АЛАКӨЛДЕН ҰШҚАН АҚҚУЛАР

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1666
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
   Бір бұтасы бір үйдей Алакөл мекенінен шыққан азаматтардың қай-қайсы болмасын өнерден кенде емес. Бірі – ән әлеміне қанат қақса, бірі – жыр пырағына мініп өлең өлкесінде өз өрнегін салуда. Тізе берсек толып жатыр. Міне, соның ішінде өлең құсын шартарапқа самғатып, ел ішінде «Жан сері» атанып жүрген ақын Жангелді Немеребаев та бар. Жақында қаламгер ауылында «Алакөлден ұшқан аққулар» атты жыр кешін өткізген болатын. Біз де сол мерейлі сәттің куәсі болып қайттық.
 

   Әнуар Әлімжанов, Сәкен Иманасов сынды қарымды қаламгерлерді өмірге әкелген мынау байтақ мекеннің жыр өлкесіне сыйлаған тағы бір тартуы  «Отан патриоты» орденінің иегері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жангелді Немеребаев десек, артық айтқанымыз емес. Жастайынан бойына біткен ерекше ақындық қабілетінің арқасында қолына қалам алып, өзінің төл туындыларын баспа бетіне жарыққа шығарудан еш жалыққан емес. Міне, осы туындыларын кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру мақсатында ақын өз еңбектерін кітап қылып шығарып, көпшілікке тарту жасаған-ды. Ол жайында Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіман: «Жыр қылмақ біреу бастан өткергенін, Жыр қылмақ біреу азды-көп көргенін», – деп дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин өрнектегендей ізденіс үстіндегі ақын ініміз ой-теңізден маржан сүзіп, дәстүрлі поэзия мұхит болса, сол мұхитқа құюға асыққан өлең-өзендердің өзіндік арнасын тереңдетуге талпыныс жасапты. «Көңілге мұң, түскенде жанға қаяу. Шер тарқаттым жыр жазып таңға таяу. Бірге болдың үміттер ақталғанда, Көкке төбем екі елі шақ қалғанда» – деп поэзиямен сырласқан ізденімпаз жастың жетпістен астам өлеңінің басын қосқан тұңғышына іштарта қарап, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» іздегеніміз, тапқанша асық болғанымыз жасырын емес. Іздегенімізді таптық та, – деп інісіне өз ілтипатын білдірген болатын. Осыдан кейін Жетісу жұрты ақынға оң бағасын беріп, кешегі айтулы ақындардың жалғасындай көріп жүр.
   Иә, шынында ақынның «Қар гүлдері» атты жыр жинағы бала күніндегі мөлдір сезімнің жиынтығы. Оқып отырып, еріксіз таңдай қағасың. Оны көпшілікпен бөлісу ақынға серт. Осы орайда Жангелді Немеребаев ауылына ат басын бұрған. Қашан барса да ауылдастары ақынды күтіп алудан жалыққан емес. Оны біз бұрындары да көргенбіз. Осы жолғысы тіптен бөлек. Бәлкім, ауыл жұрты жырға шөлдеп жүргеннен шығар.
   Кештің шымылдығын ақынның сөзіне жазылған Нұржан Ахметбектің әні «Камелиямен» түрілді. Осынау тамаша әнді сазгер өзі орындап, көпшілікті бірден баулап алды. Одан кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Бірі махаббат тақырыбын арқау етсе, бірі ақынның туған жеріне арнаған туындыларын жатқа айтты. Осы сәтте ақынның тағы бір қыры ашылды. Ол – оның сазгерлігі. Облыстық «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі Жандос Смағұлов кеш иесінің «Ауылым» әнін орындады. Ақынның әнге айналған әсерлі туындысын жиналған қауым орнынан тік тұрып тыңдады. 
   Содан соң кеш иесі сахна төріне шығып, қолдап-қолпаштап келген жерлестеріне алғысын жеткізді. 
– Биыл қасиетті Алакөл ауданының 90 жылдық мерейтойы. Оған қоса кезінде бізге ұстаз болған, қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Иманасовтың туғанына 80 жыл толып отыр. Осы өңірдің тумасы болғандықтан үйде тыныш жата алмадым. Сіздермен қауышып, жырдан тарту жасамаққа алдарыңызға келдім. Әрқайсыңыз мен үшін бір төбесіздер. Сіздердің ақ баталарыңыздың арқасы шығар, осылай шалқып-тасып жүргенім. Дәйім, тек осындай мерекелерде жолығуға жазсын деген ол, ары қарай жыр тиегін ағытты. Жаңадан шыққан өлеңдерін халықпен бөлісіп, оқырманның мейманасын тасытты.
   Шара барысында Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Абдинов сөз алып, халық атынан ризашылығын білдірді. 
– Әр ақын өзінше сұлу сөзден махаббатқа мүсін орнатады. Оны қашап, әдемілеп беретіндері де бар. Боямасыз беретіндері де жетерлік. Махаббат тақырыбы – мәңгілік.  Мұны мен Жансерінің лирикалық өлеңдерінен байқадым. Және де оның елге деген, жерге деген риясыз пейілі жан сүйсіндіреді. Халқымызда «Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады ғой. Бойынан осы жеті өнердің бәрі табылатын, жалпылай айтсақ, «сегіз қырлы, бір сырлы» Жангелді Немеребаев бүгінде біздің мақтанышымызға айналды. Бұл кештің мәні де, сәні де бөлек деген Алмас Сапарғалиұлы кеш иесінің иығына шапан жауып, гүл шоқтарын табыс етті.
Иә, поэзия – үлкен өнер.  Ол тек қана сезім сәукелесі емес, рухани күші теңескен, көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты. Содан ба адам біткен Абайға құштар. Одан өз керегін іздеуден танған емес. Сол сияқты, поэзия дейтін ұлы өнерді жанына серік еткен ақынды қалай мақтасаң да жарасады. Себебі, оның сөзі болашақ ұрпақтың жатқа айтар өлеңі һәм бітім-болмысы. Оны бұл кештің аясында анық байқадық. Үшарал қаласының мектеп оқушылары ақынның ауылда қалған бал күндерін көз алдымызға әкелді. «Жайлау», «Қара шаңырақ» өлеңдерін музыка ырғағымен тебіреніп оқыды.
   «Әдебиеттегі әуелгі ұстазым – кітап» деп санайтын Жангелді Немеребаевтің кешінен бойындағы өнерінің ұшқынын көріп, дамуына үлес қосқан ұстаздары да табылды. Сондай-ақ, бүгінгі Жетісу әдебиетінің белді өкілдері, өнер саласындағы үзеңгілес дос-бауырлары да ақжарама тілектің томағасын ағытты.
   Шынында поэзия бір болмысты ғана емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы іспетті. Олай дейтініміз, оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән барлық қасиет атаулысы бар. Бүгін біз осынау әсерлі кеште соның бәріне куә болдық. Ақын қашанда халқымен биік көрінеді. Оны «Ер елінде, гүл жерінде» деп тәпсірлейді дана халқымыз.  Дәйім тұғырымыз нық, туымыз биік болғай. Осындай қолдап-қолпаштайтын елі бар ақында арман жоқ шығар. Біз Алакөлден ұшқан аққулар әлі талай жыр айдынының ажарын ашарына кәміл сенеміз.

Қабыл ИСА