ТАҒЫ ДА ИНТЕРНЕТ ІЗДЕП, ДАЛА КЕЗІП КЕТПЕЙМІЗ БЕ? ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ ДЕДІ?

Уақыты: 28.07.2021
Оқылды: 921
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданындағы Алатау ауылдық округіне қарасты Рысқұлов пен Береке ауылдарына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат ОРАЗБЕК арнайы келіп, тұрғындармен кездесті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Басқосуға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Асхат Рахматуллин, аудан әкімі Қайдар Әбдіханов және байланыс операторлары қатысып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы мен аталған ауылдарда интернет желісі, телефон байланысының сапасын арттыру жайын талқылады.

Жауапты тұлғалардың басқосуына осы ауыл тұрғындарының интернет пен байланыстың нашарлығынан тау-тас кезіп кететіндіктеріне шағымданулары негіз болған. Бұл жағдайдың, әсіресе, қашықтан білім алатын оқушылар мен студенттерге қиындық туғызып отырғандығына жергілікті жұрт ашулы. «Алдағы бірер айдан соң басталатын жаңа оқу жылының қай форматта болары белгісіз, тағы да онлайнға көшсе интернет желісін іздеп, дала кезіп кетпейміз бе?» деген көкейкесті сауалдарына жауап қарастырды. Тұрғындарды толғандырған жайттарды тыңдап, маңызды мәселеге қатысты жан-жақты жауап қайырған вице-министр бұл мәселенің түйінін тарқатуда бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

- Біз ел бойынша интернет талай жылдан бері өзекті мәселе болып келе жатқан елді мекендерді анықтап келеміз. Сол себепті, біріншіден, байланыс операторларымен ауылдарда сапаны айтарлықтай жақсартуымыз керек деген нақты түсінік қалыптастырдық. Екіншіден, оған қажет арнайы құралдар жеткілікті. Үшіншіден, әкімдіктер бұл жұмысқа белсенді түрде тартылуда. Яғни, қазір жергілікті басқару органдары мен байланыс операторлары бірлесіп, халыққа сапалы байланыс қызметтерін қалай көрсетуге болатындығын қарастыруда. Интернет сапасын арттырудағы тағы бір мәселе – бұл уақытты қажет етеді. Өйткені, инфрақұрылымды тез орналастыру әрдайым мүмкін емес, – деді ол.

Ауыл тұрғындарын алаңдатқан бұл мәселеден байланыс операторлары да хабардар. Сапасыз ұялы желінің бірнеше себептерін ортаға салған олар интернет жылдамдығының ең жоғары жүктеме сағаттарында айтарлықтай төмендейтіндігін айтады. Оған интернетті бір уақытта бірнеше адамның қатар пайдалануы себеп. Әсіресе, пандемия жағдайына байланысты интернет трафикті тұтыну екі есеге артқан. Мұндай жағдайда желінің сыйымдылығын кеңейту және базалық стансылардан жүктемені алып тастау қажеттілігі туады. Бұл жұмысты жаңа оқу жылына дейін Береке ауылында өткізу жоспарланған.

– Пандемея басталғалы бері бүкіл ел бойынша сапаны жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер Алматы облысын алатын болсақ, мұнда жұмыс тоқтаған жоқ. Ай сайын апгрейд жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бір жерде жаңа базалық стансылар орнатсақ, ал бір жерлерде кеңейтеміз. Облыс бойынша қазіргі уақытта 250 адамнан тұратын және одан асатын елді мекендерді мобильді желілермен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл міндеттемелерді 2022 жылдың соңына дейін жүргіземіз, – дейді «Мобайл телеком-сервис» ЖШС корпоративтік жауапкершілік және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі директоры Бексұлтан Мейірбеков.

Рысқұлов пен Береке ауылдарына арнайы келген шенеуніктер интернет пен телефон байланысы нашар қос ауылды аралап, жағдаймен толыққанды танысты. Сондай-ақ ауыл халқын алаңдатқан мәселенің алдағы оқу жылына дейін реттелетініне сендірді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы