БАСШЫНЫҢ БОС УАҚЫТЫ БОЛА БЕРМЕЙДІ

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1840
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Кең-байтақ Қазақстанның қай өңірі де қасиетті, қайталанбас табиғат таңғажайыптары, өзіндік артықшылықтары бар. Соны көре білген, ұқсата алған басшы даму мүмкіндіктерін де қалт жібермейді. «Ауылына қарап азаматын таны» деген ақиқат та тегін айтылмаған. Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевпен арадағы әңгімеміз негізінен осы бағытта өрбіді.

 

– Махаббат Сәдуақасұлы, Сіз қасиетті Күреңбел өңіріне әкім болып тағайындалғанға дейін облыстық деңгейде лауазымды қызметтер атқарып, Жамбыл, Қарасай, Панфилов сияқты бірнеше іргелі аудандарды басқардыңыз. Кербұлақ болса, Алматы қаласынан қашықтау орналасқан, тіпті облыс орталығына да тиіп тұр деуге келмейтін, тұрғылықты халқының саны көп болмаса да өзіндік ерекшелігі мол өңір. Сол өңірмен жақын танысқандағы алғашқы әсеріңіз жайында айтып өтсеңіз?
– Кербұлақ ауданы тұрғындарының саны жағынан сіз атап өткен аудандардан шағындау екендігі рас. Содан кейін де шығар, алғаш жұмысқа келгенімде аудан азаматтарына «бәрің бір-біріңді танитын шығарсыңдар...» деп қалжыңдайтынмын. Ал шындығына келгенде аудан шағын болғанымен, Алматы мен Талдықорған қалаларынан сәл қашықтау дегенімізбен нағыз тоғыз жолдың торабына, экономикалық жағынан қолайлы, оңтайлы тұсқа орналасқан. Бір шеті Панфилов ауданымен шектескендіктен Қорғас кеден бекеті де алыс емес, екінші шеті Қапшағай, одан ары Алматы қаласы да тиіп тұр деуге болады. Көксу ауданы арқылы Талдықорған мен Өскеменге шығуға болады. Бір сөзбен айтқанда жол қатынасын қандай да бір іске пайдалана қалған жағдайда тұрған жері, орналасқан аумағы керемет. Бұл – бірінші артықшылығы. 
Екінші бір артықшылығы – Сарыөзек ірі теміржол торабы. Осындай ерекшеліктерді орнымен пайдалана білсек, үлкен экономикалық жетістікке қол жеткізуге болады. 
Аудан аумағындағы әскери бөлімдермен екі жаққа да тиімді іскерлік қатынастар орнату мүмкіндігі бар. 
Бұрындары Жоламан өңіріне, Сарыөзектің қуаң тартқан тастылау жеріне қарап табиғатына атүсті баға береді екенбіз. Шындығына келгенде Күреңбел өңірі табиғаты керемет жер екен. Шығысы Алтынемел, солтүстік-шығысында Көксу, Көктал өзендері, Талдыбұлақ, Шұбар, Бостон. Табиғатының таңғажайыптығы жағынан Кеген, Нарынқол өңірінің Көлсайымен салыстыруға болатын секілді. 
Тағы бір атап өтетін мәселе – Кербұлақ ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған өңір. Өзіміз де сондай қазақы жерде өскендіктен жаныма сондай жақын, көзіме ыстық көрінді. Өскен өңіріне, кіндік кесіп, кір жуған жерінің ерекшелігіне қарай азаматтары да дарқан, үлкен жүректі болып келеді. 
– Әдетте әр өңірдің даму деңгейін сол өңір әкімінің іскерлігімен байланыстырамыз. Әркім өз шаруасымен, дәлірек айтсақ, аудан жағдайына байланысты ауылшаруашылығымен айналысатын, соған орай көрсеткіштері де көктен беріп, жерден өнетін өнімге байланысты болып жататын нарық жағдайында бұл тұжырым қаншалықты ақиқат деп ойлайсыз?
– Жалғыз басшының қолынан көп дүние келе қоймас, дегенмен де әкімі іскер өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсы болады деп ойлаймын. Өйткені, басшыға көп нәрсе байланысты. Соған орай әр әкім қалыптасқан жағдаймен жіті танысқаннан кейін өңірдегі толғағы жеткен мәселелерді мүмкіндігінше шешуге күш салуы қажет. 
Кеңес өкіметінің кезінде «Іс тетігін кадр шешеді» деген тұжырым басшылыққа алынатын. Бүгінде заман өзгергенмен бұл ақиқат айтарлықтай өзгеріске түсе қойған жоқ. Әркім өз жұмысымен тыңғылықты айналысып, әр саланың тізгінін өз ісін жетік білетін білікті маман ұстауы тиіс. 
Осы жерде жұмыс барысымен Швейцарияда болғаным ойға орала береді. Ол елдің даму көрсеткішінің өте жоғары екендігі белгілі. «Мынадай жақсылыққа, мынадай тұрмыс деңгейіне қалай жеттіңдер?» деп сұрағанымызда олар: «Әркім өзінің отырған орнында өз ісімен айналысу керек» деген жауап қайтарды. Сіз сұрап отырған табыстың кілті де, сиқыр, құпиясы да осында жатыр. Ендеше өңірге әкім болып келгеннен жергілікті азаматтармен тізе қосып осы ауданды жақсылыққа, жетістікке жетелеуім керек деп ойлаймын. 
– Жаңа аудандағы әкімдік қызметіңізді елді мекендердің жағдайымен танысып, аралаудан бастадыңыз. Әр округке арнайы барып, тұрғындармен тілдескеннен кейін бірінші кезекте атқарылатын шаруалар жайында қандай ой түйдіңіз?
– Аудан елді мекендерін 5 немесе 1000 адамы барлығына қарамастан, бір ауылын қалдырмастан түгел аралап шықтым. Ертеңгі күні нақты мәселелерді шешу қажеттігі туындағанда оның қай өңірде, қай жерде екендігін қарамағымдағылардан сұрап отырмау үшін барлық елді мекендердің жағдайымен жіті таныстым деуге болады. Жай аралап қана қоймай тұрғындарды толғандырады-ау деген жайттардың, көзбен көріп, құлақпен естіген кемшіліктердің бәрін тізіп келіп, болашаққа үлкен бағыт, бағдар беретін жоспар жасадым. Бәрін тізбелей келгенде 203 проблемалық мәселе туындады. Осынау өзекті мәселелердің түйінін бүгін немесе ертең, не болмаса 5 жылдан кейін тарқата алсам, Кербұлақ ауданы тұрғындарының біраз мәселесі шешіледі деп ойлаймын. 
Бір ауылдың жолдарының сапасы төмен. Соған қарап көңіліме Кербұлақ ауданының №1-ші проблемасы ауданның ішкі жолдары екен ғой деген ой келді. Енді бір ауылға барғанда мектеп пен Мәдениет үйі ғимараттарының күрделі жөндеуді қажет ететіндігін байқадым. Келесі бір ауылдағы дәрігерлік пункттің жағдайы сын көтермейді. Тағы бір ауылда ауызсу проблемасы туындаған. Әйтсе де, аудандағы түйткілді мәселелердің барлығына талдау жасай келе ең әуелі аудандағы білім сапасын көтеру керектігін анықтадым. Олай дейтінім, болашағымыз саналатын балалардың білім деңгейі төмен. Күрделі жөндеуді қажет ететін, бұзып тастап, жаңадан салмаса болмайтын мектеп ғимараттары бар. 
Осы ауданның әкімі ретінде күні кеше Ұлттық бірыңғай тестілеу жұмыстарының басы-қасында болдым. Сол кезде білім беру саласында үлкен проблемалардың бар екендігіне көз жеткіздім. 
Ең күрделі мәселе – мұғалімдердің жетіспейтіндігі. Мәселен, өткен оқу жылында 34 мұғалімнің орнының бос тұрғаны анықталды. Мектептерге ең алдымен математика мен физика, химия пәндерінің ұстаздары қажет. Менің, білім саласы басшыларының жатпай-тұрмай айналысатын жауапты жұмысы осы. 
Тағы бір толғақты жағдай – мұғалімдер білімінің сапасы. Балаларымызға кім сабақ беріп жүр, білім жүйесін кім басқарып отыр? Мына директордың, мына мұғалімнің білім мен біліктілік деңгейі қандай, ең алдымен соны анықтауымыз керек. 
Бұдан басқа да ауызсу мен  ішкі жолдардың проблемасы деген сияқты жалғасып жатқан мәселелер бар. 
Бұл жерде мен өзім басшы болып тағайындалған ауданды көре салып, қара аспанды төндіріп отырғаным емес. Бірақ мен басшылық қызмет атқарған басқа аудандарда, мен жүрген басқа жолдарда дәл осындай проблемалар жоқтың қасы. 
Бұл ойыммен маған дейін осы ауданда ешкім жұмыс істемеген деген пікір қалыптастырғым келмейді. Әйтсе де, ауданда шұғыл шешімін күтіп тұрған күрделі проблема көп. Содан кейін де алдымызда үлкен жұмыстар күтіп тұр, атқаратын үлкен шаруалар бар. Қарамағымдағы мемлекеттік қызметкерлерді осынау өзекті түйткілдерді шешуге жұмылдырып, өз деңгейінде шеше алсам, әкімдік қызметімді дұрыс атқарғаным деп ойлаймын. 
– Ауданда ауылшаруашылығы саласы жақсы дамыған деуге болады. Бұл орайдағы көрсеткіштерді тізбелемей-ақ қоялық. Әйтсе де, алдағы уақытта басымдық берілетін шаруалар жайына тоқтала кетсеңіз. Өнімді қайта өңдеуден өткізіп, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша мол мүмкіндіктер бар сияқты ғой. 
– Мен негізінен егістік жермен айналысатын Жамбыл, Панфилов аудандарында басшылық қызметтер атқардым. Дегенмен жерді осыншама жақсы көретін, оны туған баласындай мәпелеп күте білетін шаруаларды кездестірмеген екенмін. Содан кейін де аудан халқы ауылшаруашылығы бойынша жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Сөз орайы келгенде айта кетейін, биылғы жетістіктеріміз де толымды. Аудан бойынша 110 мың гектарға жуық егістігіміз бар, оның 86 мың гектарына арпа, бидай себілген. Бүгінгі күнге орташа алғанда гектарына 20 центнерден өнім жинап отырмыз. 
Мұның түпкілікті нәтиже емес екенін де айта кеткен жөн. Олай дейтінім, Қоғалы, Алтынемел, Көксу алқаптарында егін ору әлі жалғасуда. 
  Ауылшаруашылығы саласының айналасында да күрделі мәселелер жеткілікті. Бұл орайдағы басты қажеттілік – тұқым. Ертеректе болған тұқым шаруашылығы жабылған. Болашақ егініміз де, алатын өніміміз де осы тұқым сапасына байланысты болғандықтан бұл жайтқа баса назар аударып отырмыз. Нақты айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров бастаған мамандар осында екі рет семинар өткізіп, ғылым жетістіктерін көрсетіп, ақыл-кеңес алдық.
   Заманауи техника жетістіктері көрмесін өткізіп, тұқымның өнімді барынша мол беретін, зиянкестерге төзімді сорттарын көрсетіп жұмыс жасадық. Соған орай бұл салада үлкен бетбұрыс бар деп айта аламын.
   Өнімді қайта өңдеуден өткізу мәселесімен айналыспай болмайды. Бір мезгілде суармалы жердің көлемін ұлғайтуға, Басши округіндегі 2 су қоймасын, Қоғалы өңіріндегі су жүйесі каналдарын қалпына келтіруге жұмыс жасауымыз қажет. Бұл жұмыстар жүзеге асқанда суармалы жерлердің қатарына тағы 10 мың гектар алқап қосылады.
   Тұқым қоймаларын, арпа, бидай, сақтайтын қоймалардың сыйымдылығын арттырып, санын көбейтуіміз керек. Сонда кейін бағасы көтерілгенде сататын жағдайға жетеміз.
   Қоғалы картобының бұрынғы даңқын жаңғырту бағытында облыс әкімі Амандық Баталовқа баяндаған болатынмын. Бұл бағытта қазірдің өзінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
   Ауылшаруашылығында, оның ішінде мал шаруашылығында бірқатар инвестициялық жұмыстар қолға алынуда. Осы орайда Жоламан өңірінде салынып жатқан 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын, мал бордақылау алаңдарын атауға болады.
– Өңір экономикасын алға бастыратын «Алацем» сияқты ірі жобалар жайын да қозғай кетсеңіз. Тұрғындар арасында бұл жоба жөнінде түсініспестік болғанынан хабардармыз. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілді?
– Бұл әңгіме мен әкім болып жаңадан келген кезде қозғалды. Содан осы «Алацем» зауыты деген мәселемен түбегейлі айналыстық. Сондағы тоқтаған түйінім – бұл цемент зауытын Кербұлақ ауданының болашағы деуге болады. 50 млрд. теңге инвестиция тартылған бұл зауытты Нұржан деген ірі кәсіпкер бекер салып жатқан жоқ. Оның Күреңбел өңірінде бой көтеруінің мәнісі – географиялық орналасуында деп ойлаймын. Мына шетінде Қытай, бір жағында Ресей рыногі де алыс емес, өндіріс орнының өзі, жоғарыда айтып өткенімдей, тоғыз жолдың торабындағы ірі теміржол стансысына жақын маңайда орналасқан.
Ондай теміржол Қарасай ауданында да, Панфилов ауданында да бар еді ғой. Ол жақтарда салынбай Сарыөзек маңынан бой көтеруін жақсылыққа баламасқа болмайды. Бұл біздің ауданға, жалпы Жетісу өңіріне беретін артықшылығы. Жылына 1,2 млн. тонна цемент шығарып, 50 млрд. теңге инвестицияның біздің ауданға тиетіні, бүгіннің өзінде жүздеген тұрғынға жұмыс беріп тұрғаны жақсылық емей немене? Салынып біткеннен кейін жылына 2 млрд. теңге салық төлейтінін, жергілікті 400 тұрғынға жұмыс беретінін қайда қоясыз?!
Бірін айтқаннан кейін бәрін айту керек, болашақта біздің ауданда қандай да бір әлеуметтік нысан салынатын болса, зауыт құрылысқа қажетті цементті өзіндік құны бойынша беретін болады. Компания басшылығы зауыт біткеннен кейін Сарыөзек ауылына бір әлеуметтік нысан салып беруді жоспарлап отыр. Ол аурухана, өнер мектебі немесе бассейн болуы мүмкін. Жаратқан жақсылығын берсе, бірінші кезекте қандай нысанның қажеттігін келісе жатамыз.
Иә, қазіргі кезде құрылыста негізінен шетел азаматтары жұмыс істеуде. Бірақ онда арнайы сынып ашылып, Қытайдан Чехословакиядан келген мамандардың біздің жергілікті азаматтарды оқытып, қондырғылармен орнатылу процесі барысында таныстырып, үйретуде.
Көзі ашық, көкірегі ояу адам кез келген қауесетке сене бермейді ғой. Соған орай мен де замандастарымның жел сөзге ере бермегенін қалар едім. Бүгінде қай елмен қандай шарт бар, сол шарт деңгейінде ғана жұмыс істеуде. Атап айтарым – «Алацем» зауыты әлі біздің ауданның жер қорының есебінде. Біз жерді «Құрылыс жүргізу үшін» деп бердік. Құрылысы біткеннен кейін Қазақстан Республикасының заңына сәйкес сол мекеменің жекеменшігіне беріледі. Тек қазақ азаматына. 
   Ақсақалдарды, жастарды апарып, зауытты аралатып көрсеттім. Қазақстанның белгілі мамандары да келіп көріп кетті. Бүгінгі күнге ешкімнің зауыт құрылысына наразылығы жоқ. 
   Иә, экологиялық мәселелер бар. Бірақ ол тұрғыда мамандар үлкен жұмыс атқаруда. Технологиялық желі 55 шаң ұстағышпен жабдықталған, осылайша әрбір цехта, орташа алғанда, 8 агрегаттан тұратын шаңұстағыш кешен орнатылатын болады. Бұл шаңның ауаға таралуына, нақтырақ айтсақ, айналадағы елге зиянын тигізуге жол бермейді.
– Сарыөзек дегенде ойымызға ең алдымен ірі теміржол торабы оралады. Аудан экономикасын дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуда, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда бұл тораптың әлеуеті қаншалықты пайдаланылады? Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Бағана әңгіме барысында да айтып өттім ғой, Сарыөзек – ірі теміржол торабы. Бұл, ең алдымен, қатынас құралы. Теміржол арқылы қатты отын арзан бағамен жеткізіледі. Тұйығымыз бар. Панфилов, Көксу сияқты аудандар бізден көмір алып отыр. Көмір мен көмір қоймасы да өзімізде. Бағасы халыққа ыңғайлы. 
Ертеңгі күні цемент те осында келеді. Жұмыс орны, қойма, салық дегендей, ол да ауданға пайда. Астықты да экспорттайтын жағдай бар. Ертең картоп және басқа да өнімдеріміз өңделіп жатса, ірі теміржол торабының ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға көп пайдасы тимей ме? 
– Қасиетті Күреңбел өңірінен шыққан тарлан таланттардың есімдері барша қазақ еліне белгілі. Олармен байланыстарыңыз бар ма? «Туған жер» бағдарламасына үн қосып, кір жуып, кіндік кескен жерге туын тігіп жүрген азаматтар аз емес шығар?
– Иә, баршылық. Бұл Шанханай мен Қоянкөздей аналарымыз, Жоламан, Малайсары, Сәмен батырлар, Дос әулие жатқан жер. Ел тарихында қалған Тезек төренің елі. Осы Күреңбел Шоқан Уәлиханов мәңгілікке мекендеген топырақ. Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз бен Тоқсын Құлыбековті, Балғынбек Имашев пен Бейсен Құранбекті дүниеге әкелген қасиетті өңір. Қалың қазаққа танымал тұлғаларымен мақтанатын аймақ бұл. 
   «Туған жер» бағдарламасына үн қосып жатқан азаматтармен байланысымыз жақсы. Мысалға, Бейсен Құранбектің бастамасымен осы өңірдің тарихы туралы қысқаметражды кинофильм түсірілді. Өткенде ауданға қазақ еліне белгілі бауырымыз «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен Жұмабай Шаштайұлы келіп кетті. Шоқанның басына апарып, елмен таныстырдым. Тезек төренің басына барып, құрбан шалып, тағзым етіп қайттық. 
Ұлы тұлғалар жалпы қазаққа ортақ дегенімізбен өздерінің туып-өскен жерінде өзгеше ұлықталады. Мысалы, Жамбыл ауданы дегенде бірден Жамбыл атамыздың есімі ойға оралады. Балқаш ауданы дегенде көз алдымызда асқақтап Дінмұхамед Қонаев атамыз тұрады. Ал біз болсақ, бұл ауданда Шоқанның атымен көп дүниені байланыстырмаппыз. Иә, музейі, ауылы, аталған көшесі, ескерткіші бар. Дегенмен, менің өз ойым, біз Шоқан есімін әлі де жеткілікті деңгейде ұлықтап отырған жоқпыз. Сондықтан Кербұлақ ауданын жұртшылық басқа да қасиетті тұлғаларымен бірге Шоқан арқылы да таныса деген ойым, жоспарларым бар. Бұл «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» бағдарламасына да дөп келеді деп ойлаймын. 
Менің Сүйінбай бабам кезінде Тезек төреден бата алған. Тезек төре жас кезінде Сүйінбайдың қырсығын қайтарып, жолын ашқан деп жатады. Содан кейін де Сүйінбайдың ұрпағы ретінде мен де Тезек төренің басына барып, Құран оқып, құрмет көрсеттім. Жаратқан біздің ісімізді оңғаратын шығар деп ойлаймын. 
– Аудан жеткіншектерінің «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынына қатысуына жағдай жасапсыз. Оны да жақсы жаңалықтың бірі ретінде қабылдадық.
– Әскерилерге жақын өскен, оларды ылғи көріп жүрген жастарымыз соларға еліктеп өседі. Олардың мұндай талпынысына қолдан келгенінше қолдау білдіруге тырысамыз. Өткенде Қарағанды облысында өтетін әскери жаттығуларға қатысамыз деп 10 ұл мен 5 қыз ниет білдірді. Оларға азды-көпті қолдау көрсеттік. Керемет жеңіске жетті. Кербұлақ ауданының жас бүлдіршіндері арасында бұл айтарлықтай жақсы жаңалық болды. Жастарымыздың осындай жақсылықтары мол болсын деп тілегім келеді. 
– Әйгілі Бесшатыр қорымы мен Айғайқұм, Алтынемел сияқты табиғат таңғажайыптары бар, сөз бастаған билеріміз бен қол бастаған батыр бабаларымыз, әулие, даналарымыз жерленген қасиетті өңірде туризмді дамытудың да зор мүмкіндігі бар емес пе? 
– Бұл өңірде қандай әулиелеріміздің, ел қорғаған батырларымыз бен қасиетті аналарымыздың ғұмыр кешкендігі жайлы жаңа айтып өттім ғой. Биыл Жетісу өңіріне келген сапарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туризмнің пайданың көзі екендігін ерекше атап өткен болатын. Бұл тұрғыда облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов бізге көп міндет пен тапсырма жүктеді. Соған орай біз бүгінде туризмді қалай дамытамыз, қандай нысан туристерді қызықтырады деген бағытта жұмыс істеудеміз. Бесшатыр қорымын өздеріңіз білесіздер. Атақты Айғайқұм, жабайы жануарларымыз, Қарашоқы ауылдық округіндегі су құламасы, Жоламан ауылдық округіндегі таңбалы тасымыз, сарқырап аққан өзен-көлдеріміз, Шұбар, Талдыбұлақ, Алтынемел ауылдық округтеріндегі керемет сұлу табиғатымыз, бәрі-бәрі болашақ табыс көзі деп есептеймін. Иә, ондай жерлерге туристерді апарып, олардың жатын орны, жолы және тағы да басқа қажеттіліктерін жасауымыз қажет, сервистері мықты болуы керек. Биылғы жылдың қорытындысымен облыс әкімдігі мен тиісті мекемелерге атқарылатын жұмыстар тізімін ұсынамыз. Кербұлақ ауданындағы туризмнің болашағы зор деп есептеймін. 
– Сіз меценат атанып, өзіңіз басқарған өңірлерде ансамбльдер құрып, талай өнерпаздың бағын ашып жүрген азаматсыз. Соған орай ауданға өнер адамдары, жазушылар мен журналистер ат басын жиі бұра бастады деген әңгімені естіп жүрміз. Бұл орайда Күреңбел өңірінде қандай жұмыстар атқармақсыз?
– Мен бір керемет бай адам емеспін. Меценатпын деп те айта алмаймын. Бірақ өнерді, соның ішінде дәстүрлі әндерді сүйетін адаммын. Көркемөнерпаздар ансамбльдерін құруға, сол арқылы жергілікті таланттарға қолдау көрсетуге атсалысып жүрген азаматпын. 
   Өнер де аудан әкімінің басқаратын саласы. Оны ешқашан сырттатуға болмайды. Бұл менің басқа аудандардағы мақтана алатын тірліктерімнің бірі деп есептеймін. Бұл – қолтаңба. Қазіргі кезеңде атақтары жер жарып, дүркіреп жатқан өнерпаздардың концерттерінде менің атсалысуыммен құрылған ансамбльдердің әншілері мен бишілері өнер көрсетіп, қызмет жасап жатса кәдімгідей қуанамын. Көкірегіме мақтаныш сезімі ұялайды. Өзім басшы болған аудандарда көптеген өнерпаздың бағын аштым ғой деп ойлаймын. Нәтижесінде есімдері елге онша танымал емес дарынды әншілер үлкен сахналарға шықты. Қазіргі Нұрболат Абдуллин, Қуандық, Ернар Айдар, Айсәуле Қайырғазина, «Үшқоңыр» триосы, «Үшқоңыр» квартеті, «Талдықорған әуендері», «Жаркент жұлдыздары», «Құлансаз», Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі, «Сүйінбай сазы» ансамбльдеріне менің аздаған қолғабысым тиді. 
   Әрине, өнер ұжымдарын құру үшін де қомақты қаражат керек. Мысалы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамблі өнер жанашыры Болат Назарбаев ағамыздың қаржылық демеуімен құрылды. Бірнеше ансамбльге облыс әкімі Амандық Баталов қаржы бөліп, қамқорлық жасады. 
   Мен өзім өнер адамдарымен жақынмын. Досымжан, Бағлан, Саят, Талғат, Даниярлармен көп араласамын. Шамам жеткенше көмектесемін. «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамблінің жетекшісі Бағлан Омаровтай азаматтар көп болса екен деп тілеймін, Қазақтың маңдайына біткен жұлдызы Бауыржан Есебаев ақын, сазгер, керемет азамат. Сол Бауыржанмен жас айырмашылығымызға қарамай сырлас, жолдас бола жүріп қазақтың ән қоржынына біраз туынды қостық қой деп ойлаймын. Мен өлеңін жаздым, Бауыржан әнін шығарды. Бауыржан Есебаевпен бірлесіп, қазақтың маңдайына біткен тұңғыш Президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы бірнеше әннің өлеңін жазғанымды өзім мақтаныш көремін. 
Күреңбел өңірін жұртшылыққа танытатын жақсы бір ансамбль құру жайында жоспарым бар. Оған азды-көпті жұмыс жасап жатырмын. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың пейілі түсіп, қандай да бір көмегі болып жатса, бұл аймақтан да мықты бір өнер ұжымы дүниеге келеді деген ойым бар. 
– Ел аузында жүрген тұлғалы азаматтың бірі ретінде туған ауылыңыз бен өскен өңіріңізге өзіңіз қандай жақсылықтар жасадыңыз, сол жөнінде де азды-көпті айта кетсеңіз. Өмірден өтіп кеткен досыңыздың отбасына көмектесіп, үйін жаңадан салып бергеніңізден хабардармыз.
– Мен туған жерімде бір емес, екі рет әкім болдым. Шамам келгенше елім мен жеріме қызмет жасадым. Елмен, жұртпен бірге біраз проблемасын шештім. Соның ішінде айта кететіні – Оспанхан Әубәкіров ағамыздың 4 томдық кітабын бірінші рет шығаруға атсалыстым. Үмбетәлі Кәрібаевтың кітаптарын шығарттым. Марқұм аяулы ағам Есенқұл Жақыпбектің 2 томдығын оқырманмен қауыштырдым. Сүйінбай, Жамбыл бабаларымыздың еңбектерін бастыруға атсалыстым. 
Баяғы бала кезімде өзімнің туған жерім Қарақастекте резеңке етікпен су кешіп, 4-5 шақырым жердегі мектепке оқуға барып жүрдім. Әкем марқұм байысам осы ауылға мектеп салып беремін деп армандайтын. Өйткені өзі де сол жолмен мектепке талай рет қатынаған еді. Соның ыңғайын келтірейік деп жүргенде әкеміз қайтыс болып кетті. Сәдуақастың 7 баласы, бүкіл әулеті ақылдаса отырып, барымызды қосып, сол жерге 120 орынды жаңа мектеп салып бердік. Ол мектепке әкеміздің аты беріліп, жанына ескерткіші орнатылды. Одан сол ауылдың кішкентай балаларына 50 орынды балабақша тұрғыздық. Үкіметтің қаражатына жолы мен суы жасалды. Кейін бергі үлкен күре жолдың бойына Қосай атамыздың ескерткішін орнатуға, Ұзынағашта Жамбыл атамыздың аллеясының ашылуына атсалыстық. Алматы–Бішкек трассасында Саурық пен Сұраншы аталарымыздың ескерткіштері қойылды. Осылайша шамамыз жеткенше туған ел мен өскен жерге қызмет жасауға тырысып жатырмыз. Жасаған жұмысымызға мақтанып отырғанымыз емес. Дегенмен Жамбыл ауданының жетістіктерін молайтуға біраз қол ұшымызды бердік қой деп ойлаймын. 
– Халық сүйіп тыңдайтын бірқатар әндердің сөзін жазғаныңыз да баршамызға белгілі. Жұмысыңыз көптіктен бойыңыздағы бұл дарыныңызды тұншықтырып тастаған жоқсыз ба? Көркем әдебиетті оқуға уақыт тауып жүрсіз бе?
– Сөздің басында айтқанымдай, Бауыржан екеуміз біраз ән жаздық. Әлі де жазамыз. 
Менің бойымда сұмдық дарын, ақындық бар деп ойламаймын. Дегенмен де азды-көпті беретініміз бар шығар. Осы бағытта жұмыс жасаймын. Күреңбел елі, оның тарихы, Кербұлақ, Сарыөзек, Алтынемел жері, Матай тауы туралы әндер дүниеге келіп жатса, нұр үстіне нұр. 
Көркем әдебиетті оқуға уақыт тауып жүрміз. Шоқан еліне келгеннен кейін қазақтың осынау ұлы перзенті жайында көбірек білгім, тың деректер жинағым келеді. Сұрастырып, жинастырып жатырмын. Өткенде музейде мен бұған дейін оқымаған бірде-екілі тың деректерге кезіктім. 
– Сарыөзекте бос уақытыңызды қалай өткізіп жүрсіз? Оны мазмұнды өткізуге мүмкіндіктер бар ма?
– Шындығына келсек, әкімнің бос уақыты бола бермейді. Келгелі таныс-біліс жұмыстарымен жүрдік. Өзім осы Кербұлақ ауданына қызметке ауысып келгеніме еш өкінбеймін. Жетісудың қай өңірін де танып-білгеннің еш зияны жоқ. 
Уақыты келгенде бәріміз кетеміз ғой. Сол кезде ел «Дұрыс әкім келіп еді. Қызмет еткен уақытында осындай бір шаралар жасады» дегендей оң пікір айтса болды. 
Шындап келгенде әкімнің жұмысына баға беретін халық. Сондықтан халық кезі келгенде дұрыс бағасы мен батасын беріп жатса, жеткілікті деп ойлаймын.
– Сұхбат барысында өзекті деген қандай мәселе көтерілмей қалды деп ойлайсыз? 
– Мен кадр мәселесін баса айтқым келеді. Ауыл әкімдерінің, бөлім басшыларының, мамандардың деңгейін көрдім. Көп ретте бүгінгі білгенімізбен ғана жүре бергенбіз-ау деп ойлаймын. Содан кейін де жергілікті кадрларды дайындау мәселесімен айналысу қажет болып тұр. Жоғарғы білім алған жастар қанша, олар немен айналысып жүр, бағыт-бағдарлары қандай? Оқып жатқаны қанша, қайсысы қай университетте, қай мамандықта білім алып жатыр? Олар ертең оқу бітіргеннен кейін қайда барады? Осы бағытта біршама жұмыс жасап жатырмыз.
Кадрларымыздың сапалық құрамы біршама қартайған, сондықтан басшылық жұмыстарға жастарды тартуым керек болып тұр. Олар елдің, осы ауданның болашағы. Ертең біздің орнымызға да отырып, жұмыс істейтін адамдар керек. 
Сыртқа, шетелге шығатын бағдарламалармен, осы ауданның жастарын жіберуге жол ашуым керек. Білім, ғылым институттарымен, қоғамдық қорлармен, Бейсен Құранбектің, Сұлтанның, Серік Мейірханұлының ізін басатын жастармен жұмыс істеу керек. Өйткені ел болашағы – жастардың қолында. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Нүсіпбай Әбдірахым,
Қазақстанның Құрметті журналисі