ЖОЛ АПАТЫНАН 51 АДАМ ҚАЗА ТАПҚАН. ПОЛИЦИЯ ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Уақыты: 29.12.2021
Оқылды: 1065
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының жол сақшылары уақыт талабына сәйкес көлік жүргізушілеріне үндеу жасады. Полицейлердің үндеуі жол қауіпсіздігін сақтауға шақырумен қатар осы мақсатта атқарылған шаралар және жол-көлік оқиғаларының саны туралы мәліметтерді қамтыған.

- Біз үндеу жасап, жүргізушілерді жол жүру ережесін қатаң сақтауға шақырдық. Мезгіл ерекшелігін ескере отырып, қауіпсіздік шараларын естен шығармаған абзал. Өйткені, қара жол қателіктерді кешірмейді, - деді Алматы облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі, полиция майоры Нұржан Өстеміров.

Рота командирінің ақпаратына сәйкес, облыстық патрульдік полиция ротасы қызмет атқаратын республикалық маңызы бар жол учаскелерінде жыл басынан бері 131 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 51 адам қаза тапқан. 250-ден астам жолаушы әртүрлі дене жарақатын алған. Жол сақшылары жол ережесін сақтамаған 50 мыңға жуық жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырған. Тексеру барысында 140 жүргізушінің масаң күйде көлік тізгіндегені анықталған.

- Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жол» және «Құқықтық тәртіп» сияқты жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, республикалық жолдарда арнайы рейдтер өткізілді. Жұмыс сапасын арттыру мақсатында жол сақшылары қызметтік көліктермен қамтамасыз етілді, - деп толықтырды полиция майоры Нұржан Өстеміров. Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті жол учаскелерінде жасанды жол кедергілерін жасады. Жаяу жүргінші өткелдері маңына жарық тартылып, түрлі түсті жарық сигналдарын беретін құрылғылар орнатылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"