ТАЛДЫҚОРҒАНДА АНТИТЕРРОРЛЫҚ ОПЕРАЦИЯНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 10.01.2022
Оқылды: 980
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Өздеріңізге белгілі, Алматы облысының аумағында террористік топтарды жоюға бағытталған терроризмге қарсы операция жүріп жатыр.

Бүгінде арнайы операцияның бірінші кезеңі аяқталды. Қазір терроризмге қарсы операция жалғасуда. Сол сияқты ел Президентінің Жарлығына сәйкес облыс аумағында сағат 20.00-ден 7.00-ге дейін шектеу енгізілді. Осыған байланысты қала және облыс аумағында жүру кезінде тұрғындардың жеке куәліктері болуы міндетті.

Төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Талдықорған қаласына кіріп-шығатын жолдарға әскери блок-бекеттер қойылған. Ары-бері жүру шектелген. Автокөліктер мен азаматтарды тексеру жүргізіліп жатыр. Автокөлік иелері жол жүру кезінде автокөлік құралын жүргізу куәландыратын құжатты алып жүруі тиіс. Тіркеу нөмірі жоқ автокөліктерге қару қолдануға дейін қатаң шара қолданылады.

Азаматтардың қауіпсіздігі мен мүліктерін қорғау мақсатында барлық тиісті шаралар қабылдануда. Қазіргі кезде жағдай бақылауда. Бірінші кезектегі қажетті нысандардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тұрғындардан жағдайға түсіністікпен қарап, тыныштық сақтап, үйден себепсіз шықпауларын сұраймын.

Облыс аумағында террористік қауіптің қызыл деңгейі енгізілді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған жағдайда қару қолданылатынын ескертеміз.

Серік КҮДЕБАЕВ,

Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы, облыс коменданты