ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ ОРАЙ ІЗГІ ТІЛЕГІН ЖЕТКІЗДІ

Уақыты: 01.12.2021
Оқылды: 1425
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жетісулықтарды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын!

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бұл мемлекеттік мереке бейбіт те берекелі өмірімізге, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы жолдағы өлшеусіз еңбегіне деген құрметіміздің символы іспеттес.

Қазақстанның жаңа тарихының жарқын беттері Тұңғыш Президенттің есімімен етене байланысты. Осы отыз жыл ішінде республиканың егемендік идеясы сәтті іске асырылды, дамудың жаңа белесіне көтерілдік, Еуразия кіндігінде жаңа қала тұрғызылды, халықтың этникааралық, конфессияаралық бірлігі қамтамасыз етілді.

Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен экономиканың тұрақтылығына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іргелі істерден өрлеу жолындағы жалғастық көрініс тауып отыр.

Құрметті жетісулықтар! Татулық пен келісімнің арқасында қол жеткізген жетістіктерді одан әрі еселей отырып, туған өлкемізді өркендетуге өзара бірлесіп бар күш-жігерімізді жұмсаймыз деп ойлаймын.

Мерейлі мерекемен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, еселі еңбек, отбасыларыңызға шаттық пен бақыт тілеймін!" - делінген облыс әкімінің құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"