БІЗГЕ ҚОҒАМДЫҚ ШАРТТЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ ҚАЖЕТ. ПРЕЗИДЕНТ СӨЗІНЕ ҮНҚОСУ

Уақыты: 17.01.2022
Оқылды: 1136
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Егеменді ел болу үшін, ең алдымен, Қазақстандағы әрбір адам тәуелсіздіктің қан мен тердің, тар жол, тайғақ кешудің арқасында қол жеткізген құндылығымыз әрі асыл мұрамыз екендігін жете түсінуі қажет.

Өз алдына жеке ұлт болып, әлем елдері жүйесінде дербес мемлекетке айналу міндеті халқымыз үшін оңайға түспегені белгілі. Байырғы замандардан бері қазақ даласының әр қырын ата-бабаларымыз жау көзінен «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап», асқақ абыроймен және нық сеніммен өскелең ұрпаққа аманат етті.

ХХІ ғасыр адамзат өркениетінің дамыған, ал әлемнің жаһандану кезеңі екендігі баршамызға мәлім. Алайда кей кездерде мемлекет арасында ішінара қарама-қайшылықтар мен өзара қақтығыстар туындап жататындығын да ескергеніміз жөн. Менің ойымша, дәл осындай сәтте еліміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күш біріктіруі керек.

2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республика көлеміндегі экономиканың және әлеуметтік-құқықтық салалардың даму деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін бірқатар міндеттерді және осы жыл ағымында орындалуы тиіс тапсырмаларды атап өтті. Ендігі кезекте халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік  тұрғаны белгілі, біз ел болып, біріге отырып, мойнымызға жүктелген міндеттерді орындау арқылы ғана биік белестерді бағындырып, мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлесімізді қоса аламыз.

Президентіміздің мәлімдеуінше, бізге берілген міндеттердің әрқайсысы демократиялық жүйенің институттарын және мемлекеттік билік органдарының қызметін жақсартуға арналған.

Егемен Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 2022 жылғы қыркүйекте халыққа жыл сайынғы өткізетін Жолдауында саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынуға уәде беріп, елде мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастарды трансформациялауқажеттігін арттыруға шешім қабылдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының өркендеуі үшін "қоғамдық шарттың жаңа форматы" қажет екендігін ашық айтты.

Өз басым, Президентіміздің алдыға қойған міндеттері мен тапсырмаларын және саяси реформаларды өзгертуге қосқан тұжырымдамасын көрегендік пен сындарлы саясаткерліктің белгісі ретінде қабылдаймын.

Мемлекет басшысы өз сөзінде базалық функцияларын толыққанды және сапалы орындауды қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқық тәртібінің сақталуына, меншіктердің қорғалуы мен азаматтар құқықтарының қауіпсіздігіне кепілдік беруі, әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерді сапалы түрде жақсартуға баса назар аударды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік пен азаматтар туралы заңнамалар қоғамдық тәртіп нормаларының сақталуына, еңбек қатынастарының өрбуіне және салықтарды әділ төлеуге септігін тигізетін ереже екендігін жариялады.

Мен осы тұста бұл ереже қазақстандықтардың кәсіпкерлік қызметін дамытып, қоғамдық бірлестікке деген ауызбіршілігін тудырады деген пікір білдіргім келеді. Қазақстан Республикасында елдің егемендігін көрсететін негізгі Конституциялық Заңның 91-бабы, мемлекет тәуелсіздігінің, біртұтастығы мен аумақтық құрылымының өзгермейтіндігі, басқару нысаны туралы ережелер жиынтығын қамтиды.

Тәуелсіздік – егемен елдің негізгі тірегі, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы мен қайсар рухының жемісі, ендеше, асыл жақұтымызды, құнды жәдігерімізді қастерлеп-қадірлеу, Отан алдындағы барша қазақстандықтың ең басты парызы әрі борышы деп есептеймін.

Н.КАЛИШЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті,

заң ғылымдарының докторы

Д.СЕРІКҚАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық құқық кафедрасының 4-курс студенті