БАС РЕДАКТОР БАҒАНЫ

Уақыты: 30.10.2016
Оқылды: 1969
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

МҰРАТ ПЕН МЕДЕТ

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ҚР Мемлекеттік сыйлығына лайық деп танылды

Арыдан әйгілі, Бексұлтан Нұржекеұлының  ғибратты ғұмыр жолы негізінен  жылдарды жылытып, уақыттың демін жеткізген асыл арман, мәуелі мұраттардан тұрады. Бәрінің темірқазығы – қайткенде де адами қалыптан ауытқымай, пендәуи міндет-парыздарды өрелі өтеу. Басымыздан өтіп келеді ғой, бұл дегеніңіз оңай шаруа шоғырына жатпаса керек. Екінің бірінің оң жамбасына келе де бермесі және хақ.  Асылында, осыдан барып  санасы мен сапасы  тұрлаулы жанның  табиғатында көшбасшылық деген шетін қасиет бүршік жарады. Ғажайып қаламгердің ауылдас, жерлес, теңдестерінен бой оздыра мемлекеттік қызметке ден қоюы, шамалы кезеңде аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы секілді салмақты қызметтерді қанжығасына байлап кетуінің түпкі мәні де осында. Перзенттік мұрат-мақсатына деген шексіз адалдық. Сол бағыттағы тас үгіп, тау асар табандылық. Мұнымен айтпағымыз, қазақ әдебиетінің бақ-тәлейіне, мыңдаған оқырманның рухани игілігіне сайып, Тәңірдің алқауы, бойдағы бөлекше дарынның дүмпуімен Бексұлтан ағамыз жазушылықтың байтақ жолына түбегейлі бет бұрды, әлгінде алға тартылған  бар қабілет-қасиеттері ә дегеннен-ақ қылқаламның ұшындағы құдірет-күшке айналып шыға келді. Биік мұраттың бой бермес ұршығына, қол бұлғар тылсымына  ұласты!
Міне, сол себептен емес пе, «Биылғы Мемлекеттік сыйлық «Әй, дүние-ай!» тарихи романы үшін Бексұлтан Нұржекеұлына беріліпті!» деген хабар құлақтарына ілінісімен Алаш жұртының алақайлап жатқаны, ғаламтор желісі өрісіндегілердің де ақжарыла құттықтап, адалдық бар екен деп бөріктерін аспанға атуы. Иә, басты сыйлық, құрметтің төресі – ел-жұртыңның бағалауы! Риясыз сенімі! Түнеукүні осынау сыйлыққа үміткерлердің тізімі жарияланғанда-ақ Бексұлтан ағаға басым жұрт қос қолын бірдей көтеріп қойған. Пәрменді пікірлерін еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында  бабына келтіре жеткізді де. «Жетісу» газеті де сол қолпаштау қозғалысының соңғы нүктесін қоя айдарынан күн күлімдеген  арнайы беттік мақала жариялаған-ды. Хас таланттардың үндестігі десе болғандай,  қазақтың әлем таныған  қаламгері Рақымжан Отарбаев бауырымыз «ең лайықтысы Бексұлтан Нұржекеұлы»  деп жарыла жар салды да!
Енді осыдан шығады, ақыл-есі оңды адамның  сонау бозбала шақтан  мақтау-марапат, сыйлық үшін тер төкпесі аян. Ал марапаттың өзі түйсіне білсек, мемлекеттік институттардың қоғамның қозғаушы тегершігіне айналған еңбек деген ұлы атаудың мәртебесін жария көтере білуінің  бірден-бір өміршең тетігі. Бұл, сөз жоқ, жүрегі туабітті нәзік, қай мезгілде де ішкі әлемі көтерме бірауыз сөзден көктем атып кете барар  шығармашылық адамдары үшін өте-мөте қажет-ақ дүние. Былайша тұжырымдасақ, үлкен медет, рухани демеу, ақ сезімін ақ самалмен тербеп, жас балаша  әлдилеу  дер едік.
Асыл тастың қай жағынан қарасаңыз да көздің жауын ала жарқырары бар. Бексұлтан аға сондай жан. Жаратылысы бөлек. Сан қырлы талант. Мұны әдеби орта да, қоғамдық кеңістік те әлдеқашан мойындап қойған. Адамзаттық  ардақ құндылықтарға селкеу түсірмеуді арқау тұтқан шырайлы шығармаларының кез келгені бәсекеңізге бәс тігуге лайықты! Сондайлық шынайы да шымыр оқиға-көріністердің  шым ортасына бастап кете барар сұлбалы суреттемелері өмірдің өзіндей қарапайым, автордың өзіндей қайратты да қағидатты. Бұлай болуының басты себебі, туындыгердің  азаматтық өз бейнесінің мейлінше бедерлі, ой-өресінің сонылығында. Бұған енді жазушылық қиял-қанатының тазалығы мен бәденділігін қосқайсыз. Сондықтан да қоғамның тай қазанында үнемі бірге қайнап жүр. Ар алдындағы адалдығын,  жөнсіздікке көнбес, ақиқатты аяққа таптаттырмас алдаспан тұлғасының төркінін де осы өрістен табасыз. Өткеніміздің, өшкеніміздің  асатаяғын ойнатып, Орбұлақ шайқасын қоярда-қоймай жүріп отандық тарихымыздың айналымына ендіруі, Қазыбек бек Тауасарұлының ұлттық тарихымыздың оқулығына пара-пар «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты жауһар кітабын іші бықсыған қайсыбіреулер арадай талап жатқан тұста араша түсіп, арыстандай қорғап қалуы, түркі әлемінің төл перзенті, қазақ мемлекеттілігінің де ақ бастауында тұрған ұлы бабамыз Шыңғыс қағанға қатысты дүбәра даудың да түп-тамырына бұлтартпас дәйектеме, айғақты артефактілермен аспандата айбалта сілтеуі, осы тектес қазақтық қалпымызға тән сан-сан түйінді дүниелерді ар-ұяттан құйылған арғы би-абыздарымыздай  орын-орнына қойып беруі – түйсігі түгесілмеген пенделер үшін асқан ерлік!
Тағы бір қыры – төкпе шешендігі. Шешен болғанда бәзбіреулердей қызыл сөзді арлы-берлі көбіктей  есіп, келсін-келмесін жауыр болған жаттанды ұстанымдарды көлденеңдете бермейді. Тілге тиек етер тақырыбын тереңнен толғап, иненің жасуындай да саңлау тастамастан  көз алдыңызға мөлдіретіп әкелуі, айтары қане, көл-көсір білім, кең тынысын бедерлейді. Мыңның алдында тұрсын, екеуара әңгіме шертіссін, шегендей қадап айту ғадеті, ойға-қырға орғымай-ақ ордалы ой түйіндеу секілді айнымас ерекшелігі кім-кімді де қайран қалдырады. Әнеукүні Сайын аға Мұратбековтың сексен жылдығына арналған Талдықорғандағы салтанатқа қатысып қайтты. Біссіміллә лебізінен-ақ аудиторияны еркін билеп, елітіп әкетті шиырып. Және де әдейі сөйтейін деп тұрған қаламгер жоқ. Әдеттегі қалпы, кермеде таңға жаратылған тұлпардай екпінін бірте-бірте үдете берген. Жүректен шыққан жарасымды сөз жанымызды  ал кеп желпіп берсін! Ағытылды дерсіз, ағылды дерсіз, қауындай жарылды дерсіз мұны енді! Бір ізетті иірім үстіндегі мақпал мезетте: «Жазушының ақылды болғаны жақсы-ақ. Әйткенмен құр ақылмен тұсаулы аттай ұзаққа кете алмайсыз. Төрт құбылаға бірдей ала қашатын асау сезім қажет ең алдымен. Сонда шығармаң да шырайланады,  ойлы оқырманың да ереді соңыңнан. Сайын сондай сирек құбылысты жазушы ғой» деп түйген еді. Дәл осы арада Бексұлтан ағам дәл осы пайымды өзіне қаратып та айтып тұрғандай сезілді маған. Солайы солай да ғой, мұнысы қара орман қазақ оқырмандарына айдай аян!
Баспасөз – халықтың үні, сол себепті де жетісулық екі миллионнан астам тұрғындар атынан ретімен жеткен орынды да орнықты сыйлығыңыз  құтты болсын дейміз, қадірі артқан қаламгерге.

Әміре Әрін