АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕРРОРЛЫҚ ҚАУІПТІҢ ҚЫЗЫЛ ДЕҢГЕЙІ САҚТАЛЫП ТҰР

Уақыты: 16.01.2022
Оқылды: 1173
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздің екі облысында және бір қаласында террористік қауіптің «қызыл» деңгейі сақталып тұр. Екі облыстың біреуі - Алматы облысы. Бұл туралы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» №611 Жарлығының талаптарына сәйкес, терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық және қалалық жедел штаб басшыларының шешімімен 2022 жылғы 13 қаңтардан бастап еліміздің келесі өңірлерінде террористік қауіптіліктің орташа («сары») деңгейі белгіленді: Солтүстік Қазақстан облысында және Қарағанды облысының Балқаш қаласында 14 тәулік мерзімге; Павлодар облысында 10 тәулікке; Ақмола облысында ерекше өкімге дейін.

2022 жылғы 14 қаңтардан бастап Батыс Қазақстан облысында террористік қауіптіліктің орташа «сары» деңгейі 14 тәулікке енгізілді. Террористік қауіптіліктің жоғары «қызғылт сары» деңгейі 13 қаңтардан бастап Нұр-Сұлтан қаласында және 14 қаңтардан бастап Шымкент қаласында 14 тәулік мерзімге енгізілді. Аса жоғары «қызыл» деңгей Жамбыл, Алматы облыстарында және Алматы қаласында сақталуда. Аталған өңірлерде терроризмге қарсы операция жалғасуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"