Жұмыс сапасы анықталды

Уақыты: 12.01.2017
Оқылды: 1292
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов Талдықорған қаласында орналасқан бірнеше құрылыс нысандарды аралады. Аралау кезінде көп- қабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына назар аударылып, сапасына мән берілді.

Ғалымжан Райылұлы бастаған топ алдымен Оңтүстік-батыс тұрғын үй алабында құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан 171 пәтерлі көп- қабатты тұрғын үйлердің біріне табан тіреді. Заман талабына сай бой көтерген жаңа үйлер анадайдан менмұндалайды. Жалпы, мұндағы нысандардың құрылысын жүргізуге барлығы сексен адам тартылыпты. Жұмыс тобы сол жерде құрылысшылармен кездесіп, жұмыс жайын білді. Онда құрылысшылардың құрылыс талаптары мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, арнайы киім киюді естен шығармауы керектігі қадап айтылды. 
Келесі кезекте жаңадан бой көтеріп жатқан басқа да көпқабатты тұрғын үйлердің сапасына назар аударылып, есік-терезелері мен қабырғаларына, ішкі-сыртқы әрленуіне, тіпті бояуына дейін ден қойылды. Орын алған кемшіліктер де байқалып, оған сын-ескертпелер жасалды. Сол жерде ақыл-кеңестер беріліп, олқылықтың орнын тез арада түзету жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Жұмыс тобы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге әзір тұрған үйлерді де көріп шықты. 
Жетінші ықшам ауданындағы құрылысы қыза түскен он екі қабатты, алпыс төрт пәтерлі жалға берілетін баспаналарға да көңіл аударылды. Көз жауын ала көмкеріліп, ерекше үлгіде салынған көрме кешеніне де мән берілді. Жұмыстарының басым бөлігі бітіп, тек еден төсеу мен төбесін жөндеу ғана қалған кешеннің құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Мамандардың сөзінше, барлық талапқа сай тұрғызылған ғимаратқа көбіне отандық құрылыс бұйымдары қолданылыпты. 
– Жалпы салынып жатқан баспаналардың сапасы жаман емес. Себебі, құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың бұл істе тәжірибелері мол, – деп ойымен бөліскен Ғалымжан Райылұлы құрылыс нысандарындағы жұмыс сапасын бақылаудың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Айгүл Байбосынова