Төрт түлік - береке бастауы

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 1522
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаркент өңірінің малшыларына  биылғы  қыс  жайлы мінез  танытып тұр. Жақында аудандық  ауылшаруашылығы бөлімінің  бас  мал  маманы Тоқтарғали Шабековпен бірге Үшарал, Көктал ауылдық  округтеріндегі мал қыстатып отырған шаруалардың жағдайымен таныстық. Қарауындағы  малын  жүдетпей, қыстан шығынсыз шығару  үшін шаруалар табиғи жайылымдарды барынша пайдаланып,  қолдағы жемшөп қорын үнемдеуде. Ауданда қыс  пен  көктемгі  мал төлдету  науқанына жалпы 162146 тонна ірі сабақты мал азығы, 38 мың  тонна  жем дайындалған мал азығының 80 пайызы  қыстауларға  жеткізілген. Егін шаруашылығымен айналысатын өңірде құнарлы жемдік дақылдардың қоры да мол.

Аудандық  ауылшаруашылығы  бөлімінің  бас  мал  маманы  Тоқтарғали  Шабековтің айтуынша, мал  қыстату өз  деңгейінде  өткізіліп, ауылдық  округ  әкімдерінің  жанында  науқан барысын тұрақты  бақылап  отыратын  арнайы  штаб  құрылған. Оның  құрамына  дәрігерлер, ІІБ  қызметкерлері, округ  әкімдерінің  мамандары  сияқты  жауапты  тұлғалар  енген. Штаб  мүшелері  ай  сайын  кем  дегенде  екі  мәрте  қыстауларды  аралап, малшылардың  жай-күйімен  танысып  отырады.
Үшарал  ауылына барғанда  округтің  малдәрігерлік  пунктінің  меңгерушісі  Ерлан  Ешенбаев қатарымызға қосылып,  қыстауларды бірге аралады. Алдымен Нұрсейіт  Иманалиевтің  малы  орналасқан «Досымбек  арал»  теліміндегі  қыстауына  келдік. Жаңа  жасалған  малшы  үйі  мен  мал  қорасы қожайынның іскерлігін  бірден  аңғартып  тұр. Малшысы  Нұржан  Қасенов  өзіне  жұмыс  беріп  отырған  қожалық  қожайынына  дән  риза. Жалақысын  уақытылы  алады  екен, үйін  жылытатын  отынын  да  дайындап  берген. Осындай  көңілге  жағымды  көріністерді Төлеухан  Қасенов  пен  Амангелді  Алмабаевтың  мал  қыстауларынан  да  көрдік. Жалпы  округте  8564  ірі қара, 2116 жылқы, 12605 қой  қыстатылуда. Асыл  тұқымды  мал  өсіретін  3  қожалықтың да жұмысы ширақ. 
Көктал  ауылдық  округіндегі  малдәрігерлік  пунктінің  меңгерушісі  Бибігүл Өмірбаеваның айтуынша, ауылдағы түлік  саны  30-дан  асатын  барлық  қожалық  асыл  тұқымды  бұқалар  сатып  алып,  Үкімет тарапынан  берілетін  субсидияны игіліктенуде. Айталық, Көктал  ауылында  тұратын  Нұрлан  Рақымбаев Санта гертруда  асыл  тұқымды  ірі қара  санын  200-ден  асырып, биыл  соның  105-ін  төлдетпек. Ал  К. Байғұтиева  «Сыбаға»  бағдарламасы  бойынша  жеңілдетілген  несиеге  қол жеткізіп, 50 герефорд  тұқымды сиыр сатып  алыпты. Жалпы,  осы  округте  7  қожалық «Сыбаға»  бағдарламасымен  жеңілдетілген несие  алып, мал  тұқымын  асылдандырған.  Осы  түліктерден өткен  жылы  қожалықтар 13869 тонна  ет, 40218  тонна  сүт  және  806  тонна  жүн  өндірді. Мал  өнімдерінің  молая  түсуінде  аудандағы асыл тұқымды  мал  өсіретін  қожалықтармен  қатар  мал  бордақылап сатуды  кәсіп  еткен  жекелеген  тұрғындардың  үлес  салмағы  басым. Соңғы  5  жыл  ауқымында  асыл  тұқымды  мал  өсіретін  шаруа  қожалықтарының  саны  10-нан 31-ге  дейін  көбейді.
Малшылардың  алдында  тұрған  тағы  бір  маңызды  мәселе  – көктемгі  мал  төлдету  науқаны. Айта кетерлігі, биыл  Жаркент  өңіріндегі  18 мыңнан  астам  саулық    «Жетісу»  АҚ  әкелген  асыл  тұқымды  қошқарлардан  алынған  ұрықпен  қолдан  ұрықтандырылды. Бұл  саулықтар  алдағы  наурыз  айының  20-жұлдызынан  бастап  төлдей  бастайды. Қысқасы, Жаркент  өңірінде  қыстатылған мал қазірше шелді.


Панфилов  ауданы.