БІЗГЕ ӨЗ ҰЛТЫМЫЗДАН БАСШЫ КЕРЕК! ЖЕЛТОҚСАН ЖАСТАРЫНЫҢ ҰРАНЫ

Уақыты: 23.12.2021
Оқылды: 1088
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сол бір дүрбелең болған 1986 жылдың желтоқсаны әлі көз алдымда. Ол кезде албырт жастық шақпен ештеңенің байыбына бара алмаппыз. Бүгінде сол күндерді көзімізден жас төгіп, еске аламыз.

Студент едік. Алматы облысының студенттеріне жатақхана берілмей, пәтер жалдап тұрдық. Алыс аймақтардан келгендерге жатақхана берілді. Сол күні Нұрсұлу, Гүлмира, Зинагүл, Мария деген қыздармен, ойымызда дым жоқ, сабаққа келдік. Келсек бәрінің көзінде үрей, мән-жайдың бәрін корпуста естідік. Бізді институттан шығармай қамап алды. Ал жатақханада тұратындар түнде естіп, бойында намысы бар қыз-жігіттерді жігерлендіріпті.

Сол тұста «Ленин көшесі» деп аталған, қазіргі «Достық» даңғылының бойымен жастар плакат, лозунгі ұстап, шеруге шығыпты. Сонда көтергендері: «Бізге өз ұлтымыздан басшы керек!» деген сөздер. Әлгі сөздерді оқыған әр қазақтың қаны ойнап шыға келетіні анық. Бірден ойға оралғаны: «Еліміз өзге ұлттың уысында кетіп қалмаса екен» деген сөз болды. Ара-тұра: «Қазақтың қара шаңырағындағы студенттер, шеруге шығыңдар!»  деген дауыстар естіліп жатты. Сол айқаймен өзіміз отырған Абай атындағы педагогикалық институттың бірінші қабатына қалай түскеніміз есімде жоқ. Өздерін әрең тежеп отырған біздің жігіттер, қарсылыққа қарамай әлгі топқа қосылды да кетті. Біз де ілестік. «Шықпаңдар! Қосылмаңдар! Үйлеріңе қайтыңдар!» – деген куратордың дауысын елемедік.

Қазақ жастарының батыр екенін сол кезде көрдім. Көздерінде жалындаған от, жүрегі қазақ деп соққан кілең жастардың шеруі көшеде жалғасты. Сол шерумен Қыздар педагогикалық институтының алдына келдік. Әскери қаруланған жігіттер, милиционерлер әй-шайға қарамай жігіттердерді төпелей бастады. Арасындағы қазақ милиционерлер: «Қыздар, қайтыңдар! Бұлар аямайды. Үйдегі ата-аналарыңды ойлаңдар!» – деп бізді қайтаруға тырысты. Пәтерімізге әрең жеттік. Жамбыл облысынан келген Нұрсұлу деген дос қызымызды таппай қалдық. Кейін оны АЗВИ-дің жігіттері құтқарып жібергені белгілі болды. Басы жарылыпты, пәтерде біраз күн емдедік.

Алматы облысының студенттерін үйлеріне қайтарды. Ауылға қайтар жолда әскери пост тұратын, сол жерде бізден түсінік алды. «Шеруге қатыспадық!» деп жазып бердім. Өйткені, «оқудан шығарып жібереді» деген ойдан қорықтық. Кейін сабаққа барғанда суретке түсіп қалған студенттерді іздеді. Нұрсұлу деген қызымыз автобусқа мінген сайын: «Алдыңғы шепте жүріп едім» – деп қорқып, жалдап жатқан пәтерімізге жетпей түсіп қалатын. Соған ілесіп кейде жаяу келген күндеріміз болды. Сондағы сықырлаған аязды елестетсем, өне бойым мұздап сала береді.

Біраз студент оқудан шығарылды. Фамилиясы есімде жоқ, жезқазғандық Құрманғазы деген жігіт те оқудан шығып қалды. Қазір мұғаліммін. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерін, қыз-жігіттердің ерліктерін оқушыларыма айтып отырамын. Олар қызығып тыңдайды. Көк тудың желбіреп тұрғанын көргенде сол жылдардағы қыршын кеткен боздақтардың жалындаған жанары көз алдыма келеді.
 

Алмагүл МАЛЫБАЕВА,

Рахат орта мектебінің мұғалімі

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы