Депутаттар назарында

Уақыты: 16.03.2017
Оқылды: 1119
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көрме уақыты жақындаған сайын «ЭКСПО – 2017» қалашығының жұмысымен танысуға келетін лауазымды тұлғалардың қатары да жиілей түсті. Кеше ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мәжіліс  Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен бірге «Астана ЭКСПО – 2017» көрме нысандарын аралап, жұмыс нәтижесімен танысып қайтты.

Халық қалаулылары сапар барысында халықаралық мамандандырылған көрме қалашығының сәнін арттырған, сапалық жағынан да талапқа сай келетін  Қазақстанның ұлттық павильоны, Конгресс орталығы, халықаралық павильон, энергия зерттеу орталығы қатарлы бірқатар нысанды көріп шықты.
Қонақтармен бірге болған «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК төрағасы Ахметжан Есімов көрмеге дайындық жұмыстарының қарқынды жүріп жатқаны жайлы әңгімелеп, депутаттарға көрмені ұйымдастыру жұмыстарының аяқталып қалғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінге дейін 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындарын мақұлдады. Соның ішінде 109 мемлекетпен көрмеге қатысу келісімшарты жасалып, 110 секция комиссары таңдалып, 82 ел Астана төрінде өткізетін ұлттық күнін таңдап қойыпты. Қазіргі уақытта қатысушы мемлекеттер ұлттық павильондары бойынша жұмыстарды бастап кеткен.  Сонымен қатар, Ұлттық компания төрағасы 8 наурыздан бастап барлық облыс орталықтарында ресми билет кассаларының ашыла бастағанын да тілге тиек етті.
 Кездесу барысында Ахметжан Есімов және ұлттық компания департаменттерінің басшылары қонақтардың  арнайы билет бағдарламасы, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету  және медициналық көмек көрсету  жайындағы сұрақтарына  жауап берді. 
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин көрме құрылысының сапалы әрі халықаралық өлшемге сай салынып жатқанын айта келіп, ұйымдастырылу жұмыстарының көңілге қонымды жүргізіліп жатқанын жоғары бағалады.
– Барлық депутаттар атынан көрме ұйымдастырушыларға алғысымды жеткізуге рұқсат етіңіздер. Біз үшін бұл көрменің жоғары деңгейде өтуі өте маңызды. Мамандандырылған көрменің Астанада өтуі 2017 жылдың ең маңызды іс-шарасы болмақ, – деп атап өтті  мәжіліс спикері. 
Көрменің сәтті өтуі үшін депутаттық корпустың араласуымен халықаралық көрмелер Конвенциясы бекітіліп, «ЭКСПО – 2017» көрмесін ұйымдастыру мен өткізу сұрақтарына нақты жауап беретін заңдық қолданбалар құрастырылатыны да сөз болды.

Қажет АНДАС