«Du Soleil» циркі «ЭКСПО -2017» халықаралық көрмесіне арнайы бағдарлама әзірледі

Уақыты: 15.03.2017
Оқылды: 1309
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елордамызда «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында қазіргі таңда әлемде теңдесі жоқ канадалық «Дю Солей» циркі өз бағдарламасын 16 маусым мен 9 қыркүйек аралығында Елорда тұрғындары мен қонақтарына тарту етеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров мәлім етті.

Цирктің ерекшелігі де, өзгешелігі де тек адам бойындағы дархан дарын мен ғажайып таланттың қарымын шыңдай отырып, көрерменді таң тамаша қалдыру. Оған қоса, аталған бағдарлама қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы жасалған. Ондағы негізгі идея күн айналасында өрбімек. Көшпенді елдің мәдениеті, жетістіктері, тарихи маңызы зор оқиғалары – барлығы шоу аясында «ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы» тақырыбымен үндесе отырып, жарасымдылық таппақ.

«Du Soleil» циркі Елордамызда 93 күнге созылған көрме барысында барлығы 71 рет өнер көрсетеді. Оның құрамында Австралия, Канада, Германия және тағы басқа мемлекеттерден келген 38 әртіс бар. Қазақстан үшін дайындалған айрықша шоудың атауы – «Reflekt» - болашаққа ұмтылған адамзат».

Аталған шоуды бір сәтте 2000 адам тамашалай алады. Бүгінгі таңда билет құны да белгілі. Оның сомасы 4000 теңгеден басталады.

 

ҚР Ақпарат және коммуникациялар  министрлігі, Орталық коммуникациялар қызметі