ТАЛДЫҚОРҒАНДА САУДА ҮЙЛЕРІ АШЫЛДЫ, БІРАҚ ІШІМДІК САТУҒА РҰҚСАТ ЖОҚ

Уақыты: 12.01.2022
Оқылды: 990
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласы қалыпты жағдайға түсіп келеді. Енгізілген коменданттық сағаттың ережесіне сай қала тұрғындары күндіз еркін жүруіне мүмкіндік бар. Бұған дейін әлеуметтік нысандар елдегі жағдайға байланысты уақытша жұмысын тоқтатқан болатын. Міне, кешелі бері аталған нысандар штаттық режимде өз жұмысын бастады.

Журналистік тапсырма бойынша Талдықорған қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын өз көзімізбен көріп, жағдайды біліп қайттық. Бүгінгі таңда үлкен сауда орындары ашылып, жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мәселен «Тоймарт» сауда орталығы сағат таңғы 9-00-ден кешкі 18-00-ге дейін қалтықсыз халыққа қызмет көрсетеді. Онда барлық азық-түлік бар, олардың қоры жеткілікті. Дүкен қызметкерлері келушілерді тәртіпке байланысты кезегімен кіргізіп, дүкен ішінде тұтынушылардың топтаспауын қадағалап тұр.

Сауда орындарының барлығының алдына құқық қорғау қызметкерлеріның күзеті қойылып, қауіпсіздікті бақылауда. «СМОЛЛ» сауда үйінде де дәл осындай жағдай. Тұрғындарға керекті барлық азық-түлік, басқа да қажетті заттар қоры жеткілікті.

«Дәулет» сауда үйі мен алдында орналасқан базар да өз жұмысын бастады. Базардың жұмысы сағат 9-00-ден кешкі сағат 16-00-ге дейін. Онда да көкеністер, ауылшаруашылық өнімдері еркін саудаланып, тұтынушылар керектілерін алып жатыр. Елде енгізілген тәртіпке орай ешбір дүкенде спирттік ішімдікті сатуға рұқсат жоқ.

Сондықтан, қала тұрғындарының алаңдауына еш негіз жоқ. Ең бастысы, сабыр сақтап, алып-қашпа әңгімеге құлақ аспауды сұраймыз. Бір ғана азық-түлік дүкендері ғана емес, басқа да әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен өз жұмысын бастап жатыр.

Мәселен, көліктің құрал-саймандарын сататын дүкендер де өз жұмысына кірісті. Бұдан бөлек, жанар-жағармай бекеттері қалтықсыз қызмет көрсетуде. Баға да тұрақты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сұйық отын мен азық-түлік бағасы да орнықты. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы