Өнімге сұраныс көп

Уақыты: 16.03.2017
Оқылды: 1067
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Атшаптырым аумаққа жайғасқан нысанды әдеттегідей шағын цех десеңіз, қателесесіз. Табанын аймақ орталығына тіреп, талабын тынбай ұштаған бұл ұжымның наубайханасында бүгінде күніне 2000-ға жуық бөлке пісіп шығады. Соның арқасында өңірдегі тұтынушылардың басым бөлігінің қажеттілігі қанағаттандырылуда. Бұл – Қаратал ауданында орналасқан «Ахметбаев» ШҚ цехының қазіргі тыныс-тіршілігі.

1996 жылы құрылып, 20 жыл бойы үздіксіз ізденіспен алға ұмтылған өндіріс орнында бүгінде жоғары және бірінші сұрыпты  ұн  түрі шығарылады. Тапқанын ас атасынан аямайтын жұрт «Ахметбаев» ШҚ-ның ақ ұнын қоймада күттірмей алады. Аудан, облыс көлемінде де жақсы сұранысқа ие.  
Кәсіпорнның өндіріс меңгерушісі Айгүл Исламқызының айтуынша, бұрын да мұнда жабдықтары ескіргенімен негізінен толықтай сақталған ескі цехтың орны болыпты. Сол себепті де өз күштеріне сүйеніп, шаруаның жайын тез оңдаған. 
– Әрине, бастапқыда түрлі  қиындықтар болды. Басқасын айтпағанның өзінде, тұрақты 20 адамды жұмысқа тартып, олардың жалақысын толық берудің ол заманда оңай шаруа емес екенін білесіздер. Ең бастысы – бізде  ұжымдық ауызбірлік болды. Соның арқасында бүгін жалпы өндіріс бойынша 70 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, мүмкіндік болса алдағы уақытта өндіріс көлемін әлі де ұлғайта түсу ойда бар. Мүмкіндіктер де жеткілікті, – дейді Айгүл Исламқызы. 
Мүмкіндік демекші, олар былтырға дейін «Азия Агро Фуд» АҚ-нан бағасы арзандатылған ұн алып келіпті. Осы ретте біз бұл тиімділіктің түпкі мәнін сұрағанымызда, аталған акционерлік қоғамның үкіметтік резервтен өңірлерді қолдау мақсатында облысқа бөлінген қаражат есебінен көптеп бидай алып, оны өңдеп дайын ұн ретінде төмен бағада ұсынатынын айтты. Яғни, бұл ұжымның кәсібінің өрге басуына Үкімет қолдауы осылай ықпал етіпті.  
Ұжымда іскерлік ортаның қалыптасқаны жұмыс барысымен танысу кезінде анық білінді. Біз жолығып, әңгімеге тартқан жұмысшылар Гүлмира Оспанова, Гүлнара Досбаева, Жадыра Бөлекова, Махаббат Нұрбаева, Гүлнар Өсербаева –  барлығы осы шаңырақтың еңбеккерлері. Қазірде олардың орташа жалақысы 50 – 60 мың теңгені құрауда.   
Бұл арада ұн мен нан өндірісінен бөлек, кондитерлік және кулинария өнімдерінің 60-тан астам түрі дайындалуда. Сол себепті де түрлі мерекелік шаралар мен тойларға қажетті тәтті тағам іздеген жұрт осы жерге жиі бас сұғады. Осылайша, цехтың арнайы дүкен желісі арқылы сатылатын сапалы өнімге сұраныс та күн санап артқан.

Қозыбай Құрман
Қаратал ауданы.