АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ 15 АДАМ КӨЗ ЖҰМҒАН

Уақыты: 15.01.2022
Оқылды: 1281
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті Алматы облысының тұрғындары, жерлестер! Алматы облысында бүгінгі күні жағдай тұрақты және бақылауда. Жағдайдың жақсаруына байланысты сағат 20.00-ден автокөлік пен жеке адамдардың қозғалысына енгізілген шектеу алынып тасталды. Бірақ төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген коменданттық сағат 23.00-ден таңғы сағат 7.00-ге дейінгі шектеулер сақталады.

Осыған орай көрсетілген уақытта мүмкіндігінше үйде отыруларыңызды сұраймын. Қалыптасқан жағдайға түсінікпен қарауларыңызды өтінемін.

Құқық тәртібін және облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысының полиция департаменті мынадай жұмыстарды атқаруда: облыс бойынша 82 блокбекет қойылды. Олардың 62-сі қалалар мен аудан орталықтарына кіретін және шығатын жолдарында және 20 бекет Талдықорған қаласының ішінде орналасқан.

Блокбекеттерде 724 полиция қызметкері мен 560 әскери қызметші қызмет атқаруда. Облыс бойынша 117 автопатруль үздіксіз патрульдік қызмет атқаруда, олардың 35-і облыс орталығында. Қала тыныштығын күндізгі уақытта 20 жасақ жаяу патрулі күзетуде. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Талдықорған қаласындағы азық-түлік және халыққа қажетті басқа да тауарлар сатылатын ірі сауда орталықтарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.

Тәртіпсіздік, дүние-мүлікті қирату және мародерлікке қатысқан азаматтарды анықтау мен жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда. Соңғы мәліметке сәйкес, облыс аумағындағы медициналық мекемелерге әртүрлі дене жарақатымен 33 азамат түскен. Оның 12-сі Алматы қаласында орын алған тәртіпсіздік барысында жарақат алған. Күштік құрылымдардың 34 қызметкері жарақаттанды. Төтенше жағдай кезінде 15 адам қаза тапты. Оның 5-еуі полиция қызметкері және күш құрылымдарының әскери қызметшілері.

Барлық деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, оның бірқатары әскери-тергеу басқармасы тарапынан тергелуде. Бүгінге төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзуға байланысты құқықбұзушылықтар бойынша 102 қылмыстық іс қозғалды. Уақытша ұстау изоляторына 90 адам қамалды. Қылмыскерлерден 100-ден астам әртүрлі қару-жарақ алынды. Сонымен қатар, мародерлік кезінде жымқырылған 53 ұялы телефон, 7 телевизор, 4 тігін машинасы, басқа да техника мен спирттік ішімдіктер тәркіленді.

Құрметті жерлестер! Талдықорған қаласында тәртіп орнату – бәріміздің ортақ ісіміз. Менің сіздерден тағы бір сұрарым – егер сіздерге тәртіпсіздікке және мародерлікке қатысқан адамдар жайлы мәліметтер белгілі болса, ақпаратты Алматы облысының полиция департаментіне жіберулеріңізді сұраймын. Жалпы, жаңа айтып өткенімдей, облыс аумағында жағдай тұрақты және бақылауда. Қылмыскерлер мен қылмысты ұйымдастырушыларды анықтауға бағытталған барлық қажетті жұмыс жалғасуда.

Серік КҮДЕБАЕВ,

Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы, облыс коменданты