ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА СУ ҚҰБЫРЫ ЖАРЫЛЫП, САЯЖАЙДАҒЫ ҮЙЛЕР ҚИРАДЫ

Уақыты: 08.07.2021
Оқылды: 2425
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданы Қырғауылды маңындағы "Горный садовод" бау-бақшасында су құбыры жарылып, салдарынан балшық қоспасы аралас сел жүрді. Селден алты үй қирады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, диаметрі 50 мм құбырдан су ағып, салдарынан топырақ ылғалданған. Нәтижесінде, батпақ аралас көшкін пайда болған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Сырғыған балшық массасының көлемі 50 мың текше метрге жетті, ұзындығы 200 метр, одан әрі түсуі шамамен 310 м болды. Алдын-ала жалпы ұзындығы 510 м, түсу орнынан ені 50 метр және соңына таман 7 м, биіктігі 1-7 метр аралығын құрады.

Қазіргі уақытта аумақты тазарту жұмыстары жүргізілуде. Зардаптарды жою жұмыстарына Алматы облысы ТЖД, Алматы қаласы ТЖД, ҚР ТЖМ №28237 әскери бөлімі, ҚР ТЖМ АШҚЖ, "Қазселденқорғау" ММ, Алматы қаласы Апаттар медицина орталығы, Алматы облысы полиция департаменті және жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмылдырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"