Оң баға

Уақыты: 12.01.2017
Оқылды: 1176
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астанада өтетін халықаралық көрменің ұйым­дастыру және басқа да дайындық жұмыстары шетелдік басылымдардың оң бағасына ілікті. Оған әлемге танымал «The New York Times» газетінің 2017 жылы баруға кеңес беретін орындар қатарында Астанадағы ЭКСПО көрмесін атағаны дәлел бола алады.   

Дүниедегі оқырманы ең көп және таралымы жағынан да алдына ешбір басылымды жібермейтін америкалық «The New York Times» басылымы әр жыл сайын назар аударатын 52 бағытты анықтап, саяхатшыларға кеңес беріп отыруды дәстүрге айналдырған. 
Басылымның талдау нәтижесі бойынша биылғы таңдауға Канада, Чили, Үндістан, Қытай,  Швейцария, Португалия, Ямайка,  Австралия қатарлы мемлекеттердің көркі көз тартатын, қызмет көрсету сапасы жоғары демалыс орындары ілінген. Сол қатарда  ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін Астана қаласы  рейтингте 26-орынды иеленіпті.  Демек, ел бойынша жұмылып, біраз жылдан бергі істеген жұмысымыздың нәтижелі болатындығы қазірдің өзінде белгілі бола бастады.
Басылымның мә­лі­ме­тінше,  2017 жылы Қазақстан астанасында «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін көрменің танымалдығы жоғары. Әсіресе, Астана қаласында соңғы жылдары ашылған таңғажайып мейманханалардың көптігі мен ондағы қонақжайлылық сапасының өскендігі әлемнің басқа жеріндегі әріптестерінен мойны озық деп танылған. Мұны қонақжайлықта алдына жан салмайтын қазақ халқының дарқан пейілінің тағы бір салтанат құрғандығы деп білген жөн.

Қажет Андас