір күн бойы ат шаптырып той жасаған Ақжар ауылының азаматтары шат-шадыман күйге бөленді. Той соңында ауыл тұрғындары Бәйшегір ауылында тұрғызылып жатқан Бәйшегір баба мешітінің құрылысына 450 мың теңге аударып, сауапты іс қылды.
 
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.