СЫРТТАН КІРГІЗІЛГЕН БІТІМГЕРЛІК КҮШ 10 КҮН ІШІНДЕ ТОЛЫҚТАЙ ҚАЙТАДЫ

Уақыты: 13.01.2022
Оқылды: 1072
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қазақстаннан бітімгерлерді шығаруды бастайды.

«Ұйымның Бас хатшысы Станислав Зась 10 күн ішінде ұйым контингенті Қазақстаннан түгелдей кететінін мәлім етті. Бітімгерлердің жалпы саны - 2500 адам», - делінген "Қазақпаратқа" берілген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жұмысына ерекше тоқталып өткен еді.

- Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан – оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету. Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ, - деген болатын Президент.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"