ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҮКІМЕТ БАСШЫСЫН АУЫСТЫРУЫ ДА КӨРЕГЕНДІКТІҢ БІР КӨРІНІСІ

Уақыты: 11.01.2022
Оқылды: 1070
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халқымызда «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген нақыл сөз бар. Тарихта қазақ халқының басынан сан қиындық өтті. Елдігі сынға түскен сондай сәттерде халқына қорған болып, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмылуға жол бастаған ел басшылары болды. Өткен бірнеше күндегі қиын жағдайда қазақстандықтардың сенімінен шығып, басқа түскен ауыртпалықты сейілткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты елінің болашағына, тәуелсіздіктің тұғырлы болуына жол ашқан мықты Президент ретінде жоғары бағалаймын.

Міне, бүгін көптің көңілі толқып тұрғанда елдің кемел келешегіне жол нұсқап, бағыт-бағдар беретін жаңа Үкімет құрамын жасақтап, ертеңгі күнге деген үміт пен арманды тағы бір үкіледі.

Расында, екі жылдан бергі індетпен күрес бүкіл әлемнің әкономикалық жағдайын тұралатып тастады. Бұл жағдай елімізден де айналып өткен жоқ. Оның үстіне жақын күндері орын алған дүрбелең де үлкен шығын әкелді. Сондықтан жаңа Үкімет құрамына елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартатын, Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын батыл орындай алатын, реформасын қолдайтын азаматтардан жасақталса екен дедік. Мемлекет басшысы бұл тұрғыдан да жаңылған жоқ. Бүгін өткен  ҚР Парламенті мәжілісінің отырысында ҚР Премьер-Министрлігіне Әлихан Смайловтың кандидатурасын ұсынғаны да көрегендіктің бір көрінісі.

Әлихан Асханұлы Тәуелсіз Қазақстан тарихында өсіп, жетілген кадір. Оның мемлекетшілдік көзқарасы, білім-білігі, басып өткен қызмет барысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыру үшін жаңа леп әкелетініне сенімдіміз. Өйткені, Әлихан Асханұлы мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен әрі сол барыста көптің көңілінен шығатын көптеген игілікті істердің бастамашысы болған азамат екендігін білеміз. Оның мол тәжірибесі мен біліктілі еліміз  дөп келген қиын жағдайда ел үшін елеулі еңбектер атқаруына демеу болатыны да анық. Сондықтан ақсақалдар қауымы Президенттің таңдауын қолдай отырып, жаңа Премьер-Министрдің өзіне жүктелген азаматтық міндетін абыроймен атқарады деп ойлаймыз.

Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде алдағы уақытта атқарылатын әлеуметтік-экономикалық реформаларды да таныстырды. Мұның ішіндегі экономиканы тұрақтандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қөші-қонды жандандыру, эспорт пен импортты өркендету, тау-кен өнеркәсібіне қан жүгірту, шикізат қорының тиімділігін арттыру, инвестиция тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржы нарығын реттеу, орта және шағын бизнесті дамыту, жастар тәрбиесі, білім берудің жаңа жүйесі, экстремизммен күрес,  тағы да басқа тапсырмасы көңілден шықты. Сондай-ақ, жастарды патриоттыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің бағыт-бағдарын да ұсынды. Қиын күнде ұйыса білген Қазақстан халқына ризашылығын да білдірді. Бұл елімізді өркендетіп, әлеуметтің әлеуетін көтеріп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін батыл қадамдар. Ал Президенттің осы тапсырмаларын жан-тәнімен атқару жаңа Үкіметтің иығына артылған міндет. Бұл міндеттердің де нәтижелі орындалатынына сеніміміз мол.

Оралбек ЖАҚИЯНОВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері