ХАЛЫҚ ӨЗ БИЛІГІН ӨЗІ ЖАСАУЫ КЕРЕК. АУЫЛ ӘКІМДЕРІН ТІКЕЛЕЙ САЙЛАУ ТИІМДІ МЕ?

Уақыты: 27.07.2021
Оқылды: 1074
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы айтқан болатын.

Мемлекет басшысы мұны елді демократияландырудағы және жергілікті басқару институттарын нығайтудағы маңызды қадам деп атаған еді. Бұл – Президентіміз қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Реформа жергілікті басқару жүйесін түбегейлі өзгертеді. Яғни, ауыл тұрғындары өз көңілінен шығатын және әлеуметтік талаптарды орындай білетін үміткерді әкімдікке сайлайды.

Президенттің істеп отырғаны өте дұрыс. Халық өз билігін өзі жасауы керек. Ауыл әкімін сайлау да Президент сайлауындай салтанатты, тиянақты өтті. Өзім Кербұлақ ауданына қарасты Басши, Қызылжар, Жоламан және Сарыөзекте болдым. Біз күткендей абыроймен өтті. Қадағалау күшті, бәрі көріп-біліп отырған ашық сайлау болды. Бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілген жоқ.

Елдің дамуы мен нығаюы үшін әр тұрғынның пікірі, ойы маңызды. Тұрғындар өзі қалаған үміткерге дауыс беріп, оны сайлап, еңбек істеуіне көмектеспек. Ауыл халқын қолдау және сол өңірді білетін, жақсы танитын жанның әкім болуы – тұрғындар үшін теңдессіз жақсылық. Жақсы істің жаршысы бола біледі деген сеніммен көзкөрген, осыған дейін ісіне қанық жанға өз дауыстарын берді. Олар сенімге селкеу түсірмейді деген ойдамыз.

Сондықтан, осындай ашық сайлауды қолдаймын. Бұл сайлау әлі де жалғасады. Қаланың іргесіндегі ауыл-аймақта сайлауға дауыс берушілер саны аздау болғанымен келесіде Президентіміздің осындай мүмкіндік беріп отырғанын көріп, саяси шараның мән-маңызын түсінеді деген сенімдемін.

Серік МҰҚАНОВ,

қоғам қайраткері