Қонаев қаласындағы қуаныш

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 1507
Бөлім: РУХАНИЯТ

Айдыны шалқыған асау толқынды Іле өзенінің жағасында ән мен жыр төгілді. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде келешегі кемел бұл шаһар талай ұлттың, талай ұрпақтың өкілін құшағына алып, жылдармен бірге есейіп келеді. 

Жалпы қалада 4 этномәдени орталық бар. Әрбірі ел тұтастығын сақтауға күшін салуда. Қазақ жерінде тамырын кеңге жайып, өніп-өскен әр этностың тілегі бір. Күні кеше ғана облыс аймақтарында өткізіліп жатқан Мәдениет күні мерекесі Қапшағай қаласында да жалғасын тапты. 
Алдымен қала әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров қапшағайлықтармен жүздесіп, дәстүрге айналған игі шараның маңыздылығына тоқталды. 
– «Биылдың өзінде облысымызда мәдениет саласына  бөлінген қаражат 5 млрд.-қа жетіп отыр. Жалпы облысымызда 600-ге жуық мәдениет ошақтары бар. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, мәдениетіміздің жоғары деңгейде дамып, өркендеуі үшін де осы аталмыш мерекенің аудан, қалаларда өтіп тұруының маңыздылығы зор, – деп атап өтті ол. 
Мереке басы Дінмұхамед Қонаев атамыздың ескерткішіне тағзыммен гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мұнан соң қала әкімінің міндетін атқарушы Ілияс Сүгіров бастаған қала қонақтары  орталық алаңда ұйымдастырылған әлеуметтік-экономикалық даму көрмесін аралады. Сан салалы өнеркәсіп ұжымдары, қалалық кітапхана мен аурухана, мектептер мен балабақшалар, түрлі этномәдени орталықтар ұлттық өнердің озық үлгілерін көрсетті. 
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келген бұл мерекеде ұлт-азаттық көтеріліс жылдарынан тарихи қойылым қойылды. Бір сәт көз алдымызға жерұйығын іздеп жар салған абыз шығып, қобыздың зарымен елдің бірлігі мен бүтіндігін толғағанда, алаңға арғымақпен атыла шыққан «Алтын адам» қазақтың кім екенін асқақтата жеткізді. Патша жарлығымен соғыс даласына бала бермейміз деп қарсы шыққан белсенділердің орыс ұлықтарымен қақтығысын көз алдымызға әкелді. Артынша қала әншісі Алмаз Мәдиева «Заман-ай» әнін шырқағанда өткеніміз ойға оралып, тағдыры талай болған ата-бабаларымыздың ерлігі ар-ұжданымызға қамшы салғандай болды. 

Мақпал Мыса

Қапшағай қаласы.