Ауыл кәсіпкерлері қолдауға мұқтаж

Уақыты: 14.03.2017
Оқылды: 1952
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және бизнеске әкімшілік кедергілерді төмендету облыстық кәсіпкерлер палатасы жұмысының негізгі бағыты болып табылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде тұрғындармен тікелей байланысқа шыққан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева атқарылған жұмыстар мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғау бағытындағы жетістіктерді әңгімелеп, алдағы жұмыс жоспарын таныстырды.

Оның айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасы үш жылда өңір кәсіпкерлерінің жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын құқығы мен мүддесін қорғапты. Өткен жылы облыстық палатаға 319 өтініш тіркеліп, олардың 70%-ы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Палата сарапшылары бизнесмендердің құқығын қорғау мақсатындағы 155 сот дауына қатысса, оның  108-і бизнестің пайдасына шешілген. Сол қатарда «Баға белгілеуде сыбайластыққа барды» деп кінәлаған «Алель Агро» және «Алатау Құс»  фабрикасының мүддесін қорғап, оларды 30 миллион теңгелік айыппұлдан арашалап қалған. Сонымен қатар, жергілікті жерде әкімшілік құқықбұзушылыққа жол беріп, кәсіпкердің жалпы ауданы 769 гектар болатын жер телімін иеленіп алған, тіпті басқа бір тұлғаға сатып та үлгерген дау-шарға палата мен прокуратура араласып, кәсіпкердің құқығы қорғалған. Сонымен қатар, Көксу ауданындағы кәсіпкердің 1000 гектар жерін қайтарып алуына көмек беріліпті. 
Бизнестің құқығын қорғау бағытында өткен жылы кәсіпкерлер кеңесінің 9 отырысы өтіп, қаралған мәселелердің 80%-ы оң нәтижемен шешіліпті. Десе де, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергі де жоқ емес. Кәсіпкерлік палатасы әкімшілік кедергілерді төмендету мақсатында қоғамдық мониторинг пен кәсіпкерлердің өтініштеріне талдау жүргізіп келеді. Өткен жылы  палата мамандары 49 әкімшілік кедергіні анықтап, оның  80%-н оң нәтижемен шешкен. Айталық, Текелі каласының кәсіпкері цехын кеңейту үшін қала әкімшілігінен 10 сотық жер сұраған. Мәселе алты ай бойы шешілмеген соң облыстық кәсіпкерлер палатасына арызданады. Сосын прокуратура, мемлекеттік органдардың қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, бірлескен жұмыс тобы құрылып, жарты жыл бітпеген дауды бір апта ішінде шешіп береді. Осы тұста облыстық кәсіпкерлер палатасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікпен өзара келісімге келіп, жұмыс картасы бойынша мемлекеттік органдардағы жемқорлық қауіп-қатерлерін анықтау мақсатында 32 бағыт бойынша талдау өткізетінін айта кеткеніміз жөн. Әсіресе, денсаулық сақтау, кеден сияқты салалар бойынша түйінді жұмыстар атқарылуда. 
 Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының жасалуы да өткен жылдың маңызды оқиғасы болып саналады. Осы картаға  облыс бойынша 22 инвестициялық жоба ұсынылып, Панфилов ауданында балық өнімдерін қайта дайындау жөніндегі зауыт құрылысы, Талдықорғандағы спорттық-сауықтыру кешенінің және Жамбыл ауданындағы этномейрамхананың құрылысы қаржыландырылды. Облыстық палатаның инвестициялық жобалары Қытайдың Бейжің және Чанша қалаларында өткен 8-ші инвестициялық жобалар жәрмеңкесі мен 10-шы мерейтойлық «Чанша-ЕО – 2016» инвестициялық форумында таныстырылды.  Сондай-ақ, өңірлік карта жобасы «Made in Kazakhstan» тауар өндірушілері жәрмеңкесінің және кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жобаларының инвестициялық жәрмеңкесінің қатысушысы атанды. 
Тағы бір айта кететін мәселе, мамандарды даярлаудағы халықаралық тәжірибемен танысу мақсатында палата мамандары былтыр Қытайдың Ганьсу провинциясына іссапарға барып,  студенттерді ауыстырып оқытуға келісім жасап қайтты. Биыл олардың алғашқы тобы көрші елге бармақшы. Осы тұста дуалды оқытудың да жұмыс берушілер үшін маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Қазір облыстағы 27 колледж 140 кәсіпорынмен бірігіп, 17 мамандық бойынша кадрларды дуалды оқыту әдісімен даярлауда. Бұл қатарда «ТАТЭК» АК, «Глазман» мен «Қайнар АКБ» ЖШС-лары бар. Сондай-ақ, былтыр «Байсерке-Агро» компаниясы Талғар агробизнес және менеджмент колледжін сенімділік басқаруға алды. Бұл Елбасының қолдауымен елімізде алғаш рет сынақтан өтіп жатқан жоба саналады. Сондықтан, биыл облыстық палата халықаралық деңгейдегі жұмыс берушілердің форумын ұйымдастырмақшы. Оған 300-ден астам кәсіпкер жиналып, дуалды оқытудың тиімді жақтарын айтып береді. 
Айта кетерлігі, облысымызда 47 мыңнан аса шаруа қожалығы ауылшаруашылығы жұмысымен айналысады. Алайда, өңір тұрғындарының арасында бұрынғы кеңестік кооперативтер туралы теріс пікірден әлі де арыла қоймағандар баршылық. Облыстық кәсіпкерлік палатасы сарапшыларының тиянақты түсіндіруінің нәтижесінде 22 ауылшаруашылық кооперативі тіркелді. Қазір сол кооперативтердің сауда желілерімен әріптестік орнатуына көмектесуде. Мысалы, «Ақөзек» АӨК Новосибирск қаласындағы супермаркет желілеріне пияз жеткізе бастады. Сондай-ақ, Алматы қаласының сауда желілері ет, көкөніс және жемістерді сатып алуға қызығушылық танытуда. Нәтижесінде, өңірлік «Федор» АӨК мен алматылық «Golden Food» компаниясының арасында 60 тонна көкөніс пен жеміс жеткізу туралы келісім жасалды.
Жетісу өңіріне сапары барысында Елбасы қант қызылшасын  өсіруді жандандыру бойынша тапсырма берді.  «Атамекен» ҰКП шағын несиелеу пилоттық бағдарламасын сәтті жүзеге асырған жетісулықтар «Өңірлер бизнесі» деп аталатын жобаны барынша ширата түсті. Оған «ALMEX» инвестициялық қоры арқылы «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігі 300 млн. теңге бөлді. Жобаны жалғастыруға керекті несиелерді «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынды. Осы жоба аясындағы кәсіпкерлердің өтінішін облыстық кәсіпкерлер палатасының несие комитеті қарап, облыстың бизнес-қоғамдастық өкілдері ҰКП ұсынысы бойынша 87 жобаны  қаржыландырды. Жобалар мен қаражат алу мәселесі кәсіпкерлерден құралған несие комитетімен қаралып, мақұлданып отырды. Барлығы бағдарлама бойынша 150-ден астам кәсіпкерге несие берілді. Қазіргі таңда несиелерді қайтару бекітілген кесте бойынша жүргізілуде, бірқатары толығымен қайтарып үлгерген. Бұл ауыл кәсіпкерлері екінші деңгейлі банктердің қаржыландыруынан қорықпауы керек дегенді білдіреді. 
Әрине, ауылшаруашылығы саласында  суды пайдалану, оның ішінде суды жеткізу бойынша баға мәселесі толғантпай қоймайды. Мысалы, өткен жылы Көксу ауданының кәсіпкерлері 1 текшеметр судың құны 52 тиынға дейін қымбаттағанын айтып облыстық кәсіпкерлер палатасына арызданады. Тексеріс кезінде  Ескелді ауданында 1 текше- метр суға 18 тиын баға белгіленгені анықталады. Осылайша палата мамандары «Казсу шаруашылығы» мекемесімен келіссөздер жүргізіп, су тарифтерін қайта қарау туралы ұсыныс беріп, судың бағасын төмендетуге түрткі болады.  
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында облыстық кәсіпкерлер палатасы агробіліктілік орталығымен бірлесе облыс шаруа қожалықтарында оқыту семинарын жүргізген. Жыл бойы 135 семинар ұйымдастырылып, оған 2 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен бірге, облысымызда сервистік-дайындау орталықтары құрылуда. Оларға бөлінетін қаржы алдымен облыстық кәсіпкерлік палатасының сараптауынан өтеді. Сонымен қатар, кооперация құру мен тауарларды өткізу бойынша жұмыстар да  палатаның құзырына өткен. Осы орайда көрерменнен түскен сұрақ өте көп болды. Оған палата директоры:
– Палатаның қолдауымен  пилоттық негізде 22 жеке ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Олардың тауарларын өткізу мақсатында алматылық кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырып, келісімшартқа қол қойылды. Шара Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен, облыс әкімі Амандық Баталовтың және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өткенін айта кетейін. Бұл барыста  біз ауылшаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасына кооперативтерді қаржыландырудың жаңа механизмін енгізу, құрал-жабдықтарды тиімді шарттармен алу бойынша сұрақтарға жауап таптық», – деп жауап берді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындарға түрлі байқау арқылы да қолдау көрсетіп келеді. «Атамекен» ҰКП-ның «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» сияқты республикалық байқауларына былтыр облыстан 20-дан астам компания қатысты. Астана қаласында Президенттің қатысуымен өткен жиында «ТК Метакон» компаниясы «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» атағына, ТАТЭК компаниясы «Экологияға қосқан үлесі үшін» қола медальға қол жеткізді. Қазақстанның үздік тауары байқауында «Үздік өндірістік мақсаттағы тауарлар» аталымы бойынша «Алматы бояулары» компаниясы 3-орын алды. Сонымен бірге, «Қайнар АКБ» компаниясына «Ұлы Дала елі» брендін пайдалану құқығы берілді. Осылайша, бұл компаниялар Жетісу жерінің абыройын асқақтатып, бизнесінің даму қарқынын көрсетіп тұр. 
Кәсіпкерлік саласында әлі де күрмеулі мәселелер жетерлік. Облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, даму институттарының, қолдау құралдарының жұмыс жасап жатқанына қарамастан секторда туындап қалатын қиыншылықтар жоқ емес. Мәселе адам факторына ғана емес, сонымен қатар, заңдағы кедергілерге де тіреліп тұр. Осы кедергілерді жою керек. Десе де, отандық бизнес ішкі нарықтық және сыртқы экономикалық өзгерістерге қарамастан дамудың даңғыл жолын тауып, өз жұмысын жалғастыруда. Бәлкім, кәсіпкерлік қызметтің бір ерекшелігі де осында шығар.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының алдағы жоспары да ауқымды. Олар биылғы жылды «Аудандар мен ауылдар жылы» деп жариялап, аудандық филиал директорларының есебін тыңдауды бастады. Сондай-ақ, жергілікті жерлерде      кооперация құру, тауарлы-сүт фермасын ашу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ), туризм мәселелері бойынша өңірлік форумдар мен конференцияларды өткізуді жоспарлап отыр. Ең бастысы, облыстық палата «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Кәсіпкерлер үйін құруды ұсынды. Бұл бастаманы Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев көтеріп отыр. Өйткені барлық жерде кәсіпкерлер мен әкімдердің қарым-қатынасы бір деңгейде емес. Бүгінгі таңда Текелі мен Қапшағай қалалары, Қаратал, Ескелді, Ұйғыр аудандарының әкімдері кәсіпкерлерге мүмкіндік тудырып отырғанымен кейбір аудандардағы әкімшілікі кедергілер азаяр емес.

«Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Кәсіпкерлер үйі құрылса кәсіпкер әкімдіктің табалдырығын тоздырмай, бар мәселені бір жерде шеше алады. Расымен, ауылдық жерлерде тұратын кәсіпкерлер қолдауға мұқтаж. Олар заңдағы соңғы өзгертулер, жеңілдіктер және бизнесті қолдау тетіктері туралы біле бермейді. Сондықтан биыл  палата өкілдері ауыл кәсіпкерлерін қолдау тетігін күшейтуді мақсат етуде. Осы тұста кәсіпкерлердің аудандық кеңесінің жұмысын ширату мәселесі де күн тәртібіне қойылып отыр. 

Қажет АНДАС